ӘЛЕУМЕТ

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 23.08.2019
Оқылды: 412 Печать страницы
«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Жаңа оқу жылының қарсаңында өтетiн «Мектепке жол» дәстүрлi акциясы биыл да көпбалалы, әлеуметтiк жағынан аз қамтылған отбасы балаларына қуаныш сыйламақ. Бұл үрдістің бастауына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Бүгінгі таңдағы ауыртпашылықтар — біздің үлесімізге тиген алғашқы сынақ емес, барлық қазақстандықтардың өркендеуі, қауіпсіздігі мен әл-аухатын жақсарту аса маңызды міндет болып қала береді. Сондықтан қазақстандықтарды аталған іс-шараларды жүзеге асыруға, еңбексүйгіштікке және қайсарлық танытуға, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесуге және қамқорлық көретуге шақырамын», - деп баса айтқан болатын.
Елордадан бастау алып, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде жалғасын тапқан бұл шара ауданымызда шілде айының 5-нен басталып, бүгінгі күнге 200-ге жуық балаға көмек көрсетілді.
Жыл сайын  өтетін қайырымдылық шарасы  биыл Қазақстан Республикасы Президентінің  тапсырмасымен көмекке мұқтаж балаларды барынша қамтуға басымдық беруде. Осыған байланысты, 2019 жылдың 5 шілдесінде облыс әкімінің «Мектепке жол» акциясын өткізу туралы №78-ө-к өкімі шығып, акцияны ұйымдастыру комитетінің құрамы мен жұмыс жоспары бекітілді. Жаңа оқу жылының қарсаңында  қолға алынған шара биылғы жылы «Жүректен -жүрекке» ұранымен өткізілуде. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жаныл Сүлейменова: – Біз ата-аналарға баланы мектепке дайындауға жан-жақты  көмектесеміз. Бұл — кеңсе тауарлары, мектеп формалары, спорттық киім, аяқкиім. Білім басқармасы тарапынан акция аясында атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша әр  10 күн сайын мониторинг жүргізіледі.  Көмекке мұқтаж  30 мыңнан астам баланың тізімі жасалды. Бүгінге дейін 770 балаға демеушілер тарапынан 9 миллион теңгенің көмегі көрсетілді. Жалпы алғанда, облыста 760 мектепте 390088 оқушы болса, оның 16176-сы көпбалалы, 14545-і аз қамтылған және сәтсіз отбасының 1459 баласы тіркелген. Өткен 2018 жылы 36 мыңнан астам балаға 350 млн. теңгенің қайырымдылық көмегі жасалды. Бұл қаржының 208 млн.теңгесі демеушілер тарапынан бөлінді. Осылайша жылдан-жылға акцияның ауқымы кеңейіп, тұрақты демеушілер  қатары артып отыр, – деп атап өтті.
Ал, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Айманбекованың сөзіне сенсек, жалпы аудан бойынша 7202 оқушы бала бар екен. Осы уақыт аралығында 2 миллион теңгенің заты 200 балаға қамтылды.
Республикалық акцияға барлық деңгейдегі мекеме басшылары, округ әкімдері, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер мен үкіметтік емес ұйымдар атсалысуда. Акция барысы әрмен қарай жалғасын таба бермек.
Қым-қуыт тіршілікте қиналған сәтте адамдардың бір біріне демеу болып, мейірім шуағын шашып, көмек қолын созуы мына жарық дүниені нұрға бөлейді. Сондықтан да болар, қазір мемлекет тарапынан да, түрлі ұйымдар, кәсіпкерлер мен жекелеген адамдар тарапынан да қайырымдылық жасау тұрақты ұйымдастырылатын игі шаралар легіне айналды. «Қолы ашықтың - жолы ашық» демекші, мұндай қайырымды жандарды көтермелеу шараларын өткізіп отырудың да өз артықшылықтары бар. Сондықтан мұндай адамгершіліктің биік шыңын паш ететін игі істерді БАҚ беттерінде жарыққа шығарып, халық арасында кеңінен насихаттап отыру - бүгінгі күннің басты талабына айналған.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.