ЖАҢАЛЫҚТАР

Тарихтан тағылым - ерлікке тағзым

Санат: ЖАҢАЛЫҚТАР
Уақыты: 22.04.2025
Оқылды: 82 Печать страницы

Тарихтан тағылым - ерлікке тағзым

       Қоғамымыздың дамуы үшін аянбай еңбек еткен Ұлы Отан Соғысының майданында болып, соғыстың қатерлі күндерінен өткен, қиындықтардың азабын шеккен, барлық кедергілерді жеңе білген, соғысқада қатысып, еңбекпенде ер атанған, жастардың рухыни жетекшісі бола білген Молдабергенов Қаймолданың өмір жолы өнегеге тұрарлық.

      Қаймолда Молдабергеновтың еліне, жеріне сіңірген ерең еңбегі, атқарған қызметі, Отанына деген деген сүйіспеншілігін, бүгінгі ұрпаққа қалдырған еңбегінің нәтижесін, өмірінің өнегелі тұстарын баяндау, еске түсіру сәті, Жеңістің 80 жылдығына және Талдықорған қант комбинатының іске қосылуының 90 жылдығына орай келіп тұр.

     Қаймолда жеңіл өнеркәсіп саласында Жетісуда қант қызылшасын өсіру, оны өңдеу, одан қант шығару өндірісінің маманы. 30 жыл өзі негізін қалаған Талдықорған қант комбинатының директоры болған тұлға.

      Молдабергенов Қаймолда Көксу ауданы, Кеңарал ауылында 1908 жылы өмірге келген.

      Әкесі Молдабергеннен, анасы Тұнықтан 5 ұл, 2 қыз тараған, ұлдардың кішісі болып, қарапайым жан ұядан шыққан.

      Қаймолда балалық шағында мал бағумен айналысып, еңбекке ерте араласқан. 1924 жылы байларға тәркілеу жасалғаннан кейін есін жиып ауыл мектебінде оқып,             7 жылдық білімді 1930 жылы алған, келешекке деген талпынысын сол кезде байқаған.

       1932 жылы Талдықорған қант заводын салу құрылысы басталысымен осы құрылысқа жұмысшы болып қабылданған. Бұл бір өте ауыр кезең, коллективизация жүріп жатқан уақыт болатын. Байлар мен байсымақтар қарсылық көрсетіп, завод салуға бір уақыттары кедергі болып, мінездерін көрсетіп бас көтерген. Осының бәріне қарамай құрылысшылар жартылай аштыққа, малярияға ілінседе құрылысты тоқтатпай бастап кеткен.

      Қаймолда осы заводтың фундаменті құйылғаннан бастап іске қосылғанша жұмысшылар қатарында болып, басында жәй жұмысшы, одан кейін бригадир, экспедитор болып, адал еңбегінің арқасында жұмысшылар кәсіподағы ұйымының  басшысы болады.

      1932 жылы заводтың салынуы басталады. Завод салыну үшін заводқа керек құрал- сайман техника Украиынадан поездбен Түлкіліге (Көксу) станциясына 2 ай мерзімде жетеді. Ол кезде автокөлік жоқ кез. Құрал - жабдықтар Көксу станциясынан Кировск ауылына өгіз және ат арбалармен тасылды. Осындай жауапты істі басқару 24 жастағы жас жігіт Қаймолдаға тапсырылған еді. Жаста болса ұйымдастыру қабілетін көрсетіп, келген сайман жарақтардың бәрін кедергілерге қарамай уақытынан бұрын өз орнына жеткізгені үшін, тапсырманы бұлжытпай орындағаны үшін Молдабергенов Қаймолдаға Кеңес Одағының тамақ өнеркәсібі Министрінің Құрмет грамотасы табысталады. Завод құрылысының қарқыны үдей түсіп, қажырлы еңбектің арқасында Көксу өзені жағасындағы заводтың құрылысы жоспарланған 1936 жылы емес 1934 жылы күзде аяқталады.

      С.М. Киров жолдас 1934 жылдың жаңбырлы қыркүйек айында заводтың дайындығын тексеруге келеді. Заводтың жүруіне, қосылуына кедергі келтіріп тұрған 3 бу машинаға арналған қажетті 3 белдіктің жоқтығы анықталады. Осыны білген С.М. Киров Ленинградқа жедел телеграмма жіберіп, белдіктерді 28 сағат ішінде самолетпен алдыртады. Самолет келгенше, ұшақ қонатын алаң дайындалады.

      Қаймолдаға Кировпен кездесіп, сұхбаттасу сәті туады және ол азаматтың аузынан жылы сөздр естіп, қуаттанады «Сізден мықты тұлғаны бізге келгені бір бақыт, оны біз сездік. Сіз тағы келіңіз, біз заводтың қуаттылығын арттырамыз» деген екен. «Мен тағы келем» деп айтқан екен Серей Миронович. Бірақ қай адам дегеніне жеткен. Киров небары 5 – ай өмірі қалғанын қайдан білсін. Белгілі революционер Ленинрад обкомының бірінші хатшысын қас жаулар атып кетеді, Киров содан қаза болады.

       С.М. Кировты бір көрседе қант заводының жұмысшылары бұл қайғылы хабар жеткен соң өз заводтарын Киров есімімен аталуына ұсыныс жасаған. Кейіннен завод орналасқан жұмысшылар  поселкасына, жалпы ауданға да, Киров есімі берілген. Ауданның Киров ауданы деп аталу хикаясы осылай.

       Уақыт өте керекті қызылша өнімі қағатқа жиналып қалады және завод дайындығы бітіп, жауапты сәт жетіп, завод іске қосылып, қант шығаруға кіріседі. Заводтың жаңа шығарған құм шекерінің қуанышы салтанатты есте қалардай өткізіледі. Ерекше еңбектерімен көзге түскен құрылысшыларға бағалы сыилықтар тағайындалады. Заманына сай костюмге, көйлектерге арналған мақталы бұлдар, бұйымдар, қалталы сағаттар, 3 велосипед сыйға тартылады. Бірінші қант складқа жиналмай жиналған жұртқа таратылады. Бір килограмдық бәтестен жасалған қапшықтарға қант салынып, жұмысшыларға, сырттан келген жұртқа тегін беріледі. Әрі заводқа  сиқыр қант шығаратын машиналарды қызығып, көргісі келген азаматтарға қайта шыққандарында сыйға тегін қант таратылады.Күмәнмен келіп, көрген соң ризашылықпен қайтқан халық көп болады, өстіп 1934 жылдың күзінде қант шыға бастады.

       Қант заводының салынуына, оның іске қосылуына көп іскер азаматтар, жұмысшылар қатысты.  Қант өндіру ісіне зор үлес қосқан заводтың бірінші директоры   С.Селиванов партячейканың секретары В.Костенко, инженер И.Лихачев, заводтың құрал- саймандарын сонау Украинадан жеткізіп,  құрастыруына қатысқан К.Павлич, құрылыстың басынан бастап соңына дейін басында жүрген Қ.Молдабергенов, бүкіл өмірін заводтың алаңында өкізген білгір маман. Қазақ ССР Жоғарғы Совет депутаты Т.Қалдарбековтың еңбектерін бағалап, есте сақтап, кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде жеткізуіміз бұл үлкен іске тән үлгі өсиет.

       1937 жылы Қаймолда Молдабергенов партия қатарына қабылданады, осы өңірдегі алғашқы коммунистердің бірі болып саналады.

      1938 жылы 8 айлық қант заводтарының директорлар курсын Украинаның Киев қаласында тәмамдайды.

      1939-1940 жылдары Мәскеудің жеңіл өнеркәсіп академиясын бітіреді.

      1941-1943 жылдары Мерке қант заводында директордың орынбасары болып қызмет атқарады. Осы жылдары ауыл шаруашылық институтының 2 жылдық курсын бітіреді.

      1943-1946 жылдары Кеңес Армиясының қатарында міндетін атқарып, артиллерия полкының саяси жетекшісі қызметін атқарады.

      Соғыстан кейін Жеңістің куәгері болып қайтадан еңбекке оралып, қант өндірісінің технологиясының білгірі, қант өндірудің үлкен маманы екені ойға алынып, 1946-1948 жылдары Қарабұлақ қант заводының директоры болып тағайындалады.

      1948 жылдың тамыз айында Талдықорған қант комбинатының директоры болып қызметке келеді. Осы қызметте үзіліссіз 30 жыл 1978 жылға дейін еңбек етеді, бұдан кейін біраз жыл директордың кеңесшісі, жұмысшылар кәсіподағы комитетінің басқарушысы болып жұмыс атқарады.

       Қаймолда жүрегіне кір жұқтырмаған, жан дүниесі таза адал да абыройлы, қоғамға, еліне шын жүректен еңбек еткен нар тұлға бола білді. Ол кісі алдына келген жай жұмысшыларға керекті көмегін беріп,  қол астындағы қызметкерлерге, жас мамандарға дер кезінде ақыл кеңесін айтып, өмірден үйренген тәжірибесін қоғамда іске асыра білген қайраткер еді.

      Молдабергенов Қаймолда тәрбие алған шәкірттері әр салада үлкен қызметтер атқара білді. Еңбек жолын қант заводының бөлімшесінде агроном болып бастаған Ақымбеков Серік мырза ауданның, облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы болып, Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарды. Қойшыбаев Мырзалы заводтың бас агрономынан ауданымыздың 23 партсъезд совхозының директоры болды. Рахымбеков Дәулет Қарабұлақ қант заводының директоры, Нусипов Темирхан директордың орынбасарынан Андреев ауданы, Саратов, Комсомол совхозының директоры болып қызмет атқарды.

       Пак Анатолий парткомның секретарынан Ақсу қант заводының директоры қызметін атқарған жандар.

       Қаймолда Молдабергенов қант комбинатымен қатар қант қызылшасын өсіретін және мал шаруашылығымен айналысатын бірінші және екінші совхоз бөлімшелерін, қазіргі Ақшатоған, Теректі елді мекендерін бірге басқарды.

       Бірінші бөлімшеде қызылшаның өсіру технологиялық әдістерін қолданып, 2 жылда тұқым өнімін беретін  аналық тұқымын кондициясына жеткізіп, қызылшаның тұқымын шығарып, себуге дейінгі дәрежеге жеткізіп, қызылша себетін шаруашылықтарға таратып отырды, көрші Қырғыстандыда тұқыммен қанағаттандыратын. Екінші бөлімшеде яғни, Теректі ауылында ауыр еңбекті қажет ететін сала мал шаруашылығын оның ішінде сүт өнімін өндіріп оны молайту жолында сиыр тұқымын асылдандыруды жолға қойды. Малды асылдандыратын ферма жұмыс істеді, соның нәтижесінде сүт өнімі арттырылды. Әрбір сиырдан орташа сүт сауу деңгейі бойынша республикада алдыңғы қатарда болды. Ауыр жүк таситын жылқылар және жеңіл шабатын аттар асыралды, өз автопаркі, ат қорасы болды.

      Қант заводының 20 гектар өз бауы бақшасы, алма, өрік ағаштары, жүзім плантациясы өнім беріп тұрды, өнімдері арзан бағамен өз жұмысшыларына үлестірілетін.

      Қазіргі  М.Сеңгірбаев атындағы демалыс саябағын  комсомол жастарының күшімен  стахановшы И.Лижачевтың басшылығымен қамыс басқан жерде рет ретімен жоспарға сай ағаштар отырғызылып, парк аумағы салынды. Паркте жер-ана монументі, би алаңы, жазғы кинотеатр, асхана, бильярд залы жұмыс істеп тұрды, орталықта қысқы клуб, кітапхана болды.

      Өскелең ұрпаққа арналып бала бақша салынып тәрбие берілді, стадион, өз спорт алаңыдары, түрлі спорт секциялары жұмыс істеді.

      Жұмысшылар баспанамен қамтамасыз етіліп тұрды. Кировскінің өркендеуіне , қалыптасуына комбинат тарапынан көп үлес қосылды.

      Балпық би, Теректі, Ақшатоған ауылдарындағы екі кавртиралық үйлер бұрынғы еңбектің ескерткіші болып қалыптасып тұр. Сол уақытта бой көтерген Балпық би, Қабанбай, Мырзабеков, Жалайыр көшелері сәнді түзу көшелердің санында.

      Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбектенген завод жұмысшылары неше дүркін бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы атанды.

      Қаймолда Молдабергенов аудандық, облыстық кеңестің депутаты болып, бірнеше мәрте сайланды, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды, көптеген грамоталармен, медальдармен, II – дәрежелі Отан Соғысы Орденімен, Октябрь революциясы Орденімен, Совет Одағының жоғарғы наградасы Ленин Орденімен марапатталған. 1968 жылы Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген тамақ өнеркәсібі қызметкері атағын алды. Талдықорған облыстық комитетінің қаулысымен облыстық еңбек даңқы кітабына жазылды. Балпық би кентінде Қ.Молдабергенов атындағы көше бар.

      Қаймолда Жетісу өңірінде ұзақ жыл қызмет атқарған, өзінің еңбекқорлығымен, білім парасатымен, жайдарлы мінезімен көзге көріне білді. Зерделі басшы, озық технологияның ұтымды тәсілдерін дер кезінде пайдаланды. Өзекті мәселелерді одақтық, республикалық, облыстық басшыларының алдына қоя білді, дұрыс шешімге қол жеткізе білетін басшы болды.

      Інісі, досы-Ленин колхозының бастығы Жылқайдар Егінбаевтың өлең жолдары Қаймолдаға деген үлкен құрметтің айғағы: Жылқайдар Қазақ ССР ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер, белгілі қоғам қайраткері.

      Баласы Жетісудың қадірменді

      Көкем де алпыс жеті жасқа келді

      Ұзақ жыл еңбек етіп Отанына

      Өмірдің ауыр жеңіл бәрін көрді

      Завод жақта бұл жерде не бар еді

      Дейді ғой батпақты жер көгал еді

      Он сегіз мың халқы бар қала болды

      Қанша өзгерді десеңші содан бері

      Емес пе барлығыңа өзің куә

      Соңынан өттің өмір жалын қия

      Көксу жағасына қала орнады

      Ұрпаққа осы емеспе салған ұя

      Осының барлығында көзбен көрдік

      Мінекей алпыс жеті жасқа келдің

      Еңбектен қажымаған қадірлі аға

      Әлде жүзге дейін жасай бергін

      Қырық жыл еңбек еттің туған жерде

      Бұл құрмет лайықты-ау Сіздей Ерге

      Баянды қызметтің арқасында

      Жарқырап Ордендерің тұр кеудеңде

      Құттықтап келіп отыр Алыбаев Әрекеңде

      Тілек айтты деп Орал, бәрекелді

      Кім қартаймас тіршілік өмір барда

      Қарт адамды құрметтеу сән екен де

      Молдаберген Қаймолданың халық үшін ел үшін атқарған еңбектері өз дәрежесінде бағаланса ұрпаққа өнеге болары хақ. Тарихта есімі аталып жүрген тұлғаның, қоғам қайраткерінің ел сүйіспеншілігіне бөленген соғыс және еңбек ардагерінің игі істері, есімі ұмытылмай аталып жүрсе, жұртшылықтың, қоғамның ризашылығына бөленер ме еді.

      Қант комбинатының іске қосылуына 90 жыл болуына байланысты осы салаға зор еңбегін, өмірін арнаған Молдабергенов Қаймолдаға бір қайтарым іс болар деген түзу ой бар. Есімі бір ауылға, бір мекемеге берілседе артық болмас еді.

      Қаймолда отбасында үлгілі отағасы бола білді. Жұбайы Фархинұр екеуі өмір жолын бірге бастап, өмірдің ыстығын да суығын да бірге көрді. Фархинұр ерінің қызметте өсуіне жеткен жетістіктеріне қосқан үлесі зор. Екеуі 1 қыз, 3 ұл өсіріп, тәрбие беріп жеткізді. Олар Отанымыздың дамуына еңбек етіп, әр салаларда қызметтер атқарды, немере, шөберелері өсіп жатыр.

      Молдабергенов Қаймолда 1992 жылы 84 жасында дүниеден өтті. Марқұммен қоштасу рәсімі халықтың сұрауы бойынша Балпық би ауылының мәдениет үйінің           2-ші қабатында өтіп, мәйіті сол жерге қойылды. Елдің құрметіне бөленген тұлғаның мәңгілік сапарға аттануы қимастық жағдайда өтіп, қаралы митинг бір сағаттай уақытқа созылды. Қоштасуға қант комбинатының азаматтары, Балпық бидің, ауданның көп ұлтты жұртшылығы жиналып қатысты. Қаралы митинг осындай атмосферада өтті. Бұл ерекше адамға деген құрмет, ерекше жанға деген ілтипат, қошемет еді. Ол ерекше жан Молдабергенов Қаймолда еді.

    

Ауданның Құрметті азаматы

Қожабергенов Қожабек

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.