
Тарихы тереңнен бастау алатын облыстық «Жетісу», «Огни Алатау» газеттері биыл ғасыр тойын тойлағалы отыр. Қос газеттің мерейтойы қарсаңында аудан әкімдігі кіші мәжіліс залында оқырмандармен кездесу өтті.
Аталмыш шараға «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Жанәділов, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев, «Огни Алатау» газетінің бөлім меңгерушісі Хасан Еспанов, Көксу ауданы әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков және ауданның тұрақты оқырмандары қатысты.
Жиынды ашып, алғашқы сөзді алған Ұлан Әлдибекұлы 100 жасаған газеттердің тарихына көз жүгіртті.
- «Облысымыздағы бұқаралық ақпарат құралдарының көшбасшысы болып тұрған қос газеттің тарихы сонау 1918 жылдан бастау алады. Үлкен өзгерістерді, қоғамдағы түбегейлі бетбұрыстарды бастан өткеріп жатқан алмағайып жыл еді, бұл «Огни Алатау» газеті 8 наурызда «Заря Свободы» болып, маусымда «Жетісу» газеті «Жетісу ісші халық мұхбыры» атауымен өз оқырмандарына жол тартқан еді. Екі басылымда да еліміздің бетке ұстар азаматтары қызмет еткен. Ғасыр жасаған газеттердің бүгінде көтерген жүгі ауқымды, – деп қос басылымды мерейтойымен құттықтады. Арнайы ауданға келіп, оқырмандармен кездесу ұйымдастырып отырған «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Базарұлы жиын барысында сөз алып, шараның мақсатын айтып, жұртшылыққа мерейтой аясында өтіп жатқан мәдени іс-шаралар мен газеттің таралымы жайлы кеңінен түсіндіріп өтті. Ал, аштықты, жоқтықты, кеңестік идеологияны, соғысты, тәуелсіздіктің алдындағы тоқырауды, талай аумалы-төкпелі замандарды көрген ата басылымның тарихына көз жүгірткен облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Оспанұлы сөз алып: - «Міне, қиын-қыстау кезеңдерден өткерген ғасырмен құрдас «Жетісу» газеті 100 жасқа емен-жарқын, еңсесі биік келе жатыр. Оның түпкі негізі әу бастағы құрылымында. Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды Алаш арыстары мұқым елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, бүркеншік аттармен мақала жазып, газетті халықтың рухани қазынасына айналуына үлкен жол ашты. Сондықтан, бұл газетте тек Жетісудың ғана емес, бүкіл қазақтың тарихы жатыр. Қазіргі қоғамда технология қанша жаңарса да, Алаш арыстарының қолтаңбасы қалған ата басылым мәңгі өмір сүрері сөзсіз», - дей келе оқырмандардың көңілінен шығатын мақала жазу газеттің басты мақсаты екенін айтты. Сонымен қатар, «Огни Алатау» газетінің бөлім меңгерушісі Хасан Еспанов басылымның тарихынан сыр шертіп, жиналған оқырмандарға өз алғысын айтып, жылы лебізін білдірді.
«Жетісу» газетінің тұрақты оқырмандарының бірі, Алғабас ауылының ақсақалы Нұртай Қыдырәлі аптасына үш рет шығатын газетті үзбей алып оқитынын жеткізе келе басылымның бетінен салт-дәстүрімізді насихаттайтын, болашақ жастарға тәрбие беретін мақалалардың үзілмейтінін айтты. Әсіресе, айына бір рет шығатын «Ұлт ұяты», «Ардагер» сияқты газет ішіндегі газетті қариялар асыға күтетінін жеткізген ақсақал бүгінде ата басылым тілі өткір, ойы жүйрік жастармен толығып жатқаны қуантатындығын білдірді. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер ұстаз Аңсабала Балабекова да қос газетке деген жылы лебізін білдірді.
- «Басылым беттерінде рухани қазына алатынын және салт-дәстүрімізді жаңғыртып, жастардың тәлім-тәрбиесіне қажетті мақалалар түгелдей қамтылған. Сонымен қатар, газет бетінен рухани азық аламыз», - деген ардагер ұстаз әлі күнге дейін аптасына үш рет шығатын газетті жік-жігімен сақтайтынын және үзбей алып оқитынын айтты. Кездесуден ерекше әсер алып отырған Аңсабала Балабекова өз ризашылығын «Жақсы адамдар» атты өлең шумағынан үзінді оқып білдірді.
Кездесу барысында аталмыш өлеңнің авторы Жұматай Оспанұлы «Сендер аман болыңдар жақсы адамдар» өлеңімен қоса «Жетісудың жеті кереметін» оқып, жиналғандарды бір серпілтті.
Аудандық «Үш ұрпақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бақыт Шеңгелбаев та ортада қос газеттің оқырманы ретінде алғысын айтып, газет бетінде жарияланған мақалаларды еске алды.
Шара соңында облыстан келген меймандар ауданның тұрақты оқырмандары қатарындағы Нұртай Қыдырәлі, Аңсабала Асылбекқызы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Кубиева, Бақыт Шеңгелбаев, Галина Белашоваларды «Алғыс хатпен» марапаттап, қысқа толқынды пештер сыйға тартты. Аудан әкімінің орынбасары Ұлан Әлдибекұлы ауданға келіп, кездесу өткізіп, тұрғындармен пікір алмасып, емен-жарқын әңгімелескен «Өлке тынысы» ЖШС-і директоры Мейрам Жанәділов, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев, «Огни Алатау» газетінің бөлім меңгерушісі Хасан Еспановтарға алғыс айтып, сый-сияпатпен құрмет көрсетті.
Жадыра ЕРМҰХАНОВА
Балпық ауылдық округі.