Жеңістің 80 жылдығына орай Текелі қалалық кітапханасының №2 филиалында «Жүректегі естеліктер» тақырыбында мектеп оқушыларына арналған тағылымды іс-шара өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға Ұлы Отан соғысының тарихын таныту, жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеу, оларға ерлік пен батырлықтың мәнін ұғындыру.
Кітапханашылар Нұрсәуле Махамбетова мен Әсел Байділдаева алдымен оқушыларға Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы, қан майдандағы ата-бабаларымыз көрсеткен ерліктің үлгісі, тылдағы еңбеккерлердің жеңісті жақындатуға қосқан үлесі жайлы баяндап, сұрақ-жауап сайысына көшті. «Жүректегі естеліктер» деп айдар тағылған 20 сұраққа жауап берген ұл-қыздар Ұлы Отан соғысының батырлары Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Қасым Қайсенов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметованың өмірі мен ерлік жолы жайлы тереңірек біле түсті.
«Отан үшін отқа түскен батырлардың жауынгерлік ерліктері туралы тарихи деректер, көркем шығармалар, деректі, көркем фильмдер көп. Сол ерлік рухты жаңғыртып, естеліктерді сақтау, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлердің рухына тағзым ету – жастардың парызы», – деген Ә.Байділдаева оқушылардың сұрақ-жауап сайысына ықылас қойып, белсене қатысқанын атап өтті. Мұндай іс-шаралар ұрпақ санасына отаншылдық, елге, жерге деген сүйіспеншілік сәулесін таратып, патриот жастардың жігерін жани түсетіні сөзсіз.