
Тамыз кеңесі – ұстаздар арасында көп жылдан бері дәстүр болып қалыптасқан алқалы жиын ғана емес. Бұл –білімінің заман талабына сай даму бағыттарын айқындайтын, ұлт ұрпағын тәрбиелейтін тұлғалардың пікір алмасып, ой бөлісетін ортасы. Өткен аптада Елордада Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен дәстүрлі "Тамыз кеңесі" өтті. Бұл жолғы отырыс білім атты қайнар бұлақтың жанашырлары - ұстаздардың мәртебесін асқақтатқан жиын болды деп айта аламын.
"Білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Бұл, алдымен, мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорға байланысты мәселелер. Аталған бағыттар бойынша тиімді жұмыс істеу қажет, яғни туындаған мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды шешудің оңтайлы жолдарын ұсыну керек", – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев. Оған қосымша, үштілділікті қайта қарауды тапсырды. Бұл дегеніміз - мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған бүлдіршіндер үшін жасалған жағдай. "Жас маман" жобасының іске асырылуын да тапсырды. Менің ойымша, ұстаздар зейнет жасына шыққасын орындарын жас мамандарға беру керек. Себебі, жастар - тұнып тұрған ақыл ой иесі емес пе?
Және де, мұғалімдердің жалақысын көбейтуді қарастырды. Адамзат баласына білім беретін жандарға осындай сый-құрмет көрсетілуі лайықты деп ойлаймын.
Мәлік БЕЙСЕНОВ,
"Нұр Отан" партиясы Көксу аудандық филиалының бірінші орынбасары.