
Экономиканың маңызды саласы ретінде еліміз ауылшаруашылығын дамытуға баса назар аударып отыр. Оның ішінде мал шаруашылығының орны бөлек. Осы бағытта мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп, қаржылай көмек беру де қолға алынғаны белгілі. Осы мақсатта, 29 шілде күні аудан әкімшілігінің үлкен мәжіліс залында шаруаларға арналған жиын өтті. Бұл жиынға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Алматы облысы бойынша филиалы кредиттік бөлімінің басшысы Шара Сүлейменова арнайы шақырылды. Одан бөлек, аудан әкімінің орынбасары Нұрдәулет Кененбаев, аудандық ауылшаруашылығы бөлімі мен кәсіпкерлік бөлім, округ әкімдері мен ауылдағы мал шаруашылығымен айналысатын шарулар қатысты.
Ауыл десе, екінші деңгейлі банктердің басым көпшілігі несие беруден бастарын ала қашатын. Ал, Шара Шажабайқызы өздерінің бөлімдері арқылы қорықпай несие алып, бастар ісіңді әрмен қарай дөңгелетіп әкетуге болатын айтты:
- Өздеріңізге белгілі, мемлекет әр жыл сайын 600 млрд. қаражатты осы ауылшаруашылығы саласына бөледі. Оның 100 миллиарды осы мал шаруашылығына арналған. Елімізде түрлі бағдарламалар бар. Атап айтар болсақ, шағын және орта бизнесті еліміздегі етті мал шаруашылығын дамытуға жұмылдыру, етті бағыттағы мал басының үлесін арттыру және одан алынатын өнімдерді экспортқа шығару мақсатында Үкімет арнайы «Сыбаға» бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарлама бойынша агроөнеркәсіп нысандарына асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуға несие беріледі. Сыбаға бағдарламасының шарттарына тоқтала кетсек, ұсақ мүйізді малға жылдық сыйақы мөлшері 6% - бен 84 айға, ал асыл тұқымды ірі қара малға 14% - бен, оның 10% - ы субсидиялау шартымен 180 айға несие беріледі. Сондай – ақ алатын сомаңызға қарай кепілге қоятын мүлкіңіз, мал тұратын талапқа сай қора – қопсыңыз болуы шарт. Несие ала қалсаңыз, сізге жеңілдік ретінде төлем уақытына каникул беріледі. Бұл да болса шаруаға жасалған жеңілдік деп білу керек.
«Іскер» бағдарламасы - ауыл шаруашылығы өнімінің өндіру және өңдеу, ет, сүт және жеміс-көкөніс өнімдері бойынша сервистік-дайындау қызметтерін ұйымдастыруға бағытталған ауыл шаруашылығы кооперативтерін кредиттеу. Бұл бағдарламадағы несиені тек ауылшаруашылық бизнесі емес, әртүрлі бизнеске қолдануға болады. Бірақ, айналысатын бизнес ауылда болу керек. Несие мөлшері 6%. Бұл бағдарламаларға «КазАгро» холдингі кепіл бола алады. Осы проблеманы шешу үшін «ҚазАгро» ұлттық холдингі ауылдағы бизнесті несиелеу процессіне жеке қаржы құрылымдарын – Шағын қаржы ұйымдары мен Несие серіктестіктерін тарту бағдарламасын әзірледі. Бұдан басқа, Холдинг әсіресе ауылдағы жұмысын жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін ыңғайлы шағын қарыздарды кепілдендіру жүйесін енгізеді, ол шағын бизнеске кепілзатпен проблемасы болған кездің өзінде несие қаражатын алуға және өз ісін бастауға мүмкіндік береді. Жаңа схема өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде әзірленді, оны іске асыруға НС және ШҚҰ арқылы 6% мөлшерлемемен 11 млрд.теңге қарастырылған. Мемлекет атынан «ҚазАгроКепіл» АҚ кепілдік етеді.
Кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін кепілдік көлемі шағын несие құнының 85%-ын, жұмыс істеп тұрғандар үшін – 50%-ға дейін болады. Несие серіктестіктері мен шағын қаржы ұйымдарының қарыздары ғана кепілдендіріледі. Осы ретте, ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне ҚазАгроКепілдің офисіне барудың қажет емес екенін атап өту қажет, кепілдік алу үшін өтінім несиелеуге құжаттардың топтамасын өткізу кезінде рәсімделеді және АШТӨ тарапынан шығынды қажет етпейді, - дей келе, атаулы бағдарламаларға түсініктеме берді.
Ал, ендігі мәселе - бұл несиеге қалай қол жеткіземіз?
Әрине, жаңа кәсіпті ұршықтай иіру үшін қомақты қаражат керек. Ал, банктер жеңілдетілген несиені кепілдігің болса ғана береді. Көбінесе, ауыл тұрғындарының кепілдіктері сын көтермейді, мүліктерінің бағасы арзан. Сондықтан, банктер ауыл десе ат-тонын ала қашады. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер кепіл жоқтықтың кесірінен несиені тым ұзақ мерзімге алады, немесе пайызы жоғары қаржы институттарына жүгінеді. Содан кейін алдына қойған мақсатын орындай алмай қиналады. Бүгінгі жиын сан сауалға бір жауап болғандай...