
Еліміздің ішкі саясатының тұрақты болуы әр саладағы даму кезеңінің берік кепілі. Елбасы Н.Назарбаев орнатқан саясаттың негізгі мақсат-мүддесі еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтере отырып, әлемдік деңгейдегі дамыған елдердің қатарынан орын алу. Дау жоқ, жер-жердегі ішкі саяси ахуалдың тұрақты болуы уақыт ағымына сай ілгерілей түсуімізге бірден-бір дәнекер.
Шындығында біздің ішкі саясатымыз экономика, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге негізделген. Жалпы, облыс көлеміндегі ішкі тұрақтылық пен ішкі саясаттың орнықтылығы жөнінде Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жаңыс Сапарғалиевтың қатысуымен аудан әкімшілігінің кіші мәжіліс залында дөңгелек үстел өтті. Бұл жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, округ әкімдері мен бөлім, мекеме басшылары қатысты.
«Негізгі міндетіміз – жергілікті деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру болып табылады» деп, сөз бастаған Жаңыс Құдайбергенұлы қоғамдық-саяси ахуалдың алдын-алу шараларын түсіндірді. - «Дәл қазір ақпарат саласы жаңа аренаға шықты. Осының арқасында кейбір тұрғындар арасында қоғамдық-саяси ахуал тұрақсыз. Осының көбісі әлеуметтік желілерге байланысты.
Қазіргі таңда еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін әлеуметтік желіні бақылауда. Кішігірім жаңалыққа халық даурыға қарайды. Ал, осының аяғы үкіметке деген сенімсіздікке әкеліп соғады. Қалай болғанда да әлеуметтік желі ақпараттық идеологияның ажырамас бөлшегіне айналды. Осы платформа арқылы ақпарат берудің жаңа формасы пайда бола бастады. Әрине белгілі бір пайдалы тақырыптарды қаузап, қоғамдық талқылауға салып, шешу жолдарын ұсынып жүрген әлеуметтік топтар да бар. Әр адамның ішкі мәдениеті, тәрбие-танымы әртүрлі. Көрген-білгені, көңілге түйгені, бойдағы «нәрі», бәрі әртүрлі. Қоғамдық тәрбие әр адамның жеке мәдени көзқарасы негізінде қалыптасады. Олай болса, әр адам желідегі өз жазбасы арқылы мәдени ортаны не тазартып, не лайлап жатыр деуге болады. Әлеуметтік желі – рухани мәдениеттің жаңа түрін түзіп жатқан платформа. Ал рухани мәдениет тақырыбы осы уақытқа дейін өте нәзік, тым астарлы һәм тағдырлы сипатымен бұзылмай келді. Сондықтан желідегі жазбамызға абай болайық.
Біздер «Alem Social» базасы арқылы барлық аймақтағы әлеуметтік желі арқылы жүргізіп отырған жұмыстарыңызды бақылаймыз. Осы арқылы әр ауданға мониторинг жүргіземіз», - дей келе, ауданға қарасты барлық әлеуметтік желі әлеуетін көрсетті. Және, округ әкімдеріне өз парақшаларын қатаң жүргізуді тапсырды.
ТҮЙІН: «Әлеуметтік желі қару сынды. Дұрыс қолдансаң қорғанышың, қолдана алмасаң өзіңді жарақаттап алуың мүмкін» деген даналық бар. Рас-ау... Әлеуметтік желіден ды-дың етіп келетін бір ғана хабарлама, бүгінді барлығымызды шынайы өмірден алыстатып барады. Ата-ана мен бала арасындағы рухани байланысты азайтып, виртуалды әлемнің шырмауына байлап жатқан әлеуметтік желіні шегімен қолдану қажеттілік қана емес, міндет! Өйткені қоғам әлеуметтік желінің зомбиына айналып, шын өмірдің бет-бейнесін жоғалтып жатыр. Әр нәрсе өз орнымен қолданылуы тиіс.