
Бар мейірім мен жылулықтың, тәлім мен тәрбиенің қайнар көзі – отбасы. Отбасылардың әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани әлеуеті жиынтықтала келе тұтас қоғамның келбетін көрсетеді. Сондықтан, өнегесі мол, өсіп-өніп, тамырын тереңнен тартқан әулеттерді көпке үлгі етудің, отбасылық ұстанымын, ұлағатын, ұрпаққа сабақ болар өмір өрнегін паш етудің маңызы зор. Осындай қазыналы, қабырғалы әулеттердің бірі – Керейбаевтар отбасы, tinfo.kz хабарлайды
Сазгерлікке құлаш ұрып, көш басында тұрған Мэлс Рамазанұлы қазір 350-ге тарта ән мен күйдің, «Сәбиім – ән-күйім», «Отан – біздің әніміз», «Ән шырқа, жас ұлан», «Сағынам, туған мекенім» ән жинақтарының, «Толқиды Ақсу» кітабының авторы. Оқу-ағарту ісінің үздік қызметкері, ҚР мәдениет саласының үздігі атанған ол Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Текелі қаласының Құрметті азаматы.
Бүгін қаламыздағы 1035 сайлау учаскесінде Керейбаевтар отбасы өз таңдауларын жасап дауыс берді.
Мэлс Рамазанұлының түтінін түтетіп отырған Алтынай Дәулетбекқызы да ардагер ұстаз. Балалар шығармашылығы орталығында әлі күнге дейін балаларды домбыра тартуға баулып жүр. Әке жолын қуған ұрпағы да өнерден алыс кетпей, барлығы ұстаздық жолды таңдады. Әуен, Дәурен, Мұхтар, Құралай, Қуаныш, Қайрат бала-шағаларымен жинала қалса, рухани әңгіме өрбиді, кішігірім концерт өтеді. Осының бәріне тәубе айтып, төрде отырған Мэлс ата мен Алтынай әже бүгінде 16 немере, 3 шөбере және екі жиен немере мен жиеншарының тілеуін тілеп, ұрпақ аман, заман тыныш болсын дейді.