ӘЛЕУМЕТ

КЕЛІНДІ "КЕЛСАП" ҚЫЛАТЫН ЕНЕ МЕ НЕМЕСЕ ЕНЕ МЕН КЕЛІН АРАСЫ

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 15.07.2019
Оқылды: 1559 Печать страницы
КЕЛІНДІ

"Келін" мен "ене" тақырыбы қай уақытта да өте өзекті болып келеді. Неліктен бұл тақырып күн тәртібінен түспей келеді? Ықылым замандардағы ене мен келіннің арасы қандай болған? Енені неге "кенеге" теңейміз? Бүгінгі таңда жас бойжеткендер неге ата-енесімен тұрғысы келмейді? Жаза берсек, көкейде жүрген сұрақ көп. Шынымен де, келінді "келсап" қылатын ене ме?
Алдымен "келсап" сөзінің мағынасын ашып алсақ. Негізінен, келі-келсап - ол дәнді қауызынан арылту және ұнтақтауға арналып қатты ағаштан (кейде тастан қашалып) жасалған аспап. Қазақ халқы келі-келсаппен тарыны, бидайды, т.б. дәнді дақылдарды түйіп, жент, жарма, талқан дайындаған. Сонда келсап болып тұрған келіннің өзі ме әлде сөзі ме?
Әрбір қыз баласы өмірде өз сыңарын тауып, тұрмысқа шығары айдан анық. Әйел бақытын сезіну - ол баға жетпес байлық. Одан әрмен, ана атанып, бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырғанға не жетсін, шіркін! Бірақ, қазіргі заманның қыздары осы бір жауапты қадамға ойлана қарайтыны жасырын емес. Себеп біреу-ақ, ол  - ЕНЕ!
Ене - деген кім? Ене деген сенің сүйген жарыңды дүниеге әкелген аяулы ана! Енені ойдан, қиялдан құрастырудың тіптен еш қажеті жоқ. Тек, өз анаңа қалай қарасаң, тура солай енеңе де қарауың керек. Сенен талап етілетіні - тек қана сыйластық! Сыйласымдылық бар жерде береке де, бірлік те болары анық. Десек те, ененің де өз түрі бар. 
Айналамыздан көріп-естіп жүргеніміздей, екінің бірінің басында «адуынды ене» не бол¬маса «кесірлі келін» жайлы күр¬меуі шешілмей жүрген түйт¬кілдер бар. Бұл өз кезегінде, жел¬кілдеп өсіп келе жатқан ұр¬пақтың еңсесін түсіріп, олар¬¬дың жасық, жалтақ болып қа¬лып-тасуына, бұрыс жолға бұрылып кетуіне итермелейді. Бұл ұлттық тәрбиеге жасалған ауыр соққы екені айт¬паса да түсінікті.
Кейде отау құрғандарына жыл да толмаған, шымылдығы желбіреген келіндердің енесі туралы мұрнын тыжырып, жақ¬тырмай сөйлеп отырғанын кө¬ріп, «бұл қаршадай келін ене¬сінен не зәбір тартып үл-герді екен сонша?» деген ой¬ға қаласың. Жас¬¬¬тайымыздан ана¬мыздың «Үл¬кен үлкендігін жа¬сағанда, кі¬ші кішілігін жасау керек» деген сөзін санамызға сіңі¬ріп өстік. Оның пайдасы¬нан басқа зиянын көр¬ген жоқпыз. Айт¬пағымыз, ке¬ліндер қауымы ене¬нің айтқан сынын аналық қамқорлық деп қабылдап, Шәкәрім атамыз айтпақшы:   "біреудің мінін көргенше, жа¬мандығын тер¬генше", өз ойын, өз бойын тазалап үйренген дұ¬рыс. Ене¬сіне деген ашу-ызаны іш¬тей семірт¬пей, семдіріп, үлкен кісінің ра¬зылығын алғанда ғана ке¬лін келелі істерге аяқ баса алады.
Көпке топырақ шашудан аулақпыз, елімізде айрандай ұйып, мерейі тасыған отбасылар баршылық. Алайда, арамыз¬да мəселені шешуші емес шие¬ле¬ністіруші, бала-шағасын жет¬кізген əуелі Алла екенін ұмыт қалдырып, міндетсінетін енелер саны да артып келеді. Келінді «Отырса опақ, тұрса сопақ» етіп, түртпектің астына алып, ба¬ла¬сының тілеуін тілеп отырар шақта шаңырағының шытынауына себепкер болып отырған ана¬ларды көргенде көңілің құ¬лазиды, іштей қынжыласың. 
Бұрынғы қазақ қоғамында ене мен келін арасында бүгінгідей кері кеткен қатынас болмаған дегенді бек сеніммен айта аламыз. "Жер дауы, жесір дауы, құн дауы, ар дауы" дегендер болғанымен, бірақ «ене мен келін дауы» дегенді естіп те, оқып та көрмеппіз.  Дала заңы бұл мəселенің қалай алдын алып отырды? Осыған терең үңілуіміз қажет. Ата-бабамыз «дəстүрдің діңгегі – дін» деп санаған. Се¬бебі, сахих хадистерде ене мен келіннің қарым-қатынасы жайлы нақты айтылмағанымен, үл¬кендерге құрмет көрсету парыз етілген. Сондай-ақ əйелге Ал¬ланың ра¬зылығы - ерінің разылығында екені ескертілген. Азаматының тілеуін тілеген қа¬зақ əйелі үшін одан артық не тыйым керек?! Енесіне қырғи-қа¬бақ таныту - еріне қиянат жасаумен пара-пар екені айтпаса да түсінікті. Айша анамыздың (р.а.) əйелдің мойнында ең көп кімнің ақысы бар екенін сұ¬рағанда Пайғамбарымыз (с.а.у.) «күйеуінің» деп, «Ал ер кісінің мойнына кімнің ақысы көбірек жүк¬телген?» деген сұрағына, «Анасының» деп жауап берген екен. Тағы бір хадисте ата-ананы жəннаттың орта қақ¬па¬сына теңеген. Ата-ана разы¬лығын ала алмаған адамға жəннат¬тың есі¬гінің айқара ашылуы не¬ғайбыл.
Кей¬бір енелер мен келіндер бір-бірлерін даттауға құмар-ақ. Бірақ сол ұрыс-керістің, бір-біріне деген өшпенділіктің неден туындап отырғанына ешқайсысы мән бермейді де. «Келін – қайын ененің топырағынан» деп бекер айтылмаса керек. Ендеше, келіннің жақсы болмағы ең әуелі өз анасына байланысты болса, одан кейін барған жерінде ақыл-кеңесін айтып, өмір¬лік тәжірибесін үйретіп, бағыт-бағ-дар нұсқап отыратын енеге де байланысты. Ене келін болып түскен жас қызға өз қызындай қарауы керек. Себебі, ол да біреудің мәпелеп отырған қызы. Қанша жыл өз отбасында еркеліктің дәмін татып өскен қыз, ата-анасын, бауырларын қиып, бір күнде басқа шаңыраққа келін болып түседі. Оның жұбайынын өзге сенері де болмайды, міне, осындай кезде аналық мейірімін танытуы керек. Ал, келін өз кезегінде, сол түскен үйді өз үйім деп қабылдап, ата-енесін ата-анам деп қабылдауы керек. Әрбірден соң, сол үйдің ұлына сені ешкім де зорлықпен қосқан жоқ. Баласы жақсы да, анасы жаман деген қағида қазір әсер етпейді.
Тағы бір мәселе, ұлдарын келінінен қызғанатын енелер де бар. «Жаман ене күншіл келеді» демекші, қылт етсе кемшілігін бетіне басып, ұлы мен келіннің арасына түсіп, шаңырақтың берекесін қашыратын енелер де кездеседі. Ағайын-туысқа келінінің жүріс-тұрысын айтып, әулет абыройын төгіп жатады. Мұндайда тек енеге ешкім де тосқауыл бола алмасы кәміл. Осындай кезде келін барынша сабырлық танытқаны абзал.
«Ата-анаң жынды болса байлап бақ» деген халық даналығында үлкен мән бар-ау дерсің! Жалғыз ұлының бар уақытын әйелімен өткезетінінен іштей қынжылып, келінін қызындай емес, жауындай санайтындар да кездеседі. "Екі жастың арасына есі кеткен түседі" демекші, ұлының таңдауын қолдап, тек ақ батасы беріп, тілеуін тілеп отырса болғаны. 
Қазақ тағы да «Жақсы келін – келін, жаман келін – келсап», «Келіні жақсының керегесі алтын» деп жатады. Ендеше, ене мен келін арасындағы қарым-қатынастың жақсы болуы келінге де тікелей байланысты. Жас түскен келін – бір отбасының сенім артып, оң жақтан ұзатқан қызы, үкілеп отырған үміті. Қызды «жат жұрттық» санаған бабаларымыз қыз тәрбиесіне ерекше мән берумен қатар, оның еркелігін де көтере білген. Бірақ келесі бір отбасының табалдырығын оң аяғымен аттап, сол үйдің түтінін түтетуді мақсат еткен келін ата-анасының жанындағы еркелігі мен шолжаңдығын ысырып тастап, барған жерінің болашақ анасы болуға ниет етуі қажет, яғни сол отбасының тәртібіне көндігіп, сонда қалыптасқан заңдылықтармен санаса білуі керек. Демек, келін өзінің ене алдында шәкірт екеніне мойынсынып, үлкенге деген құрметінен ажырамағаны абзал. Егер де келін бәрін өз дегеніне көндіріп, өз тәртібіне бағындырғысы келсе, ол ортаға сіңіспей құрылған шаңырақтың шайқалып тынары да сөзсіз. Отбасын құрған төрт-бес қыздың басы қосыла қалса, айтылар әңгіме "енелері" жайында болмақ. Келіндері соншалықта жамандайтындай, енлері не істеді екен деп ойлайсың.
Қазіргі жастар батыстық мен¬талитеттің құрығына ілініп, жаһанданудың жалынына жұты¬лып бара жатыр. Еуропалықтар болсын, орыстар болсын ата-енесін қазақтай қадірлеп, құрметтеуді міндет етпейді. Тіпті ата-енесін атымен атап, олардың көзінше бейәдеп қылық жасаудан да қымсынбайды. Бұл «ауру» қазаққа де жұқты. Тарих бетін парақтар болсақ, қазақ орыстана бастағаннан бастап, біздің ортада қарттар үйі пайда болған екен. Демек, ата-анаға, ата-енеге деген құрмет пен ізет те осы кезден жойыла бастады жеуге болатындай. Ал біздің ене мен келін болып бір шаңырақтың астында өмір бақи тату-тәтті ғұмыр кешетін ғұрпымыздың түпқазығы исламға байланған. Енесінің соңғы демі үзілгенше баладай мәпелеп, асты-үстіне түсіп күтіп-баптайтын қазақтың келіндері қандай еді?! Бұл күнде олардың саны көп дегенге ауыз бармайды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы зерделі ене Зере мен ұлағатты ана Ұлжанның ене мен келін ретіндегі қарым-қатынасы бүгінгі қоғамдағы ене мен келін арасындағы байланысқа өнеге болары хақ. 
«Балаң жаман болса да, келінің жақсы болсын» мақал-мәтелі қазіргі заманның отбасының негізгі ұранына айналу қажет секілді. Олай дейтініміз, жас отаудың іргесін қалайтын да, қабырғасын сөгетін де әйел. Келін адалынан болса, отбасы мен туыстарының да ырзығы мол болмақ. Ары таза ана қандай қиыншылықты көрсе де, баласын жетімсіретпеуге бел байлайды. Күйеуі күйбең тіршілікке қолды бір сілтеп, шаңырақтың есігін қайта ашпастай тарс жауып кетсе де ата-енесінің қабағына қарайлап, «әрі әйел, әрі еркекке» айналған жандар да бар. Қызының отбасында ұрыс шығып, үйіне жылап келген келіндерге анасы қандай тәрбие беруде? Бауыр еті баласының өміріне бей-жай қарамайтын ата-ана әрине, өз баласын жақтап, мән-жайдың байыбына бара бермейді. "Ішіме сиған бала, сыртыма да сияды" дегенді естіген келін әрине, анасына барары анық. Ал, анасы тарапынан "өзің тидің, өзің шеш" деп дүрсе қойып отырса, үй болудың қиын екенін сезінетін еді. 
Шаңырақ шайқалмауы үшін ене мен келін сыйласып, тыныштықты сақтайтындай қағидамен жүру керек. Келіннің кемшілігін түзеп, ақылын айтқан ене – ақ жаулығы желбіреген көрегенді анасындай болмақ. Соған сай келін де өз міндетін орындап, ененің кемшілігіне көз жұма қарауы қажет. Үйдегі ене мен келін ұрпақ тәрбиешілері. Жалғыз ұрпақ емес, болашақ қоғамның айнасына айналар жастар тәрбиесінің қайнар көзі. Ал ұрпақ бойына ділімізді, ұлттық тәрбиемізді сіңіре білу – біздің басты міндетіміз.
 
ТҮЙІН: "Үйлену оңай, үй болу қиын" деп жатады. Айтарым, әр шаңырақта ыдыс-аяқ шылдырламай тұрмайды. Тек сол уақытта шыдамдылық таныту керек. Ешкім де саған жақсы күйеуін бере салмайды. Бұның барлығы уақыттың еншісінде. Жақсы жарды тәрбиелеу өз қолыңда. 
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, келіндердің енесіне жасаған әр әрекеті – өзінің енелік өмірінің кірпіші. Көркем келінге қол жеткізгісі келген әйел өз енесіне қолынан келген құрметті аямау керектігін түсіне алады деген сенімдемін...
Бұл мақала тек менің өз ойым. Осы арқылы біреуді даттау немесе қаралау әсте ойымда жоқ. Ал, сіз, оқырман не дейсіз?

Диляра ЮСУПОВА.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.