Бүгінде төрткүл дүниені толғандырып, бүкіл әлемнің назарын аударып отырған басты мәселенің бірі – жең ұшынан жалғасқан жемқорлық екені белгілі. Адамзат қауымы көне дәуірден бері арыла алмай келе жатқан бұл жағымсыз құбылыстың қоғамға тигізер қаупі қай кезеңде де қомақты болған. Көп ғасырлық күрделі шежіреге ой жүгіртсек, осы індеттің кесірінен көптеген айбынды хандықтар мен алып мемлекеттердің іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқалған. Бектері азып, бірлігі тозып, бейбіт қоғамының берекесі қашқан. Бұл әрине, біз үшін өткен заманнан жеткен тарихтың ащы сабағы болуы тиіс.
«Билігі мықты елдің – тірлігі құтты болады», - дейді бабалар нақылы. Осынау ұлы қағиданы қашан да қаперінде мықты ұстаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген басшылығының арқасында егемендіктің алғашқы күнінен бастап елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясаты жолға қойылып, жүйелі түрде жүргізіліп, жүзеге асып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған мемлекеттік саясаттың аясында ауқымды жұмыстар атқарылып, осы салада көптеген оң өзгерістер орын алды. Нәтижесінде бюджеттің ақшасын атасынан мұраланған меншікті мүлкіндей мейлінше шашқан, қисапсыз жымқырып қалтасына басқан мыңдаған шендінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, қолды болған миллиардтаған қаржы мемлекетке қайтарылды. Президентіміз «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында бұл бағытта жүргізілген жұмыстар бойынша жеткен жетістіктер мен нақты көрсеткіштерге тоқталып өткен болатын. Сонымен қатар, «Заңының найзасы майысқақ мемлекеттің іргетасы бекем болмайды», - демекші, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында заң үстемдігін нығайту арқылы еліміздегі жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күресті одан әрі күшейтуді жүктеді.Осыған сәйкес, жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және қоғамда сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, азаматтарды жедел қабылдау мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен «Адал жол» жобасы іске асырылуда.
Аталған жоба аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен 2018 жылғы 6 сәуірде Талдықорған қаласында «Адал жол - Честный путь» жемқорлыққа қарсы марафоны басталды. Іс-шара барысында Департамент тарапынан арнайы құрастырылған «Адал жол - Честный путь» кітабы мен марафон байрағын Алакөл ауданына салтанатты түрде табыс еттік. Алдағы уақытта кітап мазмұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы әр өңірде өткен іс-шаралармен, сондай-ақ, фотоесеп және қысқаша ақпаратпен толығатын болады. Атап айтқанда, марафонға қатысушы аудан, қалалар өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында байқау, семинар, пікірсайыс, Жайдарман ойындары, флешмоб, автошеру сияқты әртүрлі қоғамдық іс-шаралар өткізіп, кітап пен марафон байрағын келесі өңірге салтанатты түрде табыс етулері қажет. Қазіргі уақытта марафон Алматы облысының әр ауданында жалғасын табуда. Атап айтсақ, 12-сәуір күні Алакөл ауданында 2000 адамның қатысуымен іс-шара ұйымдастырылып, аталған кітап пен марафон байрағы салтанатты түрде Сарқан ауданына табысталды. Шараға жиналғандар Алакөл ауданына қарасты Үшарал қазақ гимназиясындағы «Адал Ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының өнерін тамашалады. Сондай-ақ, Алакөл аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Достық қырандары» ЖҚБ-нің ұйымдастыруымен «Адал ұрпақ» жастар флэшмобы қойылды. Флешмобқа 300-ден астам аудан жастары жұмылдырылып, «Парасыз болашаққа бірге!» композициясы орындалды. Бүгінгі күні жоба аясында аудан, қала мектептерінде «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары қойылымдар әзірлеп, қысқаша бейнероликтер түріндегі эстафетаны әлеуметтік желілер арқылы бір-біріне жолдауда. Бұл ретте жобаға белсене атсалысып отырған Қапшағай және Сарқан қалаларының мектеп оқушыларын ерекше атап өтуге болады. Сонымен бірге, қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру аясында мектептерде жастардың рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбие контекстінде «Адал ұрпақ» клубтары ашылып, жұмыс істеп келеді. Қазірге дейін аталаған клубтардың құрамы 170 мың оқушыны қамтып отыр.
Сондай-ақ, «Адал жол» жобасы аясында Талдықорған қаласында облысқа қарасты барлық аудан, қалаларды қамтитын «Парасыз болашаққа. Бірге!» атты жемқорлыққа қарсы мобильді топтардың форумы өтті. Форумға қатысқан мобильді топтардың мақсаты – шалғай елді мекендерге барып, жергілікті тұрғындарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыру, оларға көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін алу жолдарын түсіндіру және шешімін таппаған түйткілді мәселелер бойынша қарапайым халықты қабылдап, құқықтық сауаттылығын арттыру болып табылады.
2017 жылы мобильді топ облыс аумағындағы 400-ден астам еңбек ұжымымен кездесіп, жалпы 72 мыңнан астам адамды қамтыды. Форум барысында, жақсы нәтиже көрсеткен аудан, қалалардың мобильді топтары Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ, облыс орталығы Талдықорған қаласының көшелерімен халық арасында танымал болған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтардың арнайы безендірілген 22 автокөліктері автошеру ұйымдастырды.Өткен жылдың қорытынды бағалауы бойынша, бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесінде біздің облысымыз республика көлемінде бірінші орынға ие болды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»,- дейді дана халқымыз. Әрине, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтардың мүшесі ретінде жұмыс барысында белсенді атсалысып, жүйелі түрде ақпараттық-насихаттық шараларды өткізіп, тұрғындардың құқықтық білімін арттыруға өзіндік үлесін қосқан «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан халқы ассамблеясы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Азаматтық альянсы, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, блогерлер, жергілікті мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері, халыққа қызмет көрсету орталығы мен мемлекеттік қызметшілердің жемқорлыққа қарсы күресте бірлесіп атқарған жұмыстарының оң нәтижесі екені даусыз.
«Адал жол - Честный путь» марафоны 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне орай өз мәресіне жететін болады. Осы жүргізілген жұмыстарға байланысты Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жобасы аясында өтіп жатқан «Адал жол - Честный путь» марафонының бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда үлкен рөл атқаратын бірегей жоба екені дәлелденіп отыр.
Серікбай НҰРҒИСАЕВ,
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері
және сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл агенттігінің
Алматы облысы бойынша
департаментінің басшысы.