
Жыл сайын халқымыз шілде айының бірінші жексенбі күні "Ұлттық домбыра күнін" атап өтеді. Осы мерекеге орай Қазақстан халқы Ассамблеясы республика көлемінде "Қасиетті домбыра" атты акция ұйымдастырған болатын.
Бұл айтулы күннің маңыздылығын ұғындырған ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде бұл бастама "Рухани жаңғырудың" негізінде өтетінін айтты.
- "Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс. «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан, мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет, – деді мемлекет басшысы.
Ассамблея ұйымдастырған акция аясында ел аумағында сол күні дүние есігін ашқан сәбилерге әкімдіктер атынан домбыра тарту етілген болатын.
Көксу ауданында да бұл күн - қуаныштың екі еселенген күні болды. Себебі, Мұқыры ауылдық округінің Қызыр әулетінде егіз қыз бала дүниеге келді. Бұл егіздер әулеттің 5 және 6 - шы балалары екен. Ал, аналары Күлімхан Қызыр бірден көпбалалы ана атағына ие болды.
Екінші мерекелі жағдай, дәл осы күні Балпық би ауылының тұрғыны Гүлнұр Сәрсенбай да өмірге екінші перзентін алып келді. Дәстүр сабақтастығын әрдайым қолдап жүрген аудан әкімшілігі осы дүниеге келген сәбилерге ұлттық аспап - домбыраны сыйға тартты. Бұл акцияны басынан қолдап, атсалысып жүрген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Қисметов аналарды құттықтап, өзінің тілегін білдірді:
- Біздің келудегі мақсатымыз - дүниеге шыр етіп келген бүлдіршіндерге қазақтың күмбірлеген даусы бар домбырамызды сыйлап, сол перзенттеріміздің өмірге келгенімен құттықтау. Домбырамызды дәріптеп, домбыраның қадір – қасиетін өскелең ұрпақ біліп, бойына сіңіріп жүрсе біздерден бақытты жан болмас еді. Ұлы даланың үнін әкелген домбырамызды әр перзентіміз жақсы көріп, әр үйдің төрінде ілініп тұрса бұл рухани қазыналарымыз еш ұмытылмайды, - деп мерекемен тағы бір мәрте құттықтады.
Қуаныштан жанары жасқа толған қос қыздың анасы Күлімхан Қызыр «қыздарымның қазақтың күй тарихында із қалдырған әйгілі күйшілерге ұқсағанын қалаймын. Осынау музыкалық аспапты барынша меңгерулеріне күш саламын. Әрбірден соң әу демейтін қазақ жоқ, домбыра тарту қазақтың қанында бар. Шыр етіп дүниеге келген қыздарымды домбыраның әуенімен ұйқыға бөлейміз» - деп өз тарапынан алғысын білдірді.
Диляра ҚҰРМАНЖАНҚЫЗЫ.