ӘЛЕУМЕТ

Парламент депутаты келді

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 30.03.2018
Оқылды: 669 Печать страницы
Парламент депутаты келді

Өткен аптаның жұмасында ауданға ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Асылбек Смағұлов ауданға келіп, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Жиынға аудандық «Нұр Отан» партиясы Көксу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәлік Бейсенов, аудан әкімінің орынбасары Дәулет Халелов қатысты. Балпық би ауылындағы Б.Құндақбаева атындағы №1 орта мектепте, Теректі ауылындағы уызмай зауытында және Теректі ауылындағы ФАП-та халықпен кездесу өткізген депутат Елбасының жақында жарияланған «Бес әлеуметтік бастама» жайында нақтырақ тоқталып, түсіндіріп өтті. -«Біздің Ата Заңымызда бірінші бапта Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деген сөздер бар. Елбасымыздың бүгінгі сөзі сол қағиданың тамаша дәлелі. Президент «Бес әлеуметтік бастаманы» жария етті, оның әрқайсысы біздің халқымыз үшін үлкен берекенің бастауы. Баспананың қолжетімді болуы, жастарға жатақхананың салынуы, жұмыскерлер жалақысының өсуі, кәсіп ашқысы келетіндерге қаржылай көмектің берілуі - бұның барлығы әлеуметтің әлеуетін артыратын игі жобалар.
Тұрғын үйге қолжетімділік деген өте тамаша шешім. Осы орайда «7-20-25» бағдарламасы ипотекалық несиенің жылдық мөлшерін 7 пайыздан асырмайтын талапты ескеріп отыр», - деді Асылбек Айжарықұлы. Сонымен қатар ол 2018-2019 оқу жылында студенттерге арналған қосымша гранттың өзі адам капиталы саласына елеулі серпін беретінін атап өтті. «Білім алуға қолжетімділікті арттыру бағытында ел үшін жақсы жаңалық жария етілді. Қазіргі 54 мың гранттың үстіне 20 мың грант қосылғалы отыр», - деді депутат. Үндеуде айтылған бастамаларға жеке-жеке түсінік беріп өткен Асылбек Смағұлов тұрғындардың да сауалдарын тыңдап, өтініш, талап-тілектерін өзіне түртіп алып отырды. Тұрғындар тарапынан Салтанат Қойшыбаева зейнеткерлік жасын бұрынғы қалпында қалдырса, ары қарай жұмыс жасаймын деушілер қазіргі зейнеткерлік жасымен шыға берсе деген өтініш айтты. Балпық би ауылының тұрғыны Жаңыл Қойшыбаева Жангелдин көшесіне жүргізілген су жүйесіне су келмей, ауызсу тапшылығын көріп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, аудандық емханада санитар боп жұмыс жасайтын Әсел Ауғанбаеваның жалақысының аздығына қатысты сұрағына Елбасының «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» туралы екінші бастамасында келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмен жұмысшылардан салықтың 1 пайызы ғана ұсталатынын түсіндірді. Тағы бір жолы - қазір солтүстік өңірлерде маман тапшылығына байланысты жұмысқа орналасуға арнайы бағдарлама жүріп жатқанын, бағдарлама арқылы материалдық жағдайды жақсартып алуға мүмкіндік бар екенін айтып, мемлекеттік бағдарламаға қатысуға кеңес берді. Осы орайда, Мәлік Аманбайұлы «Бес әлеуметтік бастамада» айтылған тұрғын үй алуға бағытталған «7-20-25» бағдарламасының тұрақты жұмысы бар азаматтарға арналғаны белгілі, алайда тұрақты жұмысы бар, бірақ жеке шаруашылықпен айналысатын азаматтардың, мәселен, жылдық табысын күз айында егіс науқанынан соң алатын жандарға да қолжетімді болса және студенттерге қатысты бөлінетін 20 мың грантты бөлгенде, жатақханалар салғанда мемлекеттік жоғарғы оқу орындарына көбірек басымдық берілсе деген өтінішін жеткізді. Депутат Асылбек Смағұлов ауданға іссапарында ауыл тұрғындарымен қатар, зауыт жұмысшыларының да жағдайымен танысты. Мемлекеттік бағдарламалардың ауданымызда да жүйелі жүзеге асқанын көріп, көңілі толды. Теректі ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктті аралау барысында ем алуға келген жергілікті тұрғындардың, зейнеткерлердің тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап аянбай тер төгіп, қалалармен қоса ауылды елді мекендерді де көркейтуді қолға алған Елбасыға шексіз алғыстарын білдірген халықтың шын жүректен жолдаған ыстық сәлемдерін естіп қайтты.

Балпық би - Теректі.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.