ӘЛЕУМЕТ

БІЗ АРЫСПЕН БІРГЕМІЗ...

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 04.07.2019
Оқылды: 421 Печать страницы
БІЗ АРЫСПЕН БІРГЕМІЗ...

«Апат айтып келмейді» деп жатамыз... шынымен де, өткен аптадағы Түркістан өңірінің Арыс қаласында болған алапатты апат бүкіл елді дүрліктірді. Ел аман, жұрт тынышта орын алған бұл жойқын жарылыс барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. «Оттың ісі – қуырмақ» демекші, қаншама адам үй-жайларын тастап, қашуға мәжбүр болды. Баспанасыз қалған жандарды көршілес Шымкент қаласына уақытша қоныстандырды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев апат болған түні арыстықтарға келіп, оқыс оқиғаның мән-жайымен танысты. Қауіпсіз жерге көшірілген халықты ыстық тамақпен, дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етуді, барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Бір сөзбен айтқанда, шырғалаңға түскен тұрғындардың шертер күйі – шығар мұңына назар аударды. Зардап шеккендерге мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау жасалатындығын айтты. Бұл дегеніміз – елдің қамын ойлаған жанашыр басшысының мәрттігі.
Арыстықтардың иығына түс¬кен ауыртпалық барша елдің басын біріктіре, топтастыра түскендей болды. Бейбіт күнде еңсемізді түсірген дәл осындай апаттың боларын ешкім болжаған да емес. Қайта, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған», қайырымдылықты парызымыз деп білетін мұсылман жандардың арқасында жанарлары жасқа тұнған тұрғындардың алып ұшқан жүректері орнына түскендей болды. Республикамыздың әр қиырынан көмек қолын созғандардың санында шек болмады.
«Қайғы – бөліссе азаяды» дегендей, бұл орны толмас қайғыға ешкім де бей-жай қарамай, барынша ілтипаттарын білдіріп жатты.
Ұлы данышпан әл-Фараби бабамыз: «Адами затыңызды адам етіп сақтайтын ең қасиетті құндылық – қайырымдылық. Қасіретті қайырымдылық жеңеді», - деп қанатты сөзін қалдырып кеткен болатын.  Асыл дініміз Исламда да қайырымдылық жайлы аз айтылмаған. Сәбә сүресінің 39-аятында: «Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» делінген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар» деген болатын. Жер жәннаты Жетісудің кіндігі саналатын Алматы облысы да қайырымдылық қолын созудан қалыс қалмады. Күні кеше ғана облыс әкімі Амандық Баталовтың ұйымдастыруымен өткен жиында осы мәселе талқыланған болатын. Облыс әкімінің сөзіне  сенсек, Арыстағы ағайынды қолдауға жетісулықтар жұдырықтай жұмылып атсалысуда. Мәселен, бұл іске мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар және облыстың қарапайым тұрғындары да үн қосуда.
«Гуманитарлық көмек қабылдау пункттеріне облыс тұрғындары өз еріктерімен алғашқы қажетті азық-түлік пен заттар және қаражат жинауды ұйымдастыруда. Бүгінгі күні қабылдау пункттері белсенді жұмысқа кіріскен. Нәтижесінде, алғашқы қажетті азық - түлік, құрылыс заттары 26 маусым күні Алматы облысынан Түркістан облысының Арыс қаласына гуманитарлық көмек тиелген құны 56,4 млн. теңге болатын 10 автокөліктен тұратын бірінші керуен жетіп, табысталды. Бүгінде қосымша 17,0 млн. теңгенің заттары жинақталды», - деп атап өтті Амандық Ғаббасұлы. Сонымен қатар, Арыс балалары облысымыздың сауықтыру лагерьлерінде демалатын болады.
Біздің Көксу ауданы да бұл қайырымдылық шарадан қалыс қалмады. Жалпы, республикалық акция аясында 25 кг-дық ұннан 42 қап, екі тонна қант, 200  литр сұйық май, 6 қап макарон өнімдері (1 қапта 8 дана) және 2 қап күріш жіберілді. Сонымен қатар, аудандық  «Nur Otan»  партиясы, мемлекеттік және басқа да мекеме қызметкерлері бір күндік еңбекақыларын көмек ретінде аударды, және де «Уыз май industry» ЖШС-ның директоры Ербол Тоқтағұлов 500 мың (бес жүз мың) теңге қаржылай көмек көрсетті. Бұл тек аталған гуманитарлық көмектің бастамасы ғана. Қолдан келгенше аянбай көмек көрсетуге Көксу ауданы қашанда әзір.
ТҮЙІН: Осы мақала соңында мына бір ғибратты әңгіме еріксіз еске оралады. Кезінде бір ғұламадан жас жігіт: «Қайырымдылық деген не?» деп сұрапты. Сонда ғұлама тұңғиық ойға шомып тұрып: «Қайырымдылық ағыл-тегіл су емес. Ол – адамнан адамға бөлінген мейір шапағаты арқылы болатын ізгілік. Әр адам алдына қойған мақсатына жету үшін ұмтылады. Сонда қиындыққа тап болса, бір жомарт кісі көмектесіп, жебеп жібереді. Ақ ниеттен туған сол жақсылық – қайырымдылық деп аталады» деген екен.
Жақсылық жасау шын көңілден, шын ниеттен. Ата-бабаларымыз «Кең болсаң, кем болмайсың» демеп пе еді? Еліміздің басына осындай күн туғанда қол ұшын созбағанда, қашан кеңдігімізді көрсетеміз? Айтарымыз, әр қиындықтың артында өз жақсылығы болады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай...


Диляра ЮСУПОВА

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.