ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ

Жер сатылмайтын болды

Санат: ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ
Уақыты: 30.03.2021
Оқылды: 1498 Печать страницы
 Жер сатылмайтын болды

     Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерге ауыл шаруашылық жерлерді сатуға және жалға беруге заң түрінде тыйым салуды тапсырған болатын. Тоқаев бұл мәлімдемені жер сатуға қойылған мораторий мерзімі аяқталар тұста, қоғамда жер сатпау туралы мәселе жиі көтеріліп жатқан кезде жасады. Ол:

       - Жер  мәселесі  маңызды.  Қазақтың  жері  шетелдіктерге сатылмайды. Бұған қатысты қауесеттерді тоқтату керек. Сондықтан мен нақты мынадай шешім қабылдадым, біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылық жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты шешім. Мен мұны  жедел түрде жүзеге  асыру  қажет  деп шештім. Президент әкімшілігі бұл мәселеге қатысты қажетті  заң жобасын әзірлеуі керек. Екіншіден, бір ай ішінде жер реформасы жөніндегі комиссия құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын, - деді Тоқаев 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында. Қасым-Жомарт Тоқаев көпті толғандырып, жүрген өзекті мәселеге нүкте қойған соң, Ендігі кезекте бұл шешімді заң жүзінде бекіту қажет. Президент бастамасын Мәжіліс депутаттары құптап отыр. «Өйткені жер – экономикалық ресурс, ол бірінші кезекте өз халқымызға игілік әкелуі керек», – дейді олар бір ауыздан.
          Президет  Қасым-Жомарт Тоқаевтың  бұл шешіміне, қазақ даласында жер емген  барлық азаматтар қуана құлақ түріп, жарыса үн қатуда. Солардың бірі Көксу аудандық мәслихатының депутаты, "Кең дала" ШҚ басшысы» Қалибек Алпысбаев. "Жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету-біздің міндетіміз!" деген ол: Жақында  Мемлекет  Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіздік бәрінен қымбат"деген мақала жариялады. Ол Қазақстанның  ауыл шаруашылығы жерлері  ешбір жағдайда шетелдіктерге сатылмайтынын мәлімдеді. Біздің  елімізде  шетелдіктерге  жер беру мәселесі әрқашан мұқият болды. Президент  шетелдіктерге ауылшаруашылық жерлерін сатуға да, жалға беруге де тыйым салып, түпкілікті нүкте қоюды ұйғарды. Қазақстан тек мұнай мен газға ғана емес, сонымен  бірге  жерге де бай екенін бәріміз білеміз. Біз - жалпы ауданы бойынша әлемдегі тоғызыншы елміз және жыртылған жері бойынша әлемдегі екінші елміз. Біздің қасиетті жеріміз-бұл ең алдымен  ата-бабаларымыз  қалдырған ең үлкен мұра мен құндылық. Біздің шексіз  даламызды  шетелдіктерге сатуға және жалға беруге  болмайды. Сондықтан мен,  шаруа қожалығының басшысы ретінде, мұндай шешімге өте қуаныштымын. Біз, қазақстандықтар, бұл  жерлерді өзіміз игеріп, ел экономикасын көтеруіміз керек. Агроөнеркәсіп секторы біздің  басты  байлық көзімізге айналуға тиіс, сондықтан біз бар күш-жігерімізбен жұмыс істеуге және өз халқымызды толық азықтандыруға ғана емес, сондай-ақ орасан пайда алып, экспортты дамытуға міндеттіміз.   Жерді   тиімді   пайдалануды  қамтамасыз ету-біздің  тікелей    міндетіміз, деді ол.

 Ауданымызға қарасты 10 жылдық Қазақстан ауылындағы  "Айдос" шаруа қожалығының иесі  Жебеген  Жақановтың пікірінше:

        - «Бұл – дұрыс шешім деп санаймын. Өз уақытында бұл мәселе көп талқыланған. Осы жолы егжей-тегжейлі, жан-жақты қаралып, тоқталған түйін  боллды деп ойлаймы. Біріншіден, жер ата-бабаларымыздан қалған аманат. Екіншіден, қазақтар ешқашан жерге жеке меншік құқығымен ие болған емес. Кейбіреулер Америка, Канада мен Еуропаны мысалға келтіріп, жерді жеке меншікке өткізуге  ынталандырады. Бұл жерде тым болмағанда  халықтың  менталитетін ескерген жөн. Бұл мемлекеттерде нені  болсын  өзіне  меншіктеп алу  менталитеті бар, ал қазақ халқы үшін жер – ортақ құндылық болып есептеледі. Сондықтан жер шетелдіктерге сатылмасын, өз халқымыз игіліктеніп, мемлекетіміз ауылшаруашылығын дамытуымызға мүмкіндіктер болады.», - дейді.  Жері байдың елі бай,

Әуелі тәңірі жерге береді,
Жерге берсе елге береді,
Елге берсе ерге береді.

Жер емген ел болады,
Жер қадірін білмеген елдің
өмірінде ырысы кем болады.

 - деген ата-бабамыз ғасырлар бойы қылышынан қан тамып, аттан түспей, атой салып қоғаған қасиетті жеріміз, табан тірер топырағымыздың,  өзгенің қолына өтіп кетуі  мемлекетке, тәуелсіздікке үлкен қауып төндірер еді. Осындай тарихи қателіктің алдын деркезінде алған Президетіміз   Қасым-Жомарт Тоқаевтың  халық алдындағы зор жауапкершілігі, жұрт ойындағы күрделі мәселенің оңды шешімі болды деуге әбден болады.

          Туған жер, отан  – әр адам үшін қастерлі де қасиетті ұғым. Туған жерге, туған елден Отан деген ұлы орда құралады. Қилы-қилы  замандар өтседе, ұлтымыздың  туған жеріне деген махабаты өшкен емес. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтылмаса керек. Әйгілі Бейбарыс баһадүрдің өзі  туған жерін сағынғанда, туған ұлысы – Дешті-Қыпшақ даласынан алдырған бір түйір жусанды иіскеп, сағынышын басқан деседі. Алыстан ата – жұртын аңсап келіп жатқан ағайындардың легі бұл күнде де жалғасын табуда. «Сақалын сипап дау шешкен» Орта жүздің биі, Қаз дауысты Қазыбек бабамыз: «Алтын ұяң – Отан қымбат... Туып өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат», - деп туған жердің қасиетін ерекше бағалап кеткен. Әр адам үшін өзінің туған жері ыстық. Әр адам үшін өз туған жерінен асқан жер жоқ. Ата – бабамыз аманаттап кеткен біздің жеріміз ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын Алтайдан Атырауға дейін, Алатаудан Арқаға дейін жалғасып жатқан кең байтақ атырап. Осынау ұлан – ғайыр даланы көзінің қарашығындай қорғау, шексіз сүю, әр тауы түгілі тасын да қастерлеу басты міндетіміз болып табылады.  

           Біздің Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Бейбітшілік пен достастықта, татулықта  бірге  жұмыла  отырып, мемлекетті көркейтуге күш салу-болашақ  алдындағы жауапкершілік.  Бірлік,  ұлтаралық келісім және саяси тұрақтылық – қазақстандықтардың қалауы.  «Отансыз адам, ормансыз бұлбұл», - деп дана халқымыз бекер айтпаған.  Себебі, адам баласы туған жерсіз, Отансыз өгейдің күнін кешеді.. Кіп-кішкентай бұлбұлдың өзі  туған  жерін  іздейді, қайғырады. Сондықтан да өз туған жерімізді, Отанымызды  қастерлеп және бағалауымыз керек! Жерді сатпақ түгілі жалғада бермей, игілігін өз халқымыз көргені ең дұрыс шешім. Сондықтан Президенттің бұл шешіміне қуана қол соғып, жарлықтың атқарылуына жұмыла кіріскеніміз абзал болмақ.

                         

                                                                          Әмина АДАЙХАН

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.