
Денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық. Бұл мереке құрмет пен алғысқа бөленген, Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандардың мерекесі. Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп, денсаулықты дүниедегі байлық атаулының барлығынан жоғары қойса, Ата заңымызда «Мемлекеттің ең басты қазынасы – халық және оның денсаулығы» деп айқын көрсетілген. Азаматтардың рухани дүниесі мен денінің саулығы – мемлекетіміздің басымдық беріп отырған маңызды міндеттерінің бірі. Дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруді мақсат еткен мәңгілік елімізді дамытуға қабілетті бола алады.
Адам өміріндегі, өлшеусіз еңбектің ерен жандары, ол – дәрігерлер.
Олар – науқас жандардың жабырқаулы жүздеріне үміт отын ұялатып, үлкен сенімге жетелеп, өмір өзен арнасының әлі де ағысында талай өмір сүру керектігін ескертіп, бойға қуат бітіретін абзал жандар! Осы айтулы күнге орай, аудандық Мәдениет үйінде медицина қызметкерлеріне арналған «Ақ халатты абзал жандар» атты мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты жиын «Мұқыры халық театрының» сахналық қойылымымен басталды. Адам жанының арашашысы болған абзал жандардың бір күндік өмірін бейнелеген қойылым қонақтарға ұнап, қошеметке ие болды. Тіпті, кейбірінің көзіне жас та үйірілді.
Артынша аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы барша медицина саласының қызметкерлерін мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді: « Қадірлі денсаулық сақтау саласының қызметкерлері!
Сіздерді кәсіптік мерекелеріңізбен құттықтаймын! Баға жетпес қоғамдық байлық – әрбір адамның басты бақытына әрқайсымыздың, болашақ ұрпақтың және жалпы ұлт саулығына деген сіздердің қосып жатқан үлестеріңіз ең жылы лебіздерге лайықты.
Қазір біздің мемлекетіміздегі басты мақсат – дені сау ұлт қалыптастыру. Бұл ретте, халықтың денсаулығын жақсартуға қызмет ететін, адам өмірін ұзартуға және ауру адамның сауығуына үміт беретін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге айрықша назар аударылып келеді. Ауданымызда 1 орталық аурухана, ауысымына 250 адам қабылдайтын емхана, 9 дәрігерлік амбулатория, 9 фельдшерлік акушерлік пункт, 9 медициналық және 5 жекеменшік медициналық ұйымда 72 жоғары, 307 орта медициналық дәрігерлер қызмет көрсетеді. Жас мамандарды жұмысқа тарту бағдарламасы қарқынды жүріп келеді. Соңғы үш жылда медицина саласында 37 жас маман көтерме жәрдемақы алып, 19 баспаналы болды.
Дәрігерлер қауымының өңіріміздегі денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз. Еңбектеріңіз халыққа қуаныш сыйлап, нұрға бөлесін» деп, қызығы мен шыжығы қатар жүрген саланың біршама қызметкерлерін қажырлы еңбектері үшін марапаттады.
Ауданымыздың ардагері, денсаулық сақтау ісіне зор еңбегін сіңірген майталман басшы, қымбатты ақ халатты абзал жан Ғани Ағыбаевқа шапан жауып, ерекше ықылас білдіріп, құрметті еңбек демалысына шығарып салды. Халық денсаулығын қорғау саласына сіңірген еңбегі үшін Республикалық қоғамдық марапаттар жөніндегі кеңес төрағасының «Медицина саласының үздігі» медалімен рентгенолог дәрігері Серікқазы Медиев, «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен директордың орынбасары Зылиха Джаксенова мен балалар бөлімінің аға медбикесі Күләш Тұңғышбаева марапатталды. Ал, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін сапасы және қауіпсіздігін бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» бас директоры Қ.Балықбаевтың грамотасына Нұржан Бұрғанбаев ие болса, салалық кәсіподақ қозғалысын дамыту мен нығайтуға, қатарының бірлігін сақтауға, медицина қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға қосқан үлесі үшін республикалық кәсіподақ төрағасының «Құрмет грамотасымен» кардиолог дәрігер Райхан Тлеубердинова марапатталды. Және, «Үздік жас маман», «Үздік дәрігер», «Үздік медбике» номинацияларына лайықты деп танылғандар бағалы сыйлықтарға ие болды.
Игі шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Көтеріңкі көңіл-күй әрдайым жұмыстан бас алмайтын бүгінгі медицинаның тарландарының жүздерінен анық байқалды.
«Дені сау адам – қоғам байлығы» деген халқымызда дана сөз бар. Сол байлығымызды сақтауға, сапасы мен санын арттыруға, халқымыздың дені сау, ойы сергек болып қалыптасуына абзал жандардың қосып отырған үлесі айтарлықтай. Әрдайым адамзат баласы тағдырын сеніп тапсыратын мамандықтарыңызды абыроймен атқарып, халық сеніміне ие болып жүре беріңіздер.