
Мамыр айында Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысовтың «алдағы уақытта қазақ елінде болашағы бұлыңғыр, шаруашылығы құлдыраған, ауыл тұрғындарының саны 50-ден аспайтын, әлеуметтік инфрақұрылымдары жоғалуға жақын ауылдар басқа жерге көшіріледі» – деген хабарламасы естіген құлаққа түрпідей тиген еді. Біреулер Үкіметтің мұнысы дұрыс, босқа бюджеттен шығын шығарып, өспейтін ауылдарға қаржы құйғанша, оларды көшіріп тыну керек – деп, Үкімет жоспарын қолдап жатса, ал екінші біреулер бұған қарсы шығып, Кеңес одағынан кейін ауылдарды ыдыратып, шаруашылықтарды шашыратып, ауыл адамдарын қалаға тентіретіп жіберген бұрынғы Қазақстан үкіметтерінің қателерін тізіп, Е.Алпысовтың айтқандары дұрыс емес, қайта ауылды көтеру керек, ауылды жаңғыртып, ауыл санын көбейту керек, ауыл дегеніміз – қазақтың алтын бесігі – деп жатыр.
Осы мәселе төңірегінде тілші Сабина Қалибекованың аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлымен жүргізген сұхбатын ұсынамыз.
- Біздің білуімізше, аудан халқы тығыз орналасқанымен, ауылдар, салыстырмалы айтқанда, бір-біріне жақын, аудан орталығынан өте шалғай жатқан ауылдар жоққа тән дегенмен, сіздердің аудандарыңызда халық саны өте аз шағын ауылдар бар екен. Мысалы Нәдірізбек (Өндіріс) деген ауылда небәрі 3-4 үй қалған көрінеді. Одан кейін Быжы, Бақша деген темір жол бойындағы ауылдар. Ақтекше деп аталатын ауыл төңірегіндегі шағын ауылдар… Осындай ауылдарды бір орталыққа көшіру керек деген вице-министрдің ұсынысына сіздің көз қарасыңыз қандай?
- Біздің ауданымызда тұрғылықты халқы аз үш-төрт ауыл бар. Атап айтар болсам, «Көпір», «Быжы», «Тауарасы», «Бақша» ауылдарын осы санатқа жатқызуға болады.
Бұл ауылдарда бүгінде қалған 10-15 түтін ғана. Олар шалғай орналасқан мекендер болып танылады. Мен шағын ауылдарға қатысты біріктіру, бір жүйеге келтіру деген ұсынысқа өте дұрыс қараймын. Себебі, жоғарыда аталған ауылдардың оқушылары ауылда мектеп болмағандықтан басқа ауылға қатынап оқиды, оған қоса жедел медициналық көмек қажет болып қалған жағдайда да қиыншылықтар туындауы мүмкін. Сондай-ақ,ауылдағы тұрғындардың көпшілігінің үйлері ескі, саманнан салынған. Сондықтан олар бірнеше жылдан кейін тұруға жарамсыз болып қалуы ықтимал. Осы орайда Үкіметтен нақты заң қарастырылар болса, мен халық қарсы болмас деген ойдамын.
- Жалпы, бүгінгі күні ауыл халқының қалаға құмартуына не себеп деп ойлайсыз? Әлде ауылдағы жұмыссыздық қажытты ма?
- Менің пікірімше, ол жұмысыздықтан емес. Өйткені тірлік жасаймын, – деп ниеттенген адамға бүгін де мемлекет тарапынан сан мың түрлі бағдарламалар бар. Тек белді бекем буынып кіріскен жөн. Біз халыққа әркез ашықпыз. Интернет желісі тоқ арқылы болмаса спутникпен ұстайды. Инстаграм желісінде нөміріміз де, байланыс телефонымыз да барлығы тұр, тіпті, бұл желілер арқылы байланысқа шыға алмаса, мен шаруа жасаймын деп жөн сұрап, мәселемен келген халықты «бейсенбі, жұма» – деп, қаратып қоймаймын. Орайы келіп тұрса қабылдап, заң аясында көмек көрсетуге, түсіндіруге тырысып бағамын.
Бірақ, бір өкініштісі, «ауылда балам үшін болашақ жоқ» деп, талай елге танымал аға-әпкелеріміз сол ауылдан шықса да ауылын менсінбей жатады. Болатын бала қайда жүрсе де топты жарып шығады, ауыл болсын, қала болсын.
Ауылдан қашып аудан орталығына келе салып «маған пәтер беріңдер» деп талап ететіндер де бар. Кезекке тізіліп, күту деген жоқ. Мұндай қылық ауылдан қашу емес, ауылдағы еңбектен қашу деп есептеймін. Ондайларға айтарым, ерінбесеңіздер, білекті сыбана кіріссеңіздер ауылда да жарқын өмір бар.
- Әлеуметтік мәселенің ең бастысы бүгінде қалада болсын, ауылда болсын көп балалы аналар болып тұрғаны жасырын емес. Аудандағы көп балалы аналардың сұраныстарына тоқталсаңыз? Оларды тұрғын үймен қамту және басқа да әлеуметтік мәселелерін шешу қай деңгейде?
- Жалпы ауданымызда бүгінде 10 ауылдық округ, 34 елді мекен бар, халық саны 41 мың 500 адамды құрап отыр. Бүгінде көп балалы санаты бойынша ауданымызда 100 отбасы тұрғын үй кезегіне тіркелген. Алға қойған жоспарымыз бойынша 2020 жылы біз аталмыш кезекте тұрған көп балалы аналардың барлығын тұрғын үймен қамтуымыз керек. Биыл құрылысы аяқталуы тиіс 70 пәтердің 40 пәтері көп балалы аналарға арналған. Сондай- ақ «7-20-25» бағдарламасы аясында 32 пәтер басқа әлеуметтік топтарға берілмек. Инвестор тарту арқылы 10 жер үйдің құрылысы жүргізіліп, «Бақытты отбасы» немесе «7- 20 -25» аясында тұрғындарға табыстау көзделуде. Үкіметіміз екінші нарықтағы үйлерден баспана кезегіндегі көп балалы отбасыларды қамтуға 123 млн. теңге бөлген. Біз байқау негізінде 21 пәтердің 13 алып қойдық, қалған 8 пәтердің құжаттары рәсімделуде. Құдай қаласа, пәтерлердің алғашқы легін 6 шілде күні – астанамыздың туылған күнінде табыстамақпыз. Ал атаулы әлеуметтік көмекке тоқталар болсам, жалпы, біздің Көксу ауданы бойынша 1139 отбасы бүгінде аталмыш көмекті алып отыр, оның дені – көп балалылар. Жалпы айтқанда, әлеуметтік мәселелердің барлығын өз уақытында шешуге күш салудамыз. Ал сіз, журналист ретінде қойып отырған шағын ауылдарды біріктіру қалай жүзеге асады дегеніңіз – уақыт еншісіндегі мәселе. Еліміз бойынша бұл жағдай әлі толық зерттеліп біткен жоқ, меніңше. Сондықтан көшірілетін ауылдардың тізімін жергілікті басқару орындарымен ақылдаса келе шешетін болар деп ойлаймын.
- Әкімнің айтуынша «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы негізінде қазір аудан жолдарына биыл үш күрделі жөндеу жүргізілген. Қосымша бөлінген 7 миллион теңгеге тағы бір күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ ағымдағы жөндеу жұмыстары да қажеттілігіне орай ұдайы жүргізіліп тұрады. Интернет желісімен аудан бүгінде 50 пайызға қамтылса, алдағы уақытта интернетпен толықтай қамту көзделуде. Сондай-ақ көгілдір газбен қамту да алдағы уақытта жоспарда бар екен.
Осы айтылғандар жүзеге асып отырса, Көксу ауданының ауылдары тоза қоймас деген үмітпен аттандық .Өйткені, Көксу ауданында Кеңес үкіметі кезінде совхозға біріктіріліп, ал соңғы жылдары адамдары көшіп, орны ойсырап қалған Сарыой ауылының тіршілігі қайта жандану жолында екен. Бұл туралы біз оқырмандарымызды алдағы уақытта хабардар етеміз.
ТҮЙІН: Бұл сұхбат «taldyq-info.kz» сайтынан алынған болатын. Шындыққа көз жүгіртер болсақ, жалпы алғанда Көксу ауданына қарасты барлық ауылдардың ахуалы бір сөзбен айтқанда жақсы. Тұрақты өмір сүруіміз үшін жағдайдың барлығы дерлік жасалынған. Жарқыраған көше шамдары, ойын ойнайтын алаң, кешкі серуенге шығатын саябақ тағысын тағылар бар. Осының барлығы елеулі еңбектің арқасында жасалынып отыр. «Жұмыс жоқ» деп үйде құр алақан жайғаннан ешкім керемет өмірін бере салмайды. Сол себепті де, әр адам өз бетінше әрекет етуі тиіс.
Ауданымыздың көркейіп, жастардың көтерілуі үшін жағдай жасап отырған аудан басшылығына алғысымызды білдіруіміз қажет деп ойлаймыз. «Жақсыдан әкім қойсаң, елді түзетер» демекші, тірегі мықты елдің халқы да сондай болуы керек.