
Өздеріңізге белгілі аудан әкімі Алмас Қабдулұлы өңірімізде атқарылып жатқан барлық жұмыстарды, ауданның тыныс-тіршілігін назардан тыс қалдырмай күн сайын жеке аралап бақылауында ұстап келеді. Күні кеше ғана өңір басшысы бір күндік жұмыс күнін, аудандағы құрылыс алаңдары мен бірқатар нысандардың жұмысымен танысуға арнады.
Жауапты сала жетекшілерімен бірге Т.Исабаев көшесіндегі Елбасының «Құтты мекен» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 50 және 20 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылысын бақылап қайтты. Нысандарды аралау барысында аудан әкімі жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысының және жолдардың орташа жөнделуіне баса назар аударып, тиісті сала мамандарына тапсырма берді.
Ескере кетсек, бұл 50 пәтерлі үйдің құрылысы 15-ші сәуірден басталған. Күрделі жұмыстары толығымен аяқталып, бүгінгі күні есік пен терезелері салынуда. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сомасы 465 миллион 950 мың теңгені құрайды. Желтоқсан айының 16 жұлдызы мерекеге орай тапсыру көзделіп отыр.
Ал, 20 пәтерлі үйдің құрылысы маусым айында басталған. Қос нысанға жауапты мердігер ЖШС «СтройСервис» ИНК компаниясының басшысы Олжас Абдилдинов бұл пәтерлер көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған.
Аталмыш компания құрылысын жүргізіп жатқан нысан, ол – 14 көшеде орналасқан «7-20-25» бағдарламасы негізінде салынып жатыр. 70 шаршы метрлік 10 үй келешекте пайдалануға беріледі.
Аудан басшысы Тазабұлақ және Мырзабек көшелеріндегі абаттандыру жұмыстарын да бақылап қайтты.
Қызылтоған ауылындағы 120 орындық мектеп құрылысы да назардан тыс қалмады. Бұл нысанға жауапты мердігер ЖШС «СП Neft» компаниясы. Бүгінгі таңда жұмыстың 42 пайызы атқарылған. Алғабас ауылынан 6 адамды және Қызылтоған ауылынан 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Компанияның бөлім басшысы Байдулла Сүйеубаевтың айтуы бойынша құрылыс нысаны келер жылы мамыр айында аяқталады.
Аудан әкімі Алмас Қабдулұлы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына септігі мол осындай серпінді жобаларды жүзеге асырып отырған кәсіп иелеріне риясыз алғысын білдіріп, сын-ескертпелер де жасады. Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған жобаларды қолдауға қашанда дайын екендігін жеткізді.