
Исатай Тайманұлының туғанына 230 жыл
Дархан даланың төсінде тұяғы тасты уатқан тұлпарды тақымдап, ұлтының азаттығы үшін отқа түскен асыл ерлер аз емес. Сан ғасырлық тарихымызға көз жүгіртсек, халқын аңсаған арманына жеткізуге талпынған талай тұлға алдыңнан атойлап шығады. Есімі елдің есінде жаңғырған баһадүр батырымыздың бірі һәм бірегейі – Исатай Тайманұлының туғанына биыл 230 жыл толып отыр.
1838 жылы Ақбұлақ өзенінің жағасындағы патша әскерімен болған шайқаста ерлікпен қаза тапқан Исатай батырдың жерленген жері – Ақтөбе облысы Қобда ауданының аумағындағы Шейітсай қорымы. Бұл дерек төңірегінде талай даудың болғаны рас. Алайда, елге белгілі тарихшылар, исатайтанушы ғалымдар мен сөз зергерлерінің соңғы пайымына сүйенсек, Исатай батырдың жерленген жері Шейітсай екені даусыз. Тарихи деректер де осыны құптайды.
2014 жылдың 20 қарашасында Исатай батыр мен ұлы Оспанға алыстан менмұндалап көрініп тұратын ақкүмбез кесене бой көтерді. «Өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды» деп қуанды күллі қазақ елі. 8 қырлы, ені 6 метр, биіктігі 11,5 метр болатын дулыға тәрізді алып кесене батыр рухын асқақтатып тұр қазір. Исатай батыр мен ұлы Оспанға арналған ескерткіш болашақ ұрпақ үшін ұлы олжа десек, артық айтқанымыз емес.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында мәні мен маңызы зор тойды атаусыз қалдыру – елдігімізге сын болатыны сөзсіз. Тайманұлы Исатай батыр да тәуелсіздікке ұмтылған, азаттықты аңсаған халықтың ұлы перзенті еді. Әлемді әбігерге салған індет болмаса, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс туралы деректер жинақталған Санкт-Петербург, Мәскеу, Астрахан және басқа қалалардағы архивтерге ғылыми экспедиция ұйымдастырып, еліміздің әр өңірінде, білім ордаларында «Исатай Тайманұлы – азаттық жолындағы күрескер» атты тақырыпта мәдени-көпшілік шаралар өткізілсе, әрине, өнегелі болар еді. Батыр есімі қайта жаңғырар еді. Сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептердің 7 сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» оқулықтарында Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс төңірегіндегі көптеген олқылықтардың бар екенін тарихшы ғалымдар жоққа шығармайды. Осы мәселенің шешімін табуда Білім және ғылым министрлігі шара қолданса нұр үстіне нұр болатын еді.
Елінің еркіндігін аңсаған Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы туралы тарихи-танымдық, ғылыми кітаптар шығару, жаңадан деректі фильмдер түсіріп, олардың ерлігін күллі елге паш ету – ұрпақ парызы. Сонымен қатар, батыр бабамыздың 230 жылдығы қарсаңында «Халық батыры – Исатай Тайманұлы» атындағы марапаттар тағайындауға, батыр кесенесіне әр өңірден тарихи-мәдени экспедиция ұйымдастырылса, тарихын таныған жастар кемелденбесе, кемімейтіні сөзсіз.
Таудан мұнартып ұшқан тарланым,
Саған ұсынсам қолым жетер ме,
Арызым айтсам өтер ме?
Арыстаным, көп болды – ау
Саған да менің арманым!
Кермиығым, кербезім!
Керіскедей шандозым – деп марғасқа ақын Махамбет Өтемісұлы Исатайдың қолбасшылығын, кемеңгерлігін, даралығы мен даналығын сипаттай келе:
Арыстан еді – ау Исатай!
Бұл фәнидің жүзінде
Арыстан одан кім өткен?!-деп қайғыра жоқтайды. Жан серігі Махамбет жырға қосқан Исатай туралы сөз қозғалса ең әуелі ойымызға осы бір жолдар оралатыны сөзсіз… Оның өршіл рухы, халқы үшін жанын құрбан еткен өжеттілігі қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де, тарих парағынан сызылып қалған жоқ. Керісінше, қайтадан жаңғырып, жаңаша парасатты тұрпаты сипатталды.
«Екі ғасыр алмасып, заманның, қоғамның, адамның танымы ауысқан шақта Исатайдың тарихи тұлғалығын насихаттаудың мақсаты қандай? деуіңіз мүмкін. Әрине, бұл ғасыр білімнің, ғылымның, өркениеттің заманы… Дегенмен, ұлттың батырлық болмысы кез-келген салада, кез келген істе керек-ақ. Қазіргі заманда батырлық жалған намыс пен біреуге залал келтіруге емес, ел мен жердің келешегін пайымдауға, оның ғылымы мен білімі үшін қажет. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Исатайдың өршіл, батыр да батыл, елін сүйген алып Жүрегі, Рухы бізге және бізден кейінгі ұрпақ үшін керек екені даусыз.
Айгүл Айманбекова
аудан мәслихатының
депутаты.