
«Жетісу – адалдық алаңы» жобасының мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсету бағытында сыбайлас жемқорлықты азайту, халықтың билік органдарына деген сенімін арттыру. Бүгінде бұл кеңсе қызметкерлері әр өңірлерге барып, халықтың әл-ахуалымен танысып, мұқтаж жандарға көмек қолын созуда.
Өткен аптада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаментінің» басқарма басшысы Данияр Тұрғанбаев бастаған топ Көксу ауданына келіп, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрдәулет Кененбаев пен тиісті мекеме басшылары қатысты.
Алғашқы сұрақ, жарық шамдарына байланысты қойылды. Балпық би ауылының тұрғыны Мырзабек көшесіне жарық орнатып беруін сұрады. Бұл сауалға «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Айдос Көкетаев жауап берді:
- Биылғы жылға аудан орталығындағы 5 аулаға көше шамдарын орнату мақсатында арнайы қаражат бөлінген болатын. Бүгінгі таңда абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта шешімін табатын болады, - деп жауап берді.
Қабылдауда қойылған сұрақтың көбісі дәл осы жарық шамдары мен жол мәселесіне байланысты қойылған еді. Соның бірі – Әйтеке би көшесінің тұрғыны Айжан Жұмабаева көшемізге тас жолы (асфальт) салынып берсе деген өтінішпен келген екен. Өз тарапына қойылған сұраққа «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің» басшысы Мәди Карбаев «Ауылым – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Балпық би ауылындағы 12 көшеге жол салу көзделген. Дәл осы Әйтеке би көшесіне жұмыс бір апта ішінде басталатындығын айтты.
Көпбалалы аналар да көмек сұрап, әлеуметтік көмек алу жолдарын алға тартты. «Әр сауалға - бір жауап» демекші, барлық келген тұрғындардың өтініштері тыңдалып, тиісті жауаптар берілді.
Жұмыс сапарының жалғасы ретінде Данияр Мұханұлы аудан ішін аралап, фермалар мен өнеркәсіп салаларын да саралады. Жұмыс қарқынымен, бір сөзбен айтқанда ауданның тыныс-тіршілігімен танысты.