
7 тамызда аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының мәжіліс залында Көксу аудандық Әділет басқармасының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингісінің «Кәсіпорындарды ашу» индикаторы бойынша семинар өтті.
Бұл жиынға «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Көксу ауданы бойынша филиалының басшысы Айдос Мүлікбай, аудандық Әділет басқармасының басшысы Айтжамал Шегебаева, аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің бас маманы Қанат Сенадилов пен кәсіпкерлік бөлімі және жас кәсіпкерлер қатысты. Іс-шараның мақсаты – азаматтарға жеке кәсіпкерлік субъектілерін электронды тіркеу жолдарын түсіндіру.
Кездесу барысында, Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингісінде еліміздің ұстанымын жақсарту мақсатында «Кәсіпорындар ашу» индикаторы бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар реті таныстырылып, кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту туралы тиімділігі, орта бизнеске инвестиция тарту сынды мәселелер қаралып, ауылшаруашылық кәсібін дамыту мақсатында кәсіпкерлерге жеңілдіктер көрсету бойынша ұсыныстар айтылды.
Айдос Серікұлы болса, жас кәсіпкерлерге уақыттың ұтымдылығын пайдалана отырып, қалай жұмыс істеу қажеттілігін, яғни, E-gov порталы арқылы өз ісіңді тез аяқтауға болатындығын түсіндірді.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерін электрондық үкімет порталында мемлекеттік тіркеу кезінде азаматтарға толық мағлұматтар беріліп және қойылған сұрақтарға толық жауап қайтарылды.