
Қыз – жайқалған гүл. Қалай баптасаң, сондай болып өседі. Қыз-дың бойында ұят, намыс, инабат, адамгершілік, ұяңдық болуы тиіс. Қазақ ықылым заманнан қыз баласын намысым, арым, ұятым деп қадірлеген. Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Қызға артылған жауапкершіліктің салмағы ауыр. Ол - ұлттың айнасы. Сол үшін қыздар ақылды, ибалы, инабатты болуы үшін үлкен буын оларға жол көрсетіп, ақыл-кеңесімен бөлісіп отыруы керек. Ұрпақ сабақтастығының нәзік жібін үзіп алмауымыз керек.
Бұл жолы «Отан – отбасынан басталады»,- деген ұғымды бойына сіңірген, бүгінде ақ жаулықты әже Күлшаруан Сыдықбекқызы жайлы қалам сермедік.
Апамыз сонау сұрапыл екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Кербұлақ ауданының Қоғалы ауылында дүниеге келген. Ол кезде кім-кімге болсын оңай соқпағаны анық. Жастық шағы соғыстан кейінгі қайта қалыптасу, ауыр еңбекпен тұспа-тұс келеді. Әкесі Сыдықбек Дуанаев Шоқан ауылында басшы (председатель) болып қызмет атқарады. Күлшаруан Сыдықбекқызы еңбекке ерте жасынан араласып, Зылиха Тамшыбаеваның қоластында бірге қызмет атқарады. Кейін 1959 жылы 10 жылдық Қазақстан ауылына келін болып келеді. Жұбайы Ахымтай Омаров механизатор, өзі қант қызылшашысы болып жұмыс істейді. Ата - ана атанып, өмірге 3 ұл, 2 қыз әкеледі. Бұл бір отбасының тамыр жайып, енді ғана отбасылық өмірдің қалыптасып жатқан кезі еді. Кенеттен жолдасы 1967 жылы 20 сәуірде жол апатынан қаза болып, жас келін Күлшаруанның бір басына барлық ауыртпашылық түседі. Небәрі 25 жасында жесір қалып, 5 бала, 2 ене 1 атасын бағып қарау бір өзіне жүктеледі. «Егер сол кезде мемлекеттен балаларыма берілетін жәрдемақы мен ата-апаларым алатын зейнетақы болмаса, ішерге ас таба алмай қалушы едік. Күйеуім дүниеден өткен соң барлық жауапкершілікті өз мойныма алып, жұмысты да еселеп атқардым. Күндіз кешке дейін қылшаға барамын, кешке келе сала үйдің тірлігін атқарып, арасында пұл болсын деп клубтың, мектептің еденін жуып жүрдім. Сол кездерім ол кезде бітпестей көрінетін,»- деп келмеске кеткен кездерін еске алады апамыз. Барлық ғұмырын отбасына, келген әулетіне арнаған апамыздан қайта тұрмыс құру ойыңызда болмады ма деп сұрағанымда, өзге біреудің балаларыма қалай қарайтыны мені қатты алаңдатты, мен өз болашағымды бес баламмен жасауды таңдадым деп жауап берді. Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман сау қалған Күлшархан Сыдықбекқызы өмірінде кездескен қиындықтарға қасқая қарап, ата-анасынан алған тәрбиесінен сіңірген адал еңбек, маңдай термен келген бүгінгі өмірінің ең үлкен байлығы - балаларының білімді, еліне, Отанына пайдалы ұрпақ болғанын әу бастан ақ қалайды. Түзу жүруге, ешкімнің ала жібін аттамауға, еліне қызмет етуге тәрбиелейді. Соның арқасында бүгінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, өзі сол ауылда Ардақ деген ұлының қолында тұрып жатыр. Әңгімесінің соңында апамыз қазіргі таңда 5 баласынан 16 немере, 20 шөбере сүйіп отырғанын мақтанышпен айтып, өскелең ұрпаққа бейбіт елдің тыныштығын тіледі.
Әйел – әлемнің ажырамас бөлігі. Әйел – тіршіліктің бастау бұлағы. Әйел – отбасының өзегі. Әйел – шаңырақтың шамшырағы. Әйел – әдеміліктің асыл тәжі. Әйел – нәзіктіктің хас үлгісі. Әйел – Алланың ұлы аманаты. Бұл тізімді жалғастыра берсек, сөз жетпейтіні анық. Әлем әйел арқылы әдемі. Сондықтан бір әулеттің бүтіндігін сақтап бекемдеген, ауыртпалығына шыдап мойымаған Күлшархан Сыдықбекқызының қайсарлығы, қазақ халқының батырларына тән өшпес рухы өз замандастарына үлгі, кейінгі ұрпаққа өсиет болары анық.
10 жылдық Қазақстан ауылы.