
Менингококк жұқпасы – түрлі клиникалық көріністермен сипатталатын жіті бактериалды инфекциялық ауру. Сырқаттанушылықтың бірнеше түрлері бар. Менингиттер – серозды және іріңді, қоздырғыш түрлері бойынша вирусты және бактериалды болып бөлінеді. Бұл жұқпаны тудырушы микроб – Neіsserіa menіngіtіdіs деп аталады. Инфекция көзі ауру адам немесе бактерия тасымалдаушылар болып табылады. Бактерия тасымалдаушылар өздері ауырмайды, айналасындағыларға ауруды жұқтырады. Жұқпаның берілу жолы – ауа тамшылы, ауру жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде таралады. Микроб сау адамның ағзасына науқаспен немесе тасымалдаушымен бірге ұзақ уақыт қарым-қатынаста болғанда тыныс жолдарының шырышты қабаты арқылы енеді. Жұққан сәттен бастап 1-10 күн аралығында сырқат пайда болады. Ол айналасындағы адамдарға алғашқы күннен бастап-ақ қауіпті. Сырқаттанушылықты қабылдағыштық өте жоғары. Менингит жұқпаларының белгілері: дене қызуының көтерілуі, бастың қатты ауруы, мұрны біту, жүрек айну, құсу, мойын етінің құрысып қалуы, аяқ-қолдарын соза алмауы, әлсіздену, жарыққа қарай алмау, денеге қол тигізсе ауырсыну. Алайда балаларда да, үлкендерде де алғашқы күндері бұл белгілердің кейбіреуі байқалмауы мүмкін. Егер де иммундық жүйесі төмендеген болса, микроб әрі қарай қанға өтіп, аяқта, жамбаста, дененің қырында жұлдыз тәрізді бөртпелер пайда болады. Бүйрекке, бас миына асқынулар береді. Сөйтіп, аурудың ең ауыр түрі – менингококты сепсис дамиды. Емдеу шараларын неғұрлым ерте бастау керек. Сонда ауру тез сауығады. Емнің нәтижелігі ауруханаға уақытында жатуымен және емдеу шараларының тағайындалуымен байланысты. Үйде емделу ешқандай оң нәтиже бермейді.
Менингитпен әр жастағы адамдар ауырады. Сырқатқа шалдығатындар иммунитеті төмен, жиі ауыра беретін адамдар, жас сәбилер болып келеді.
Менингиттің алдын алу шаралары:
- халық көп жиналатын орындарға (той, ас, тағы басқа шаралар) кішкентай балаларды апармау;
-14 жасқа дейінгі балаларға жаз маусымында суға шомылуды мүмкіндігінше азайту;
- көкөністерді, жеміс-жидектерді қайнаған сумен жуып барып жеу;
- жеке бас гигиенасын қатаң сақтау, қолды әрдайым сабынмен жуу;
- салауатты өмір салтын ұстану;
- құнарлы тамақтану, витаминдер қолдану;
- дене шынықтырумен айналысу, шынығу, көп қозғалу;
- үйде желдету, ылғалды тазалау жұмыстарын жиі жүргізу.
Өз денсаулықтарыңыз сіздердің қолдарыңызда екенін әрқашанда ұмытпаңыздар!
М.АЖИЕВА,
аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің
сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқарма басшысы