
Ағымдағы жылдың 22 шілде күні аудан әкімшілігінің кіші мәжіліс залында комиссия отырысы өтті.
Отырысты жүргізген аудан әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков, ауылдық округ әкімдері және мекеме, бөлім басшылары қатысты.
Комиссия отырысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасының, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын іске асыру бойынша 2019 жылдың 1-ші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар қаралды.
Бүгінгі таңда Көксу ауданы әкімдігімен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда нақты жұмыстар жоспарға сай атқарылуда, 2019 жылға жалпы 13 жоба, атап айтқанда: «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша – 10 жоба, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша – 1 жоба, «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша – 2 жоба. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттауда жоспарға сәйкес 70 шара және жоспардан тыс 24 шара, барлық жерде 2019 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша барлық кіші бағдарламаларды қоса есептегенде 5 мыңға жуық адамның қатысуымен 94 әртүрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді. «Казақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша 100 адамды қамтитын іс-шара, «Қазақстанның сакралдық географиясы» жобасы бойынша 1120 адамды қамтитын 5 іс-шара, «Қазақ тілінің латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу» жобасы бойынша 445 адамды қамтитын 12 іс-шара, «Туған жер» жобасы бойынша 2100 адамды қамтитын 31 іс-шара, «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша 420 адамды қамтитын 2 іс-шара, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша 329 адамды қамтитын 5 іс-шара, «Ауыл бесігі» жобасы бойынша 160 адамды қамтитын 2 іс-шара ұйымдастырылды. «Прагматизм» бағыты бойынша 120 адамды қамтитын 4 іс-шара, «Сананың ашықтығы» бағыты бойынша 210 адамды қамтитын 6 іс-шара, «Эволюциялық даму» бағыты бойынша 350 адамды қамтитын – 7 іс-шара, «Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласы аясында 630 адамды қамтитын 18 іс-шара өткізілді.
«Туған жер» арнайы жобасы аясында 2019 жылы 132,5 млн.теңге тартылып, 8 жобаның жыл соңына дейін іске асырылуы жоспарланып отыр. 2 жоба іске асырылды. Жобадан тыс Балпық және Қызылтоған ауылында көп балалы аналарға үйлер беріліп, Балпық ауылында шағын футбол алаңы және Алғабас ауылында Батыржан Оңғаров құрметіне арналған «Жастар саябағы» ашылды.
Болашақта бірнеше жобаны, атап айтсақ, «Латын графикасын үйрену туралы» орталық ашу, «Көксу ауданының киелі жерлері» жобалар байқауын өткізу, Айнабұлақ ауылында балалар ойын алаңын жаңғырту жұмыстарын іске асыру жоспарлануда.
Отырыс соңында аталған кемшіліктер тыңдалды. Округ әкімдеріне, бөлім басшыларына «Қазақстанның сакралдық географиясы» іс-шарасын өткізу, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға тапсырмалар жүктелді.
Аталған жиын әрі қарай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің қолданылуы мен насихатталуы жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы талқыланып, жалғасты.
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Мемлекеттік рәміздер туралы арнайы Заң да қабылданған. Сол заңды орындау әрбір азаматтың міндеті болып саналады. Соның ішінде мемлекеттік қызметкерлер заң міндеттерін орындауда басқаларға үлгі болуы – бүгінгі күннің талабы. Осыған байланысты
күн тәртібінде негізгі үш мәселе қаралды. Алғабас және Айнабұлақ ауылдық округтері әкімдерінің есепті баяндамалары тыңдалып, әр округтегі Мемлекеттік рәміздерге жауапты мамандар өз жұмыстары туралы түсіндірме жұмыстарын өткізді.
Алғабас ауылдық округінің әкімі Дәурен Молдағали: « Алғабас ауылдық округінде ҚР Мемлекеттік рәміздерін насихаттау бойынша арнайы жұмысшы топ құрылған. Осы топтың бақылауында ауылымызда біршама іс-шаралар болып өтті. Соның алғашқысы, ауылдық кітапханада «Біздің еліміздің рәміздері» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмедегі Елбасымыз Н.Назарбаевтың «На исторической ленте», Е.Шаймерденовтың «Қазақ елінің рәміздері» кітаптары мен «Саясат», «Егемен Қазақстан» газеттерінің беттерінде жарияланған тарихи материалдар қатысушылардың қызығушылығын арттырды. Алғабас орта мектебінде рәміздерді құрметтеу мақсатында сынып сағаттары, әдеби-музыкалық кештер өткізілді. Ауыл балабақшасының бүлдіршіндері мемлекет байлығы – рәміздерге қатысты мағлұматтармен танысып, өз үлестерін қосып жатты.
Мемлекеттік рәміздер – мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Ұлтымыздың рухын, салт-санасын, халқымыздың қаһармандығы мен даналығын, болашақ арман-тілегін, үмітін жеткізетін киелі құндылықтар. Қасиетті Отанның өзі Мемлекеттік Тудан, Елтаңба мен Әнұраннан бастау алады. Олай болса, рәміздер – біздің еліміздің, қазақстанымыздың бет-бейнесі біздер үшін қастерлі нысан».
Айнабұлақ ауылдық округінің әкімі Мәулен Бәзілов: « Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Яғни, қазіргі таңда ұлттар мен ұлттық мемлекеттердің нағыз өзекті мәселелері экономика, саясат, қорғаныс саласымен емес, керісінше, ұлттың басты құндылығы болып табылатын ұлттық нышандармен тығыз байланысты.
Мемлекеттік рәміздер мә¬дениетіміз, тарихымыз бен менталитеті¬міздің көркем туындысы. Еліміздің азаматтарының рәміздерге деген қарым-қатынасы, олардың қаншалықты деңгейде өздерін осы елдің азаматы санайтындықтарының және болашаққа сенімінің, отансүйгіштіктің көрсеткіші болуы тиіс.
Қазіргі уақытта ауылымыз Айнабұлақта Мемлекеттік рәміздерді білмейтін адам кемде-кем. Өйткені, Айнабұлақ ауылдық округі әкімі аппараты округ аумағында ҚР-ның Мемлекеттік рәміздерін қолдану және насихаттау бағытында жеке жоспар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді,
Бұл бағытта жүргізілген жұмыстарға ауданның жауапты мекемелер тарапынан қолдау тауып отырмыз. 13 наурызда әкімшілік ғимаратында «Рәміздерді құрметтеу – Отансүйгіштіктің белгісі» атты кездесу өтті. Бұл шараның мақсаты – Қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда тәуелсіз мемлекетіміздің желбіреген Туын, ерекше Елтаңбасын, асқақтай әуелеткен Әнұранын құрмет тұтудың маңызы зор екенін түсіндіру.
12 сәуір күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздерінің 27 жылдығына орай «Көк байрағы асқақтаған – Қазақстан» атты мектеп мұғалімдері және әкімшілік қызметкерлерінің қатысуымен семинар өтті. Семинарда рәміздерді тұрақты насихаттау, пайдалану тәртібін түсіндіру жұмысын жүргізу қажет екендігі айтылып, слайд көрсетілді.
4 мамыр күні «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш» атты жұмысшы тобымен жиын болды. Жиында Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу, жасөспірімдердің Отансүйгіштік сезімін қалыптастыру туралы айтылды. Осы іс-шаралар аясында сынып сағаттары, дөңгелек үстелдер, ашық тәрбие сағаттары, қабырға газеттер сайыстары, оқырмандар конференциясы, патриоттық әндер байқауы жыл бойы өткізіліп отырады. Ал, ауыл кітапханасында рәміздер бұрышы, тарихи патриоттық кештер, арнайы көрмелер ұйымдастырылуда. Мемлекеттік рәміздерді насихаттау бойынша мектеп оқушылары арасында шығармалар, мәнерлеп оқу сайыстары өткізілді. Бұдан өзге аты аталмаған іс-шаралар көптеп кездеседі.
Қорыта келе айтатыным, аудан әкімінің жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиясының және ішкі саясат бөлімінің көрсеткен бағыты бойынша жұмыстар атқарыла беретін болады. Біз өз құндылықтарымызды жоғары бағалаймыз және келешек жастарға насихаттаймыз!
Баяндамалар тыңдалған соң, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Дәлелхан Жәніш аудан бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде хабарлама жасап, ой-пікірімен бөлісті.
- Құрметті жиынға қатысушылар! Бүгінгі комиссия отырысы зор маңызға ие деп білемін. Бұл отырыс алдында ішкі саясат бөлімі мекемесі тарапынан бірнеше жұмыстар жүргізілген болатын. Атап айтсам, Алғабас, Айнабұлақ ауылдық округтерінде толық зерделеу жұмыстары өткізілді. Салыстырмалы түрде, Мұқаншы ауылдық округінде де осы жұмыстар өтті. Зерделеу жұмыстары бірнеше сұрақтар төңірегінде орын алып, шешімін тапты. Кемшіліктер де болды. Жалпы алғанда, рәміздер біздің ұлттық символымыз болып саналады. Сол себепті, қай жерде болмасын, әр уақытта құрмет тұтуымыз керек, - деп атап өтті.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша, бірнеше шешім қабылданды. Алғабас ауылдық округінің әкімі Дәурен Сәбитұлына жоспарланған іс-шараларды бақылауда ұстап, Мемлекеттік рәміздердің стандартқа сай дұрыс орналасуын және рәміздерді насихаттау бойынша жұмыстарды уақытымен БАҚ беттеріне орналастырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жоғарыда атап көрсетілген сұрақтар тек осы аталған екі округтен басқа да ауылдардың назарға алып, нақты жұмыстар атқаруды жүктеді.
Осы және де өзге шешімдердің орындалуын қадағалау ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Қисметовке міндеттелді.
ТҮЙІН: Еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, Мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған Егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан, Мемлекеттік рәміздерді қас¬терлеу азаматтарымыз үшін басты міндет болып табылуы тиісті. Сондай-ақ ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып, өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша.