ӘЛЕУМЕТ

ҰШЫРСА ҰЯМЫЗ, ҚАЛАЙША ҚИЯМЫЗ

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 21.06.2019
Оқылды: 643 Печать страницы
ҰШЫРСА ҰЯМЫЗ, ҚАЛАЙША ҚИЯМЫЗ

Мектептегі өмір енді өткеніміз,
Алаңсыз шақ, балалық көктеміміз.
Қуантады, біресе қорқытады,
Бір-ақ күнде есейіп кеткеніміз.

Үзілмесін тіршілік тынбас әні,
Үлкен өмір есігін кімге ашады.
Алыстағы армандар шақырғанмен,
Қоштасарда көңілді мұң басады.

Иә, мектеп – сіз бен біздің біліммен сусындаған, тәлім алған алтын ордамыз. Мектеп – қасиетті шаңырақ, киелі мекен.  Көптен күткен салтанатты сәт те келіп жеткен сияқты. Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасын аттаған ұл- қыздарымыздың, ойы толып, білім нәрімен сусындап, кәмелеттік аттестат алуға, алтын ұя мектебімен қоштасатын уақыты да келді.
12 маусым – республикамыздың барлық аймақтарында мектеп бітіру кештері аталып өтті. Осы айтулы күннің кереметін көру
биылғы жылы Мұқыры ауылдық округі Қ.Жапсарбаев атындағы орта мектепке бұйырыпты. Аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы, аудан әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков пен аудандық білім бөлімінің басшысы Тлеумұрат Сейтниязов арнайы қатысып, әдемі кештің куәсі болды.
11 жыл бойы мектептің қызығына тоймай, тарыдай болып кіріп, бүгінгі күні таудай болып шыққалы отырған түлектердің жанарынан қимастық сезімі байқалады. Шаштарына ақ бантиктерін байлаған сол кезгі оқушы қыздар, қарасаң көзің тоймас сұлу аруға айналған-ды. Сөмкелерін арқалап, мектеп ауласында асыр салып ойнап жүрген жігіттер, ақ жейде мен қара шалбар киген азаматтар болып шыға келді. Барлығы да айналаға нұр шашып тұрғандай. Білім нәрімен сусындатып, асау толқынды өмір жолында бағыт-бағдар берген  ұстаздарының қолынан ұстап, алғыстарын білдіруде.
Екі заман тоғысындағы ақын атымен аталатын бұл мектептен биылғы оқу жылында 29 түлек қанаттарын қатайтып, үлкен өмірге жолдама алуда. Бұл білім ордасынан 3 «Алтын белгі» иегерлері, республикалық, облыстық, аудандық жарыстардың жеңімпаздары бой көрсетуде. Атап айтар болсақ, Аяжан Бидаш – республикалық «Абай сыйы» олимпиадасының 1 орын жеңімпазы, Айым Жұмабек –  республикалық «Ұлы дала ұрпағымыз» балалар мен жастар байқауының 2 дәрежелі диплом иегері, Асан Тұрғанбаев – физика-математика бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу жобалары байқауының жүлдегері, Мәулен Карибаев – Түркістан және Нұрсұлтан қаласында ҚР волейболдан өткен чемпионатының чемпионы, Ерсәт Жұмахан – Нұрсұлтан қаласында өткен республикалық «Сардар» ІV олимпиадасының жеңімпазы және тағы басқа да жүлдегерлеріміз ауданымыздың білім деңгейі бойынша алдыңғы қатарда келе жатқандығының дәлелі.
Кеш барысында аудан әкімі Алмас Қабдулұлы салтанатты күннің куәгерлерін құттықтап, өзінің тілегін білдірді:
   - Құрметті мектеп бітіруші түлектер! Ата-аналар, ұстаздар!
Бүгінгі күн – балалары осы бір қуанышты сәтке жетсе деп армандаған ата-аналар, 11 жыл бойы жақсылыққа тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатқан ұстаздар, барлығымыз үшін өте қуанышты күн. Осы мерекемен баршаларыңызды шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіз еліміздің болашағы үшін, оның кемелденіп, дамыған, өркениетті елдер қатарында болуы үшін ұлт жастарының білім-ғылым игеруі, еңбек етуі, елдегі бейбітшілікті көздің қарашығындай қорғауы ел болашағының басты кепілі болып қала бермек. Түлектеріміз бүгін кәмелеттік жасқа толып, өмірге жолдама – аттестаттарын қолдарына алып, ертең жоғары білімді, білікті де іскер азамат болып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып, қайда жүрсе де шыққан ортасын, сүйікті мектебін, туған жерін, өскен елін ұмытпайды деген сенімдеміз!
«Білімді болу деген - жаңашылық ашуға қабілетті болу» деген екен ұлы ғұлама әбу Насыр әл-Фараби бабамыз. Сол айтқандай, жаңалыққа жаны құмар, әлемнің көшіне ілесетін, озық ойлы жастар ретінде сіздерден үлкен үміт күтеміз.
Адамзат баласы өмір бойы білім жинайды. Өйткені, білім –  жалықтырмайтын жол, таусылмайтын қазына. Сіздер ізденудің алғашқы баспалдағын аяқтап, келесі биік сатыларына аяқ басқалы тұрсыздар. Өмірдегі өз жолдарыңызды қалт жібермей табуларыңа шын жүректен тілектеспін, – деп,  сәттілік серігін тіледі.
Барша бітіруші түлектерге аттестаттар табысталып, «Алтын белгі» иегерлері наградталды. Қуаныштарында шегі жоқ жаңа өмірдің есігін ашқалы отырған оқушылар орта сәнін шыр айнала вальс биімен кіргізді. Би алаңында аудан басшысы мен аудан орынбасары Ұлан Әлдибекұлы да бой көрсетті. Бұл күні әндерден маржан шашылып, биден айнала нұрға бөленді. Жүздері бал-бұл жанған қыз-жігіттер бар уайымдарын ұмытып, 11 жылдың керемет сәттерін өз өнерлерімен паш етті.
Бетке аламын енді өмір бұлтты, желін,
Сыныбымды қия алмай іркілемін.
Қош кешегі күндерім, қош мәңгіге,
Менің қамсыз сәбилік күлкілерім!

Диляра ҚҰРМАНЖАНҚЫЗЫ.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.