
Ағымдағы жылдың 3 қазан күні «Nur Otan» партиясының Көксу аудандық филиалында депутаттық фракция отырысы өтті.
Отырысқа облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі Ғалиасқар Сарыбаев, аудандық филиал төрағасы, аудан әкімі Алмас Әділ, Көксу аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасының бірінші орынбасары Мәлік Бейсенов және аудандық мәслихат депутаттары қатысты.
Күн тәртібінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Жиын барысында аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында аудан көлемінде атқарылған бірқатар жұмыстармен таныстырды, - «Ағымдағы жылдың 9 айында Көксу ауданының жергілікті атқарушы органдарымен барлығы 57108 қызмет көрсетілді, оның ішінде 50835 немесе 89 пайыз қызмет электронды форматта көрсетілді. 2018 жылы аталған көрсеткіш 75 пайызды құраған болатын. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкімет және әкімдерге қойылған басты міндет мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ете отырып, халықпен кері байланысты орнатуды ерекше атап өтті. Тұрғындардың алған қызметтерімен қанағаттану деңгейін арттырудың бірден бір жолы, ол халық арасында қызметтердің алу тәсілдері, реті мен мерзімі бойынша ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізу болып табылады. Осыған орай, ағымдағы жылдың 9 айында облыстық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде мақалалар, «Жетісу» телеарнасында арнайы репортаж жаңалықтар топтамасында көрсетілді. «Е-gov» электронды Үкімет порталын насихаттауға арналған 7 видеоролик түсірілді және аудан аумағында 5 билборд ілінді, 2450 брошюра таратылды. 2019 жылға арналған жоспарға сәйкес, мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көрсетілуін насихаттау және аудан тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша 28 семинар, лекциялар және 9 жәрмеңке өткізілді. Аудан аумағында барлығы 75 «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» құрылған және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Олар: ауылдық округ әкімдіктерінде – 10, бөлімдерде – 7, колледжде – 1, денсаулық сақтау мекемелерінде – 10, мектептерде – 25, мектепке дейінгі мекемелерде – 14, аудандық «Казпочта» торабында – 1, орталық кітапханада – 1, халыққа қызмет көрсету орталығында – 6. Алайда, ауданның шалғай орналасқан ауылдық елді мекендерінде интернет желісінің жоқтығынан ауданның 7 кітапханасы, 8 медпункті интернет желісіне қосылмаған. Интернет желісінің сапасының, жылдамдығының төмендігіне байланысты кейбір округтерде орналасқан «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» арқылы мемлекеттік қызметтерді алу қиынға соғуда. «Сервисный акимат» жобасы аясында, аудан әкімдігінің ғимаратында жалпы алаңы 60 шаршы метр болатын кабинеттер босатылып, арнайы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта аталған кабинетте мемлекеттік қызметтерді көрсететін мамандарды орналастыру көзделген. Қазіргі таңда ауданымызда қызмет алушыларға мемлекеттік қызметті алу барысында қолайлы жағдай туғызу бойынша өзекті мәселенің бірі – аудандық «Халыққа қызмет көрсету орталығы» орналасқан ғимарат белгіленген талаптарға сай емес. Ғимараттың кішкентай болуына байланысты қызмет алушыларға қиындықтар туғызуда. Осыған орай, Көксу ауданының құрылыс бөліміне «Халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы» нысанының жоба-сметалық құжаттамаларын дайындауға 2019 жылы 17 млн. теңге бөлініп, 2019 жылдың аяғына дейін сараптамадан өткізу тапсырылды. Сараптамадан өтіп, қаражат бөлінген жағдайда, құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталады деп жоспарлап отырмыз» - деп атап өтті.
Сонымен қатар отырыс соңында аудандық депутаттық фракцияның өткен жылдағы атқарған жұмысы туралы баяндалды.