
2019 жылдың 25 қыркүйегінде Кербұлақ ауданы өңір тумасы батыр баба- Балпық бидің 325 жылдығын атап өтті. Бұл туралы Кербұлақ ауданының баспасөз қызметі хабарлады.
Татулықтың ордасындай болып, достықтың туын желбіретіп келе жатқан өңір – Күреңбелге облыс орталығы Талдықорған қаласынан, оңтүстік астанамыз Алматыдан, аудандардан Балпық би бабаның 325 жылдығына орай ұйымдастырылатын тағзым ету сапарымен делегация өкілдері келді. Оларды Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Сәдуақасұлы, аудандық маслихат хатшысы Бөкен Қабиұлы, Қоғамдық кеңес төрағасы Төленді Оспанбайұлы және т.б. қызметкерлер әнмен, жырмен, дәммен қарсы алды.
Атқарылып отырған шара барысында делегация мүшелері Сарыбұлақ ауылында жатқан Тіленші қазының, Балқаш ауданындағы Қабан жыраудың, Шеңгелді ауылындағы Бөлек бидің ескерткішіне тәу етіп құран бағыштап қайтты.
Айта кетейік, Осыдан 280 жылдай уақыт бұрын Жетісу жерінде әрі көсем, әрі шешен, әрі би, әрі қол бастаған батыр атанған Балпықтың тарихи еңбегі ерекше. Ескелді би, Қаблиса жыраумен бірге ол да көзі тірісінде әулие саналған, 1694 жылы дүниеге келіп, Қаратал, Көксу өзендерінің бойында 1784 жылы қайтыс болған. Балпық бабамыз Жүздеген жылдар бойы үздіксіз шапқын жасап тұрған Жоңғар қалмақтарынан ығысып, Сыр бойын, Шу бойын паналап жүрген Жалайырлардың басын құрап, Ескелді би, Қабылиса ақын, Орақ батырлармен бірге жаудан босаған Жетісу өлкесіне көшіріп әкеліп, қоныстандырған еңбегі ел аузында ерекше айтылады.
Одан кейін, келген қонақтар Сарыөзек ауылындағы «Ұлы даланың - ұлы даралары» саябағын аралап, «Балпық би дулығасы» атты көшпелі батырлар қару-жарақ көрмесін тамашалады. Артынша, Ә.Сарыбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиында бас қосты. Жиынды Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Сәдуақасұлы Бигелдиев ашып берді. Жиын барысында, Қазақстан Республикасының халық әртісі Ықтымбаев Нұржұман Байжұманұлы, «Үш бәйтерек» қоғамдық қорының жетекшісі өлкетанушы Қылышбаев Наурыз Қылышбайұлы, Кербұлақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сарыбаев Төленді Оспанбайұлы өз ойлары мен тілектерімен бөлісті.
Махаббат Сәдуақасұлы: «Ата бабаларымыздың рухына бас иіп, олардың даңқты жолымен жүріп өту – өскелең ұрпақтың үлесінде, сондықтан да біздер бүгінгі жастарға осындай игі істерді аманаттау міндетіміз. Жақсыларды айтпаған, асыл шырын сөз ғаріп, Қадірін оның білмесе, қайратты туған ел ғаріп, - деп Асанқайғы бабамыз жырлағандай, еліміз аман, рахат заман болсын!», - деген сөзбен салтанатты жиынды аяқтап, делегация өкілдерін концерттік бағдарламаны тамашалауға шақырды. Мәдениет үйінде Кербұлақ ауданының сегіз қырлы бір сырлы азаматтары келген қонақтарға өз өнерлерін паш етті. Жиын соңында бабаларымыздың рухына арнап құран бағышталып, ас берілді.