
Жуырда Алматы облыстық әкімі аппаратының ұйымдастыру инспекторы бөлімінің бас инспекторы Айжан Оралбекова ауданға келіп, мекеме, бөлім басшыларымен жиналыс өткізіп, ауданның бірнеше құрылыс нысандарын аралады.
Ең алдымен ауданның кіші мәжіліс залында мекеме,бөлім басшыларымен басқосқан Айжан Тұрсынқызы олардың жұмыс жоспарымен танысты. Облыстан арнайы келген бас инспектор өзінің ауданға келгендегі негізгі мақсаты проблемалық мәселелердің шешімін қарастырып, облыстық басшыларға жеткізу екенін айтты. Ал, жиналған бірнеше бөлім басшылары өз салаларының күрделі мәселелерін жеткізді. Олардың қатарында ауданның жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мәди Карбаев Алматы-Өскемен республикалық трассаның ауданға қарасты бөлігінің құрылысын қозғады. 2013 жылы басталған аталмыш жолдың құрылысы әлі күнге дейін бітпеген, бұған қоса, құрылысқа жауапты компания басшылығы жоспар бойынша былтырғы жылы аяқталуы тиіс болатын. Осылайша, Мәди Мырзатайұлы 5 жылға созылған республикалық жолдың жырын айтса, аудандық білім бөлімінің басшысы Тлеумұрат Тұрғанбаев 25 мектептің арасында бірнеше мектептерге жөндеу жұмыстарының жүргізілу керектігін жеткізіп, жаңа мектепті қажет ететін ауылдарды атады. Аудандық аурухананың директоры Марат Абдығалымов та проблемалық жайттарды қозғап, ескірген фельдшерлік амбулаториялық пункттерді атап, дәрігер жетіспеушілігінің негізгі себебін де жеткізді. Бас дәрігердің айтуынша, ауданға басқа қалалардан білікті дәрігерлер келеді, өкініштісі баспана мәселесінің қиындығы мен дәрігерлердің тұрақтамайтындығы айтылды.
Әр саладағы қарастыруды қажет ететін мәселелермен танысқан Айжан Тұрсынқызы мүмкіндігінше облыстық басшыларға жеткізетіндігін айтып, бөлім басшыларының жұмыстарына сәттілік тіледі.
Басқосудан кейін, облыстық бас инспектор жөндеу жұмыстарын қажет ететін нысандарды аралады. Солардың бірі ескі емхана мекемесі. Мұнда қазіргі уақытта ауданның бірнеше бөлімдері орналасып, өз жұмыстарын атқаруда. Ал, 10 жылдан бері бір мекеменің ішінде халыққа қызмет көрсетіп отырған орталықтың қызметкерлері ғимараттарының тарлығын айтты. Жылдан жылға қызмет көрсетудің түрлері артып келеді, соған байланысты келетін халықтың да қарасы көптігін айтқан орталықтың қызметкерлері іші кең мекеме болса деген тілектерін айтты. Дәл осындай проблема Мұсабек ауылдық округінің әкімшілігінде де орын алған. Ескі үйді әкімшілік жасаған округтің мамандары қыста суық, жаңбыр жауса төбеден су ағып, едендері тесілген сияқты проблемалардан шаршаған округ мамандары жаңа ғимаратқа қол жеткізу басты армандары екенін жеткізді. Білім ошақтарына келетін болсақ, бірнеше жылдар ішінде ауданда көптеген балабақшалар салынып, біразы күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті. Сол сияқты бірнеше ауылдарда жаңа мектептер бой көтеріп, оқушылар мен ұстаздарды қуанышқа бөледі. Десек те, әлі де болса ауданда ескірген, жаңа мектепті қажет ететін ауылдар кездеседі. Солардың бірі Еңбекші округі Бесқайнар ауылының білім ошағы, күрделі жөндеу жұмысы жасалса да ескі ғимараттың аты ескі екенін айтқан мектеп директоры Гүлден Тұрсынахметова жаңбырлы күні төбеден су тамшылағанда шелек қоятынын, қанша әктеп-сырласақ та көрінбейтінін айтты. Сонымен қатар, бұл мектептің оқушылары үлкен спорт залда шынығуды, мәдениет залында ән айтуды және асханада ыстық тамақ ішуді армандайтындарын жеткізді.
Бұдан бөлек, Айжан Тұрсынқызы әр жексенбі сайын өтетін мал базарын, республикалық трассаны, Ақшатоған ауылының мектебі мен акушерлік пункттеріне табан тіреді және аудан орталығындағы стадионның құрылысымен де танысып өтті.
Жадыра ЕРМҰХАНОВА.