
Елбасының ұсынған «Құтты мекен» жобасы аясында партиялық бақылау комиссиясы аудан орталығына рейд жүргізді.
6 тамыз күні «Nur Otan» партиясы жанындағы партиялық бақылау қызметінің басшылығы жұмыс барысымен ауданға келді. Сапар барысында Балпық би ауылындағы салынып жатқан 50 және 20 пәтерлі жалгерлік тұрғын үй құрылысының жұмыс қарқынымен танысты.
Рейдке облыстық партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ермек Келімсейіт, филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, облыстық филиалдың партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Элеонора Талданбаева, аудан әкімінің орынбасары Дәулет Халелов және аудандық партия бақылау комиссиясының төрағасы Орынхан Нұртаев қатысты.
Нысандарды аралау барысында Ғалиасқар Төлендіұлы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысының және жолдардың орташа жөнделуіне баса назар аударып, мердігер мекеме басшыларына тапсырма да берді.
Көпқабатты үйлердің құрылысына жауапты аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Қажым Әдетбековтың айтуынша, бұл көппәтерлі үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынуда.
«Бағдарлама аясында жоспарды әрі қарай іске асыру үшін Балпық би ауылында 50 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылысын жүргізу үшін және мердігерді анықтау мақсатында ағымдағы жылдың ақпан және наурыз айларында мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, құрылыс жұмыстары сәуір айының 15-нен басталды. Бүгінгі таңда монолиттік жұмыстары аяқталды. Қарашаның 30-на өткіземіз деп жоспарлануда.
Жалпы, бұл үйдің құрылысына 40 шақты адам жұмылдырылды. 30 пәтер көпбалалы отбасыларға, ал, 20 пәтер аз қамтылған отбасыларға берілетін болады.
Үш бөлмелі пәтерден - 5, екі бөлмелі - 25 және бір бөлмелі - 20 пәтерді құрайды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сомасы 465 миллион 950 мың теңгені құрайды», - деп атап өтті.
Ал, 20 пәтерлі үйдің құрылысы жайында мердігер ЖШС «СтройСервис» ИНК компаниясының басшысы Олжас Абдилдинов жауап берді:
- Бұл үйдің құрылысы маусым айында ғана басталды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сомасы 162 миллион 646 мың теңгені құрайды. Желтоқсан айының 16-на беріледі деп күтеміз.
Барлық жұмыстың қарқынымен танысқан Ғалиасқар Сарыбаев кейбір олқылықтарға көңілі тоймайтынын да жеткізді. Атап айтсақ, құрылыс алаңындағы қауіпсіздік техникасының болмауы комиссия мүшелерін толғандырды. Қосымша, адам санының аздығынан құрылыстың уақытылы аяқталмай қалуы мүмкін екендігін де ескертті.
Рейд соңында комиссия мүшелері өз ұсыныстарын жеткізіп, аудандағы көпбалалы отбасылардың тізімін анықтады. Партиялық бақылау комиссиясының қадағалауы алдағы уақытта да жіті бақылауда болатынын жеткізді.