
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық ауылшаруашылығы жерлеріне аудит жүргізуді және жер кадастрының ақпараттық жүйесін цифрландыруды тапсырған болатын. Ал, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қазақстандағы аграрлық-өнеркәсіптік кешенді цифрландыру жұмыстарын таныстырды.
«АӨК-ті цифрландыру климаттың өзгеруіне бейімделу сын-қатерін азайтады, егінді арттырып, мал басын көбейтеді, бизнес-процестерді дер кезінде жоспарлауға мүмкіндік береді. «Ақылды» басқару шешімін қабылдау үшін фермер спутникпен түсірілген суреттер, жер өңдеу алгоритмдері, жоғары технологиялы датчиктер, мобильді қосымшалар мен GPS жүйе сынды цифрлық технологияларды меңгеруі тиіс», - деп атап өтті министр елордада өткен ХІІ Астана экономикалық форумында. Оның айтуынша, өткен жылы бекітілген е-АӨК бағдарламасы мемлекеттік қолдау шараларын автоматтандыруға, дәлме-дәл ауыл шаруашылығы жобаларын жүзеге асыруға және бизнес пен АӨК өкілінің өзара ынтымақтасуына бағытталған. «Ауыл шаруашылығы субсидияларын алу процедурасы толық автоматтандырылған. Субсидиялау процесін автоматтандыру мен фермер жұмысын жеңілдету үшін егістік жері 100% цифрландырылды. Осы арқылы фермер өз алқабын үйден шықпай-ақ басқару мүмкіндігін алды. Көктемгі, суару, жинау жұмыстары үшін жеңілдікпен берілетін дизельді отынды да электронды түрде бөлу жұмыстары жүруде. Өсімдік және мал шаруашылығы бағытында дәлме-дәл ауыл шаруашылығы жүйесі енгізіледі. Агрономияның жаңа технологиялары мен техникасын қолдану арқылы пилоттық нысандарда астық 2,5 есе көбірек жиналды және шығын 20% азайған», - деді С. Омаров. Мал шаруашылығында заманауи смарт жүйелерді қолдану оң нәтижесін берген. Пилоттық жобада сүт сауу жұмыстары 20% көбейіп, төл өсіру - 30% артқан. «Ауыл шаруашылығы өнімін құжаттық бақылау жүйесі де енгізу сатысында тұр. Бұл арқылы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін, экспорт-импорттың ашықтығын қамтамасыз етуге болады. Тауарларға үнемі бақылау жасалып, Қазақстан нарығы инвестициялық тұрғыда тартымды бола түседі. Ұлттық кеңістіктегі деректер инфрақұрылымы жобасы аясында координат нақтылығын арттыру, кеңістіктегі деректер ашықтығын қамтамасыз ету жоспарланған. Бірыңғай мемлекеттік координаторлар жүйесі орнатылып, республиканың барлық аумағын қамтиды», - деді министр.
Ал, аудан ауылшаруашылығы саласына назар салар болсақ, қазіргі уақытта барлық жерлерді электрондық жүйеге енгізуіне байланысты, мемлекеттік жер кадастрының деректеріне сәйкес ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ауыл шаруашылығы мақсатына арналған (жайылым, шабындық, көп жылдық екпелер) жерлерінің барлық алқабы бойынша электрондық картасын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан бойынша 355 504 га жайлымдық жерлерді электрондық картаға енгізу қажет. Бүгінгі күнге 80 пайызға орындалды немесе 293 шаруашылық 509 электронды алқап, 284 304, 77 гектар жайылым жер енгізілді. Шабындық жерлер бойынша жоспар - 5423 га. Бүгінгі күнге 57 шаруашылық 98 электронды алқап, 1644,55 га шабындық жер электрондық картаға енгізілді, орындалуы 30,3%. Көп жылдық екпелер бойынша жоспар – 122 га. Қазіргі уақытта 48,19 га көп жылдық екпе жер электронды картаға енгізілді, орындалуы 39,5%.
Бір айтарымыз, қай сала болмасын, Президент тапсырған тапсырма ауданымызда 100 пайыз сапалы орындалуда.