ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ

Көз көрген ауыл ағасы

Санат: ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ
Уақыты: 25.08.2021
Оқылды: 839 Печать страницы
Көз көрген ауыл ағасы

Ауыл әрбір қазақ баласы үшін киелі мекен, қастерлі ұғым. Мөлдіреген бұлағының суына шөлің қанып, керемет саф ауасы мен көкжиектің шегі жетпес даласында қанша ойнасаң да құмарың қанбайды. Елге қызмет етіп, егде тартып есейген сайын өткеніңе көз жүгіртіп, айналаңа қарайлай түседі екенсің. Өзім осы Қызылтоған ауылында өсіп ер жеттім. Ауылда үлгі тұтар азаматтардың бірі марқұм Иемберген Рысбеков еді. Өзі қарапайым, сұңғақ бойлы, тұлғалық келбеті келісті жігіт ағасы еді. Алғабас колхозында көлік жүргізуші болып қызмет атқарды. Өз ісіне тиянақты болатын. Тіпті облыстан келген адамдар жоғары лауазымды кісі ме деп жататын. Бірде сондай оқиға болды. Зоотехникті іздеп келген облыс атқамінерлері амандасқан күйі шаруасын айтып бастайды. Өздері шофермен сөйлесіп тұрғандарын Иемберген ағамыз өзін таныстырғанда ғана ұғынады. Сондай талай қызықты оқиғаларды бастан кешкен. Біз үшін Иемберген ағаның киген киімі  тап таза үтіктелген жейдесі мен  шалбарының қырына деиін санамызда әлі күнге дейін жатталып қалды. Ағамыздың адамгершілік қасиеті, үлкенге құрметі мен кішіге ізеті әрбір ауыл баласы үшін үлгі еді. Бірде жол бойында жаяу келе жатқан мені көлігіне мінгізіп алды да ауданға алып барды. Сонда сүт өткізуге барған екен. Мені асханаға кіргізіп бірге тамақтандық, қайтар жолда дүкеннен жейде сатып алып берді. Өзім сырттай тамсанып жүрген ағаммен бірге жүргенде төбем көкке бір елі жетпей қалды. Елу жылда ел жаңа демекші, адам қанша өмір сүргенімен емес, жасаған игі амалдарымен мәңгі жасайды десек артық айтқандық емес. Небәрі 40 жыл өмір сүрсе де артында көзін көрген біздер, ұрпағы қалды. Ағамыздың санаулы ғұмырын саналы өткізгеніне жанымыз жайланады. Егер тірі болғанда жомарт жүректі талай істерінің куәсі болар едік, 85 жасын тойлатып отырушы едік. Ағамызға қарап бой түзедік, алғысымыз ретінде балаларына да дұрыс бағыт-бағдар беріп отырамыз. Бірлік бар жерде тірлік бар. Үйдегі жеңгеміз Қаншайым Рысбекова көзі ашық, көкірегі ояу жандардың бірегейі еді. Қашан барып қалсам да кітап оқып отыратын. Өзі сауыншы болып жүріп, ағам дүниеден өткен соң екеуінен тараған 10 баланы қанаттыға қақтырмай бағып қақты, жоғары білім алуына бар күшін салып, балалары қазір қоғамның әртүрлі саласында абыройлы қызмет етуде. Өзіне берілген істерді артығымен орындап, депутаттыққа сайланды, ел ісіне араласып, ауданымыздың өсіп өркен жаюуына өз үлестерін қосты. Еліміз егемендік алған қазіргі бейбіт заманда ұл-қыздары Тәуелсіз еліміздің қалыптасу жолында қызмет атқаруда. Қоғамның ең басты байлығы адам десек, адамның ең үлкен байлығы еліне еткен қызметі. Тәрбиелі отбасыдан тәрбиелі ұрпақ тарайды. Мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін қызмет ететін адамдардың еңбегі қашан да биік, мәртебесі жоғары. Салиқалы отбасыларымыз көбінен болғай.

Мәжит ЫСҚАҚҰЛЫ,
Қызылтоған ауылы.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.