
Еліміз үшін ең басты құндылық – адам өмірі болса, олардың қауіпсіздігін сақтау аса маңызды жұмыс. Осы орайда, Елордамыздың 20 жылдығы қарсаңында, «100 нақты қадам - Ұлт жоспарының» 30-шы қадамы бойынша шілденің алғашқы аптасы үш бірдей ауылда учаскелік полиция пункті ашылды. Біріншісі Қабылиса, екіншісі Алғабас, үшіншісі Мұқыры ауылдық округінде. Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы, аудан әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Рамиль Гимадиев, жергілікті полиция қызметінің басшысы Батырхан Имандосов, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Қажым Әдетбеков және ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты жиын барысында сөз алған Алмас Қабдулұлы «Елімізде ішкі тұрақтылықтың, тыныштықтың сақталуы - полиция қызметкерлерінің жұмысына байланысты. Олар кез келген уақытта адам өмірі мен қауіпсіздігі үшін күреседі. Елбасымыз тәртіп сақшылары туралы «Полицейлер – бұл азаматтардың құқығын және бостандығын қорғай отырып, қылмысқа қарсы күрес жүргізуде алдыңғы қатарда тұратын адамдар» - деген болатын. Ал, халқымызда «Ер – елінің қорғаны»,- деген аталы сөз бар. Осы жауапты міндеттерді орындауда аудандық құқық қорғау органдарының ұжымы елеулі үлес қосып келеді. Бұл сала ардагерлерінің салып кеткен сара жолын қырағы қызметкерлердің лайықты жалғастырып жатқандығы деп есептеймін. Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам бағдарламасының 30-қадамына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қауымдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылды. Жеке құрам санында 28 қызметкер бар. Оның 21-і офицер, 7-і сержант. Жергілікті полиция қызметкерлеріне халықпен етене жақын жұмыс істеу мақсатында учаскелік полиция пункттері мен тұрғын үйлер берілуде. Атап айтқанда, Мұқаншы ауылдық округінде учаскелік полиция пункті былтырғы жылы пайдалануға берілді. Бүгінгі күні Алғабас, Мұқыры, Қабылиса ауылдық округтерінде учаскелік полиция пункттерінің құрылысы бітіп, пайдалануға берілді. Айнабұлақ, Жарлыөзек, Мұсабек, Лабасы, Еңбекші ауылдық округтерінде дәл осындай нысандардың жұмыстары аяқталуда. Бұл жұмыстардың бәрі көп ұзамай-ақ өзінің тиімділігі мен пайдалылығын көрсетері сөзсіз. Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп, халқымызға қорған болған полиция қызметкерлерінің айбыны арта берсін»,- деп ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылу рәсімімен құттықтады. Одан әрі ауыл ақсақалдары сөз алып, «Тәуелсіз елдің жарқын болашағы үшін жасалып жатқан әрбір қадам нұрлы болсын», - деген тілектерін жолдады. Тұрғындар енді аудан орталығына бармай-ақ, туындаған мәселелерін ауылда шеше беретінін айтты. Әрмен қарай қазақы салтқа сай ауыл ақсақалдары бата беріп, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Қадірлі қонақтар лента кесіп «қуаныш молая түссін» деген лебіз білдірді. Учаскелік полиция пунктінің ерекшелігі – нысан мен тұрғын үй біріктіріліп салынған. Учаскелік инспектор күндіз де, түнде де жұмыс орнынан табылады. Оқыс жағдай орын алып жатса, жылдам шара қолдануға өте ыңғайлы.
Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында дәл осындай нысандардың бой көтеруі халық үшін, ел игілігі үшін жасалып жатқан игі істердің бір көрінісі. Жылдан жылға көркейіп жатқан ауданымыздың құрылысы әлі бір сәтке де тоқтаған жоқ. Әлі салына береді. Тоқтамайды. Күн сайын ауданымыздың жақсы жаңалығы осылай көбейе берсін! Алғабас ауылының тұрғыны, сыйлы ақсақалдарының бірі,жергілікті ақын Тоқдәлі Телеубаевтың қара өлеңмен өрілген ақ тілегі мақалаға тұздық болсын:
Рухани жаңғыру аясында
Ауылымыздың кәрі-жас баласына,
Тәрбиенің тірегі - көрікті үйді,
Рахмет салып берген,
Ауданымыздың әкімі Әділ Алмасыма!
Міне, бүгін ашылу салтанаты,
Қуанышты ауылдың кәрі-жасы,
Ұзағынан сүйінсін елім, жұртым,
Нұрын шашып Елбасы махаббаты.
Мың алғыс құрылысшы жігіттерге,
Көрінсін міне осылай ірі істерде,
Бай-қуатты болыңдар айналайын,
Қазақтың нар ұлдары құрыш кеуде!
Әлия ЕРЛАНҚЫЗЫ