Жетісу облысындағы негізгі экономикалық өсу нүктелерінің бірі – Қорғас торабы. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі дамытудың маңызды элементі, әрі объектілер кластері болып отыр. Атап айтқанда, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында 2023 жылдан бастап 2,2 миллионнан астам адамға қызмет көрсетіліп, 36,3 мың тонна жүк тасымалданған. Осы ретте Панфилов ауданының шекаралық маңда орналасуы ауданның инвестициялық тартымдылығына және дамуына оң ықпал етеді. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездесуі барысында айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- Аудан – Қытаймен шекаралас жатқан аймақ болғандықтан, инвестициялық жағынан тартымды өңір. Жыл басынан аудан экономикасына 14,9% өсіммен 28,8 млрд. теңге инвестиция тартылса, соның
59,1%-ы немесе 17 млрд. теңгесі бюджеттен тыс инвестицияға тиесілі. Бүгінгі күні биылғы жылға жоспарланған 12 жобаның 9-ы жүзеге асырылды, - деп атап өтті Б. Исабаев.
Өңір басшысының айтуынша, облыстағы сауда-саттық пен туризмді дамыту көздерінің бірі «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы болып отыр. Онда 2023 жылдан бері 2,2 миллионнан астам адамға қызмет көрсетіліп, 36,3 мың тонна жүк тасымалданған. 2028 жылға дейін «Қорғас» ШЫХО аумағында 245 млрд. теңгеге 33 жобаны іске асырып, оларда 5 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда.
«Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын дамыту шаралары да қолға алынуда. Онда 51 млрд. теңгеге екі мыңға жуық жұмыс орнын құратын 21 жоба іске асырылды. 2027 жылдың соңына дейін 44 жобаны іске асырудың арқасында тағы 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Осыған орай Бейбіт Исабаев жаңа жобаларға қажетті мамандар даярлау жұмыстарын қазірден қолға алып, оған жергілікті жастарды көптеп тартуды тапсырды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жетісу облысында кезең-кезеңімен газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Көгілдір отын шекаралық аймақ - Панфилов ауданына да жетті. Атап айтқанда, бүгінгі күні аудан орталығы Жаркент қаласында 7 206 абонент немесе 65%-ы газға қосылған. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан халқымен кездесуі барысында белгілі болды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жалпы Панфилов ауданында 42 елді мекеннің 26-сы газдандыруға жатады.
- Қазіргі таңда Жаркент қаласында, Головацкий және Жерұйық ауылдарында газға қосылу құнының бастапқы 50 мың теңгесін төлеп, қалған бөлігін 10 айға бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Қазандықты тұрғындар өз қаражаты есебінен сатып алады. Сонымен қатар бүгінгі күні 13 ауылға құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалды. Бұл ауылдар - Нәдек, Әулиеағаш, Ақжазық, Ақарал, Ават, Ынтымақ, Сұптай, Сарпылдақ, Қырыққұдық, Ақкент, Керімағаш, Қызылжиде, Аққұдық. Жұмыстар 2025 жылы жүргізіледі, - деді өңір басшысы Б. Исабаев.
Тағы 12 елді мекен, яғни Жиделі, Талды, Алтыүй, Үшарал, Үлкеншыған, Шолақай, Атамекен, Еңбекші, Көктал, Кішішыған, Қорғас, Алмалы ауылдары бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сараптаманың қорытындысы алдағы қараша айында шығады деп жоспарланып отыр.
Осы жобаларды іске асырғаннан кейін ауданның 118 мың тұрғыны немесе 91%-ы 2026 жылы табиғи газға қол жеткізе алады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілші: Жеңіс Ысқабай