
Еңбек ету қашанда береке мен ырыздықтың бастауы саналады. Дана халқымыз айтқандай еңбек еткеннің өнбегі артып, мансабы мен беделі өседі. Бүгінгі кейіпкерлеріміз Тұрсын Құтымбаев пен Жұмақыз Құлдыбаева осындай еңбекқор адамдар десек еш қателеспейміз. Жастайынан өмірдің ауыртпашылығын көрген қос қариямыз да бүгінде 80 жасқа келіп, бейнетінің зейнетін көріп, ортасына үлгі болып жүрген азаматтардың қатарында.
Халқымыз әйел-ананың қоғам өміріндегі рөлін өте жоғары санаған. Елдің елдігін, халықының даналығын, ұлдарының батырлығын, қыздарының ақылдылығын отбасы тәрбиесі, соның ішінде шаңырақтың түтінінің түзу шығуына тікелей қатысы бар жар, ананы ерекше құрметтейді. Осы орайда, Жұмақыз Құлдыбаеваның Қызылтоған ауылының ауылшаруашылығына сіңірген еңбегі орасан зор. Кішкентайынан жоқшылық пен қиыншылықты бастан кешсе де еш мойымайтын қайсар мінезі, еңбекқорлығы көпке үлгі. Өзі 1940 жылы 10 желтоқсанда Панфилов ауданы, Қоңырөлеңде дүниеге келеді. - Мен туғанда әкем соғысқа кетіпті, шешем біреудің күлін шығарып, отынын бұтап бізді 3 ұлы мен мені өсіріп жеткізді ғой. 1957 жылы қазанның 11-де Алтынемелге көшіп келдік. Сол жерде Оразалыұлы Сатылғанмен танысып, тұрмысқа шықтым. Сатылған екеуміз механизатор болдық. 1961 атамыздың туған жеріне, өз ағайын-туғандарыма елге барамыз деп Қызылтоған ауылына көшіп келдік. Келе сала Сатылған механизатор болып жұмысқа кірісті. Мен қызылша, қой қырқу науқандарында еңбек еттім,- деп өткенінен сыр шертті. Ол кездері жұмыс жасаған аға буынның еселеп еңбек еткені бәрімізге белгілі, біз жігіттер 40-50 қой қырыққанда Жұмақыз тәтеміз 70-80 қой қырқушы еді. Сол кездегі колхоз бастығы Ақболат Мырзабеков ағамыз жиналыста Сатылған мен Жұмақыз колхоздың жұмысының ілгері басуына үлкен үлес қосып жүрген адамдар, осы кісілерден үлгі алыңыздар деуші еді. Сатылған аға мен Жұмақыз тәтеміз өмірге 4 ұл, 4 қыз әкеліп, қазіргі уақытта кенже ұлы Бақытжан мен келіні Анар екеуінің қолында бақытты ғұмыр кешуде.
«Еңбек түбі береке» деген ұстанымды ұранына айналдырған жандардың бірі Құтымбаев Тұрсын ағамыз. Ол кісінің еңбекке келуіне әсер еткен жағдай үйінде жас та болса бас екенін ерте түсінгені еді. 1941 жылы қыркүйектің бірінде Қызылтоған ауылында дүниеге келген. Сол жылы әкесі соғысқа кеткенде ағамыз небәрі 3 айлық бала еді. 1947 жылы анасы қайтыс болады. Кішкентайынан әжесінің қолында тәрбиеленіп өседі. 1948 жылы бірінші сыныпқа барды. Сегіз жасынан бастап атқа, өгізге мініп жұмыс жасайды. Дөңбекпен бидай бастырып, өгіз соқаға мініп еңбекке ерте араласып кетеді. 1954 жылы 7 жылдық мектепті бітіріп, колхоздың барлық жұмысына кірісіп кетеді. Тракторға қосалқысын жалғап әр түрлі жұмыстар атқарады. 1959 жылы Көксу станциясында ашылған арнайы мектепте 1 жыл оқып, трактор, комбайн барлық маркасына механизатор мамандығын алады. Содан колхозда жұмыс жасап, техникасын меңгереді. 1962 жылдан үш жыл Томскде әскерде болады. 1965 жылы көлік жүргізушісінің оқуын оқып, колхозда комбайн жүргізуші қызметін атқарады. 1967 жылы үйленіп, өзі тракторшы, әйелі сауыншы, кейін балабақшада тәрбиешісі қызметін атқарады. Бүгінде 8 баланың әкесі. Тұрсын ағамыздың ұлдары жолын жалғап үлкен ұлы Ерлан мал шаруашылығымен, Думан көлік айдаумен аайналысады. Ержан баласы Алматыда өнер жолын таңдаса, Нұржан Семейде кәсіпкерлікке ден қойған, ал ең кенжесі Руслан Талдықорғанда ішкі істер қызметі саласында қызмет етуде. Өзіне жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқаратын Тұрсын ағамызға ауылдың адамдары бүгінде ақыл айтар қария деп сыйлап, төрден орын береді. Жас кезінде жұмыс бабымен жүргендегі жақсылықтарын жарыса айтады. Әсіресе, қиын-қыстау кездерде, қарлы борандарға қарамастан малды ауылдарға азық-түлік, малға қажетті жем-шөптерін тасып алғыстарына бөленді. Бұл еңбектері тек халықтың ғана емес, еліміздің өсіп өркендеуіне үлесін қосқаны үшін мемлекет тарапынан да қолдау тапты. Ағамыз 1 орден, 3 медальмен, сондай-ақ Бүкілодақтық кәсіподақтың Құрмет грамотасымен марапатталды. КСРО бойынша ағамыз көп бейнет көрді. Өзінің адал еңбегінің арқасында қазіргі уақытта Қызылтоған ауылының батагөйі әрі ақылшысы болып отыр.
Мәжит Ысқақұлы,
Қызылтоған ауылы.