
Міне, жадырап жаз өтіп, алтын күз де асығып тұрғандай... Табиғаттың осы бір жыл мезгілін әркім-ақ сыңғырлаған жез қоңырау үнімен, мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың қарбалас, сағыныса табысқан қуанышты сәттерімен елестетеді.
Санаулы күндерден кейін жаңа серпіліс, жаңа талаптары анықталған жаңа оқу жылы басталады. «Әр iстiң өз iргетасы бар» дегендей, әр жаңа оқу жылының өз жоспар-жобасы болуы заңдылық.
Өткен аптада Елорда төрінде барша ұстаздар қауымы күтетін «Тамыз кеңесінің» өткені белгілі. Бұл кеңес отырысында бірқатар келелі мәселелер көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті екенін айта келе, болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет екеніне тоқталып өтті.
Президент атап өткен бағдарларды саралаған аудандық білім бөлімінің басшысы Тлеумұрат Сейтниязов жаңа оқу жылымен ұстаздар қауымын құттықтап, алға қойған айқын мақсаттарымен бөлісті.
- Құрметті әріптестер! Баршаңызды басталғалы отырған 2019-2020 жылғы жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын!
Үстіміздегі жыл ел көлемінде қоғамдық, саяси, зор мәнге ие ерекше жыл болып отыр. Қазіргі таңда қоғамда барлық салада прогреске толы өзгерістер жүргізілуде. Осындай игі істер біздің білім саласында да қарқын алуда. Қазіргідей аса жауапты кезеңде біз жаңа оқу жылын бастап, алдымызға жаңа мақсат, жаңа міндет жүктегелі отырмыз.
Өткен оқу жылында барлық мектептер бойынша бірінші кезекте өмірдің қиын жағдайына тап болған балалар мен жасөспірімдерді анықтап, оларға материалдық және рухани қолдау көрсетуден жұмысымыз басталды. «Мәңгілік Ел –мәңгілік отбасы» атты отбасылық байқау, тарихи–мәдени құндылығы бар жерлерге танымдық саяхат, көрме, сурет байқауы, «100 жаңа есім» арнайы жобасы бойынша ауданның атақты адамдарымен кездесулер басталып, арнайы іс-шара жоспары бойынша басқа да көптеген жұмыстар өз жалғасын тапты. Оқу процесінде 1,2,3,5,6,7,8 сыныптарда жаңа бағдарламамен жұмыс істеді. Ең бастысы білім саласына бөлінген қаржы дер кезінде толығымен бөлініп, тиісті бағыттар бойынша толығымен игерілді. Нәтижесінде 2018-2019 жылғы оқу процесі толыққанды, талапқа сай өткізілді.
Білім саласында мемлекеттің басты проблемасы үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер санын азайту. Ал, біздің ауданымызда үш ауысымда жұмыс істейтін мектептер жоқ. Қызылтоған орталау мектебіне жаңа ғимарат салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Зылиха Тамшыбаева атындағы орта мектебі толық күрделі жөндеуден өтті. Ауданымыздағы барлық 25 мектептің материалдық - техникалық базасы, жалпы жағдайы басқа аудандармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Ауданымыз жаңа оқу жылын шамамен 7300 оқушымен 25 жалпы білім беретін, 1 мектептен тыс, 15 мектепке дейінгі мекемелермен, жалпы саны 41 мекемемен бастағалы отыр. Өткен оқу жылының басында аудан мектептерінде 459 класс-комплектіде 7881 оқушы (39- сынып комплектіде 681оқушы - дайындық тобы, 420 сынып- комплектіде 7200 оқушы – 1-11 сынып) тіркелсе, 2018-2019 оқу жылынның 1-11 сыныптарын 7202 оқушы аяқтады. Аудан бойынша оқушылардың сыныптардағы орташа толымдылығы -17,1 % пайызды құрады. Оқу жылының басынан 20 мектептен 70 оқушының дәрігерлік психологиялық-педагогикалық анықтамасына байланысты үйден оқытылуы ұйымдастырылды. Аудан бойынша 17 мектепте инклюзивтік оқыту ұйымдастырылған, онда 25 арнайы маман жұмыс істейді. Оқушыларды толық сапалы біліммен қамту үшін 11 елдімекеннен 205 баланы тасымалдап оқытылды. Сондай-ақ, 312 бала ішкі тасымалдаумен қамтылды. Оқу жылында 20 мектепте асхана жұмыс істеді. Бұл аудандағы мектептердің 80 пайызын құрайды. Сонымен қатар, ыңғайластырылған 5 мектепте буфет жұмыс жасады. Оқу жылында 648 бала ыстық тамақпен, 369 бала буфет арқылы тегін тамақтанды. Мектептердің барлығы 100% кең жолақты интернет желісіне қосылған. 11 мектепте лингофонды – мультимедиялық кабинет, 25 мектепте барлығы 102 интербелсенді тақта, жаңа үлгіде жабдықталған 12-физика, 11- химия, 10-биология кабинеттері бар. «Күнделік.кz» электронды журнал жүйесіне ауданның 22 мектебі қосылған. Оқу жылының қорытындысы бойынша аудан мектептеріндегі орташа білім сапасы –63,2%. Биылғы оқу жылын 1576 оқу үздігі, 2978 оқу екпіндісі аяқтады.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша 27 оқушы облыстық олимпиадаға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Бұдан өзге спорт саласынан да орын алып жүрген майталмандарымыз баршылық.
Келесі оқу жылына бірқатар міндеттеріміз де бар.
1. Мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогикалық қызметтің сапасын жақсарту;
2. Мектеп жасындағы балаларды толық оқумен қамту;
3. Мектептердегі білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстың нәтижелілігіне қол жеткізу;
4. Білім беру мекемелерінің мемлекеттік аттестаттаудан өтуге дайындығын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу;
5. Жаңа модификация және роботатехника кабинеттерімен қамтамасыз ету;
6. IT - сыныптар ашуды қамтамасыз ету;
7. Оқушылардың ҰБТ, ОЖСБ, ПИЗА, ПИРЛС, ТИМСС халықаралық зерттеулеріне, олимпиадаларға, ғылыми жоба жарыстарына, шығармашылық байқауларға дайындығының сапасын арттыру;
8 . Аз қамтылған отбасы балаларын тегін ыстық тамақпен, оқу құралдарымен, киіммен қамтамасыз ету шараларын жүргізу;
9. Мектебі жоқ елдімекен балаларын мектептерге толық сапалы тасымалдауды ұйымдастыру;
10. Жыл қорытындысы бойынша төмен білім сапасын көрсеткен пән мұғалімдерінің жұмысын білім бөлімінің бақылауына алу;
11. Оқушыларға қосымша білім беру жұмысын бақылауға алу;
12. Біліктілікті арттыру бойынша сертификатталған мұғалімдер жұмысын үйлестіру, бағыттау, тарату және бақылауға алу;
13. Оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтың, суицидтің, ерте жүктіліктің алдын алу жұмыстарын қатаң бақылауға алу;
14. Ауданның білім беру мекемелерінде температуралық режимнің сақталуын бақылауға алу.
Баяндама соңында мына бір жақсылыққа толы жарқын істер жайына ерекше тоқталып айтқым келеді.
Бүгінгі таңда ауданымыз игі істерімен тек аудан халқының ризашылығына бөленіп қана қоймай, ұзын жолмен ары бері өтіп жатқан ондаған мыңдаған жолаушылардың көз қуанышына айналды. Салынып жатқан үйлер, жасалынып жатқан жолдар, түрлі спорт алаңдары, жол бойына отырғызылған замануи ағаштар, жарқыраған көше шамдары замануи үлгідегі нақты игі істер бәрі көз алдымызда. Мәдениет пен руханият саласындағы жетістіктеріміз қаншама. Осындай жасампаз істердің ұйымдастырушысы да, ұйтқысы да болған аудан әкімі Алмас Қабдулұлына алғысымыз шексіз!, - дей келе, өз ризашылығын білдірді.
ТҮЙІН: Өмірдің ағысына ілесіп, өзгерістерді сырттан ғана бақылап, өзгенің жасағанын сынап, енжарлықпен жүре беруге де болады. Ол оңай. Көпшілік солай өмір сүреді. Бірақ жас ұрпақты, сол арқылы қоғам мен елді алға сүйрейтін жандар керек. Оны жасайтын – күнделікті өмірі мен қызметінде көзге көрінбейтін жаңалық, бірден еленбейтін өзгеріс әкелуге дайын жандар - ұстаздар. Солардың күнбе күн жасаған жақсылықтары жинала келе, айналаны адам танымастай етіп түрлендіретін өзгерістерге ұласады.
Сингапурлық эко¬номикалық ғажайыптың негізін қалаушы, сол елдің тұңғыш Премьер-Министрі Ли Куан Юдың сөзімен айтсақ: «Өзгерістер мен жаңаны қабылдауға бейім мәдениеттер қана өміршең болады. Оған дайын еместері артта қалып, құрдымға кетеді».
Сондықтан, өзгерістерге ашық, Ел мұраты мен ұрпақ тәрбиесіне адал болайық!
Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өткізген білім қызметкерлерінің І құрылтайында айтқан «Келешекке – кемел біліммен!» деген ұран-аманатын бірлесіп іске асырайық!
Өйткені, жас өркенді біліммен қаруландырып, қанатын қатайтып, әлемдік бәсекеге қосудың кілті – Сіздердің қолдарыңызда, мәртебелі ұстаздар!
Бұл – Сіздерге жүктелген абыройлы міндет!
Сол ұлы істе абыройларыңыз қашан да биік болғай!
Жаңа оқу жылдарыңыз жемісті де жеңісті болсын!