
Жетісу облысында азаматтық қорғаныс жүйесін көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайларды жоюға дайындау және халық пен аумақтарды су тасқыны қаупі кезінде қорғау бағытындағы іс-қимылдарды пысықтау мақсатында «Көктем – 2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтіп жатыр. Оқу-жаттығу аясында барлық аудан мен қалада су басу қаупі жоғары учаскелерде практикалық шаралар өткізілуде. Жаттығу барысында қорғаныс нысандарын нығайтуға және су тасқыны жағдайына дайындыққа ерекше назар аударылуда. Су тасқынына қарсы оқу-жаттығу шарасына аудандардың азаматтық қорғаныс қызметтері мен Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы және инженерлік техникасы жұмылдырылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қаратал ауданы Тастөбе ауылының маңында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынына облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев арнайы барып, тиісті қызметтер мен инженерлік техниканың жеке құрамын тексерді.
Мәселен, Тастөбе ауылындағы мектеп базасында 40 орынға есептелген, алдағы уақытта 300-ге дейін кеңейтілуге мүмкіндігі бар эвакуациялық пункт ұйымдастырылған. Мұнда ТЖ кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету үшін асхана мен медициналық пункт қарастырылған.
Сол сияқты Тастөбе ауылының маңына Қаратал өзенінің арнасын нығайту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
«Қазіргі кезде осы учаскеде үйінді бөгет салу және өзеннің жағалау сызығын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Көктемгі кезеңде су деңгейі көтерілген жағдайда бұл шаралар жағаның бұзылуына жол бермейді және ауылды су басудан сақтайды. Бұл жұмысқа 40 арнайы техника мен 85 адам жұмылдырылды. Жұмыс аяқталуға жақын», - деді Жетісу облысы ТЖД бастығының орынбасары Игорь Жуков.
Көктемде су тасу қаупі бар өзендердің бірі - Көксу ауданындағы Мұқаншы өзені. Осы күні оқу-жаттығу аясында өзеннің сол жақ жағалауын шамамен ұзындығы 150 метрге дейін нығайту, дамбының қорғаныс функцияларын қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. Сол сияқты Көксу ауданы Балпық би ауылында тұратын қарт адамдар мен көп балалы аналардың аулаларында қар шығарылып, су өткізу құбырлары мен арық желілері тазаланып, ретке келтірілді.
«Көксу ауданы бойынша су тасқыны қаупіне дайындық аясында 21 қабылдау пункті бар, олар 5150 адамды қабылдай алады. Бүгінгі оқу-жаттығу шараларына 28 техника мен 84 адам тартылды», - деді Көксу аудандық ТЖБ бастығы Манат Тұрымов.
Осы орайда Төтенше жағдайлар мамандары облыс тұрғындарын үйлерінің маңындағы арық желілері мен құбыр өткелдерін тазартып, судың еркін өтуін қамтамасыз ету арқылы су тасқынының алдын алу шараларына атсалысуға шақырады. Бұл шаралар тасқынның алдын алуға және тұрғындар үйлерінің қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі.
Жалпы Жетісу облысында төтенше жағдай болған жағдайда тұрғындарды қабылдайтын 235 эвакуациялық пункт бар.
Еске салсақ, «Көктем - 2025» РКШО шарасы кеше басталған, бүгін, яғни 7 ақпанда аяқталады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотоcуреттерді «Бастау» газетінің редакциясы мен Жетісу облысы ТЖД ұсынды.