ӘЛЕУМЕТ

ЕГІН ЕККЕННІҢ ЕҢБЕГІ АҚТАЛАДЫ

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 04.05.2018
Оқылды: 633 Печать страницы
ЕГІН ЕККЕННІҢ ЕҢБЕГІ АҚТАЛАДЫ

Қант қызылшасы – Жетісу өлкесінің төл дақылы. Республика бойынша өндірілетін тәтті түбірдің едәуір көлемі біздің облысқа тиесілі. Бұл ретте елімізде тәтті түбір ең алғаш рет Талдықорған өңірінде өсірілгенін айта кету керек.
Ауданымыздың шаруашылық субъектілері қант қызылшасының тұқымын себуді жалғастыруда. Биыл аудан диқандары 2 мыңға жуық гектарға тәтті түбір егуді жоспарлап отыр. Оған күн райы да қарайласып тұр дейді, алқаптарды аралаған аудан әкімі Алмас Қабдулұлы. Қазіргі таңда «Балпық», «Қыдырәлі» және «Қайнар-Көксу» сынды ірі шаруашылықтар қант қызылшасын себу жұмыстарын толығымен аяқтады. Аудан бойынша жалпы бүгінгі күнге дейін 1880 га жерге қант қызылшасы себілді. Өнімді өндіруге дейінгі тұқым алу, арзандатылған бағамен жанар-жағармай алу, техникамен қамту, қызылша себу мен оны күтіп-баптап, өнімді зауытқа өткізуге дейінгі жұмыстар үнемі бақылауда болады. Жалпы Алматы облысында өткен жылы қант қызылшасының алқабы 9 мың гектарға жеткізіліп, 363 мың тонна өнім жиналды, одан 31 мың тонна таза қант өндірілді.
Сәуір айының жиырма сегізі күні аудан әкімі Алмас Қабдулұлы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Кеңдала» шаруа қожалығына барып, қант қызылшасын себу науқаны жұмыстарын көріп қайтты. Қант қызылшасы – бабы мен күтімі келіссе мол өнім беретін өсімтал дақыл. Мұны қызылша өсіруден мол тәжірибе жинақтаған «Кеңдала» шаруа қожалығының ұжымы жақсы біледі. Бұл шаруашылықтың егіс алқабында 18 дана техника жұмыс жасауда. Ондағы жұмыс барысымен таныстырған шаруа қожалығының төрағасы Қалибек Алпысбаев алдыңғы жылдары 125 га жерге қант қызылшасын ексе, биыл 160 га көбейтіп, молырақ өнім алуды жоспарлап отырғанын айтты. Қазіргі таңда шаруашылықта 20 адам жұмыс істейді. Науқан кезінде жұмысшылар саны қосымша 50-60 адамға көбейеді. Сонымен қатар өнімнің өсуі тікелей техникаға да байланысты. Төрағаның айтуынша, қазір баяғыдай қолмен істейтін жұмыс азайған. Бәрін техника атқарады. Оның сыртында арамшөптермен күресетін арнайы гербицидтер бар. Нақтырақ айтып өтсек, «Кеңдала» шаруа қожалығы «August» фирмасымен жұмыс жасайды. Дәріні қай мезгілде, қай уақытта қолдану керектігін осы фирманың кеңесі арқылы жүзеге асырады. Сондай-ақ, қолдану мөлшеріне де осы «August» фирмасы жауапты. Науқан жұмыстары басталған сәттен, егінді жинау уақытына дейін фирма жұмысын тоқтатпайды. Оның басқа фирмалардан басты айырмашылығы да осында. Айта кетейік, шаруашылықтың еңбегін облыс басшылары да құптап отыр.

Әлия ИМАНЖАНОВА.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.