
«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы – кәсіптің нәсібін көрем деген азаматтарға үлкен мүмкіндік. Бүгінде жоба аясында өз кәсібін ашып, шаруасын дөңгеленткендер қатарында Гүлсінай Ақбар да бар.
Қолына ине-жіп ұстап, іс тігетін жанға да кәсіп баршылық. Гүлсінай Ақбар жастайынан тігінмен айналысып, үйдің тұрмысына қажетті көрпе, жастық, құрақ көрпешелерді өзі тігіп алатын. Қытайда тігінші мамандығында білім алды. Кейіннен арнайы оқыту курстары мен тренингтерге қатысып, білімін жетілдірді.
Әуелі Амангелді ауылында жеңгесі екеуі шағын тапсырыстарды орындау арқылы нәпақасын тауып жүрді. Уақыт өте тігіншілік өнерін жеке кәсіпке айналдырып, кәсібін ашуды ойластырады. «Атамекен» ҰКП Көксу аудандық филиалына тиісті құжаттар тапсырып, 1,5 млн. теңге көлеміндегі қаражатқа қол жеткізді. Осылайша Балпық ауылындағы «Шаған» сауда кешенінде тігін цехы жұмысын бастайды.
Алған несиеге 5 тігін машинасын, маталар, ине-жіп секілді қажетті құрал-жабдықтар алды. Ісмерлер мектеп формаларын, көйлек пен костюм және тұрмысқа қажетті заттарға тапсырыс қабылдайды. Жаңадан ашылған тігін цехы үшін бұл – үлкен жетістік.
– Өзімнің қолымнан келген тігінді тігіп, кәсібімді дөңгелентіп отырмын. Қарамағыма бес жұмысшы алдым. Біреуі тігін тіксе, енді біреуі өрнектеп, берілген тапсырысты реттеп отырады. Осылайша өз кәсібімізді жүргізіп отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Шағын цех бүгінде өз тұтынушыларын тауып, келушілер қатары күн санап артуда. Кәсіпкердің алдағы жоспары – кәсібін кеңейтіп, үлкен шеберхана ашу.
Еңлік ҚАБДЕШ
Көксу ауданы