Құрметті Көксу ауданының тұрғындары мен қонақтары!
Сіздерді Тәуелсіздігіміздің бастауы болған ұлы күн, ұлттық мереке – Республика күнімен Көксу ауданы әкімдігінің атынан шын жүректен құттықтаймын!
25 қазан – қазақ халқы үшін тарихи күн. 1991 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болды. Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын бұл күн қазақ халқының мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы, ата-бабаларымыз аңсаған арманының жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған күн.
Тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры саналатын Республика күнінің маңызы зор. Халқымыз үшін аса қастерлі, ең ұлық мереке.
Сондықтан да біз үшін бұл мереке егемен ел болып ірге қалауымыздың белгісіне айналған тарихи күнді, ұлттық рухымыздың қайта түлеген сәтін еске салатын ерекше сипатқа ие.
Елдің даму көшінде Көксулықтардың да өзіндік орны бар. Аудан тұрғындарының ерен еңбектерінің нәтижесінде өңіріміздің экономикасы да дамып келеді. Әр салада жаңашыл бастамалар мен игілікті істер жүйелі жалғасын табуда.
Ауданымыз айтулы мерекені үлкен жетістіктермен қарсы алғалы отыр. Биыл құрылғанына 80 жыл толып отырған Көксу ауданының халқы да ел егемендігін баянды ету жолында тер төгіп келеді. Ауданымыз тынымсыз еңбектің, алдағы күнге деген сенімнің арқасында дамудың даңғыл жолына түсті.
Жалпы Көксу ауданы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілетін 50 жалгерлік жеке тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мерекеге орай, Мұқыры ауылының дәрігерлік амбулаториясы ашылып, ауылдарға табиғи газ беріліп, Жарлыөзек, Балпық би ауылдарында тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 14 баспана берілді.
Құрметті жерлестер!
Осынау тарихи мәні терең мерекемен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін. Аспанымыз ашық, іргеміз бүтін, халқымыздың ынтымақ-бірлігі әрқашан бекем болып, арта берсін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!
Халелов Дәулет Кенжеханұлы,
Көксу ауданының әкімі.