
Даналықтың алтын кілті – қарттарымыз. Ата жолын жалғап келе жатқан бүгінгі күнгі ақсақал аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз. Қария деген сөз елдің басы болу, ақылын айтар дана болу, ел төрінде құрметке бөлену, ас бергенде немерелерінің үлесін бөлер қамқоршысы, шаңырақтың шаттығын сақтап, бірлігін бекем етуге ақылын айтар елі мен жерінің кеңесшісі, қазақтың әр отбасында арқа тұтар осындай ата-әжелері бар. Олардың әрбір айтқан гауһар тасқа бергісіз ақылдары жас ұрпақтың өсіп-өркендеуіне өте мол үлесін тигізеді.
Ауданымызда 1 – қазан Халықаралық қарттар күні жыл сайын ерекше аталып өтіледі. Ауылдық округтерде жергілікті әкімшіліктің ұйымдастыруымен аймақтағы барлық еңбек ардагерлері дастарханға шақырылып, өткен – кеткенді еске алып, бір жасап қалды. Бұл игі іс-шара Балпық би ауылында және Мұқыры, Лабасы, Мұсабек ауылдық округтерінде ерекше жүзеге асуда.
Аудан әкімінің тапсырмасымен Балпық ауылдық округінің әкімі Қуат Күзбаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Нұртаева, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Айманбекова Ұлы Отан соғысы ардагері Огнев Николай Ивановичті Халықаралық қарттар күнімен арнайы құттықтап барып, сый-сыяпат жасап, гүл шоқтарын тапсырды. Айта кету керек, қазіргі таңда ауданымызда 2 ардагер тұрады. Оларға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан түрлі әлеуметтік қолдау көрсетілуде.
Ата-әжесі бар үйдің балалары да өзгеден ерек, ортасындағы ерекшелігі қариялардың ыстық алақанынан дәм татып, жауһар сөздерін саналарына сіңіріп өскендігі білінеді. Ата-дәстүр салтымыздан таймай, ескі ғұрыптармен немерелерін нағыз қазақтың салтын сақтар бабалардың жолыменен жүретін өр рухты қазақты тәрбиелеп өсіреді. Сондықтан да болар, қарты бар үйден қазақилықтың иісі аңқып тұрады.
«Қарты бар үй, қазыналы үй» деп бекер айтылмаса керек. Қарттарымыз үйдің берекесі мен мерекесі, есігіміздің ажарын кіргізіп тұратын, әр қадамымызға дұрыс жол сілтеп, ата-бабамыздан қалған нақыл сөздермен сусындатып отырады.
Ескінің көзін көрген аталарымыз мамандық алмаса да, өмірден көрген-білгенімен дәрігер де, мұғалім де, емші де бола алады. Әжелеріміздің айтқан ақылдарына мән беріп қарасаң, айтқанын орындасаң байқайсың, дәлелденген дәрігерлік нұсқаулармен пара-пар екенін. Ол кісілердің ақылымен-ақ емделіп құлан таза айығуға да болады. Кейбір насихат әңгімелерін жер жүзін жеті рет айналып шықсаң да кезіктіре алмайсың.
Қазіргі заманды техниканың заманы, ақпараттың заманы, даму, өркендеу деп жатамыз. Қазіргі таңда, күн өткен сайын білімдіміз, мықтымыз деп алып, қорғансыз қалған шағында қарияларды қарттар үйіне апарып тастай салады. Сол адамдардың ақылды, білімді, бай болғанынан не пайда, жүрегінде мейірімі болмаса. Ата-анасымен бірге ойнап-күліп бір дастархан басында емін-еркін әңгіме дүкен құрып, ақылын тыңдамағаннан соң несі байлық. Өмір сыйлап, осы күнге қаншама еңбекпен жеткізгенде, енді адам қылдым-ау дегенде, қызығын көрер шағында, жас баладай көзін жаутаңдатып қарттар үйіне алып барып, еш шімрікпестен тапсыра салады.
«Өзіне жақсы болады, жақсы қарайды» дейді. Бірақ қайдан ол қапаста ыңғайлы, тыныш өмір сүрсін. Кішкентай үйде болса да, ұлтарақтай көрпеде отырса да, өз шаңырағында, өз балаларының ортасында отырып, титтей болса да, естіген жылы сөзіне ештеңе де жетпейді. Мемлекеттің қамқорлығы, бауыр еті баласының жымиған бір күлкісін, немерелерінің «аталаған» былдырының орнын баса алмайды ғой!
Қазақылықтан танбай, ата-анамызды қадірлей білейік. Қазақта «Сиырға түскен күн, бұзауға да түседі» дейді. Еш болмағанда ертеңімізді ойлайық. Әр қазақтың баласы ата-анасынан безінетін болса, келешегіміз бұлыңғыр болмақ. Үлгілі отбасылардың өнегесін алып, өсіп-өнген ел мақтанар, қызыға қарар әулет болуға талпынайық.