ЖАҢАЛЫҚТАР

КӘСІПТІК БІЛІМ САПАЛЫ БЕРІЛЕДІ

Санат: ЖАҢАЛЫҚТАР
Уақыты: 29.04.2025
Оқылды: 8 Печать страницы
КӘСІПТІК БІЛІМ САПАЛЫ БЕРІЛЕДІ

Биыл Жетісу өңіріндегі 11 колледжде 14 жаңа мамандық ашылады. Ол үшін білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын жабдықтауға облыстық бюджеттен 488 млн. теңге бөлінген. Игілікті іс алдағы оқу жылынан бастап қолға алынғалы отыр. Енді аймақтағы оқу орындары нарық сұранысына қарай өңдеу өнеркәсібі, энергетика, ауылшаруашылығы және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларына маман даярлайды. Осы ретте Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Талдықорғандағы бірнеше орта кәсіптік білім беру мекемесіне пресс-тур ұйымдастырылды. 

Талдықорған жоғары медициналық колледжінде 1300 студент 9 мамандық бойынша білім алады. Мұнда 78 оқу кабинеті бар. Оның  54-і тәжірибелік мақсатта ашылған. Заманауи білім ордасында жастардың алаңсыз оқып, медициналық білімін жетілдіруге барлық жағдай жасалған. Мұнда виртуалды шындық аппараты, 3D форматындағы интерактивті тақталар бар. Білімгерлер онда көрсетілген бейнелерді емін-еркін зерттеп, тәжірибе жинайды. Виртуалды шындық аппараты арқылы түрлі жағдайға тап болған науқастың өмірін сақтап қалу үшін іс жүзінде көмек көрсете алады. 

– Біз мұнда практикалық тұрғыда 100% білім алып жатырмыз. Себебі, колледжімізде заман талабына сай жабдықталған кабинеттер бар. Бастысы, білікті, өз жұмысының қыр-сырын жетік меңгерген мамандар сабақ береді. Мамандығым алғашқы көмек көрсету болғандықтан  іс жүзінде тәжірибе жинау аса маңызды екенін білемін. Осындағы студенттерге колледжде де, ауруханаларда да тәжірибеден өтуге мүмкіндік берілген, – дейді  Талдықорған жоғары медициналық колледжінің студенті Зарина Пак. 

Бүгінде оқу орны «Емдеу ісі», «Акушер ісі», «Мейіргер ісі», «Қолданбалы бакалавр», «Массажист», «Медициналық профилактикалық іс», «Зертханалық диагностика», «Стоматология», «Фармация»  мамандықтары бойынша маман дайындауда. Тәжірибелік мақсатта 51 мекемемен келісімшартқа отырған. 

– Бұрын бізде тәжірибеге қарапайым муляждар қолданылатын. Қазір жасанды интеллектің көмегімен муляждардың күрделі түрлерін пайдаланамыз. Біз облыстағы практикалық денсаулық сақтау жүйесіне сапалы даярлық жүргізудеміз. Яғни, біздің түлектеріміз Жетісу облысының барлық медициналық мекемелерінде лайықты жұмыс істей алады, – дейді Талдықорған жоғары медициналық колледжінің директоры Серік Жансеңгіров. 

Талдықорған сервис және технология колледжінде өткен жылдан бері дизайн мамандығы оқытылып келеді. Аз ғана уақыт ішінде білімгерлер өздері киім тігіп, тапсырыс қабылдай бастаған. Олардың еңбектеріне сұраныс жоғары. Сондай-ақ, мұнда келер оқу жылында  тағы бір жаңа мамандық ашылмақ. Ол азық-түлік өнімдерінің технологы, яғни тамақ өнімдерінің сапасына жауап беретін маман. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 29 млн. теңге бөлініп отыр. Жаңа мамандықтың ашылуы білім алушылар үшін үлкен мүмкіндік болмақ. 

Жалпы оқу ордасында 500-ден астам студент «Шаштараз», «Аспаз», «Тігін өндірісі», «Киімдерді үлгілеу» және «Дизайн» мамандықтарында білім алуда. 

– Әр адам өзінің ісін жақсы көріп, бар ықыласын соған аударып әрекет еткенде ғана үлкен жетістіктерге жетеді. Тігін тігу менің бала күнімнен армандаған жұмысым. Колледж қабырғасына келгелі бері ұстаздарымыздан көп істің мән-жайын біліп, тігін өнерінің қыр-сырын меңгерудемін. Оқуға, тәжірибе жинауға қолайлы жағдай жасаған үлкендерге алғысым шексіз, – дейді Талдықорған сервис және технология колледжінің студенті Әмина Саду. 

Бұл оқу ордасында 60 педагог қызмет етеді. Олардың ықпалымен шәкірттері ел көлемінде жетістіктерге жетіп, білім ошағының атын шығарып жүрген жайлары бар. Республикалық Master Skills кәсіби шеберлік чемпионатында 2021 жылы «Сән технологиясы» аталымы бойынша күміс медаль, 2022 жылы «Кондитерлік іс» аталымы бойынша «Үздік маман», 2023 жылы «Аспаз ісі» аталымы бойынша «Үздік маман», 2024 жылы «Шаштараз өнері» аталымы бойынша қола медаль, «Сән технологиясы» аталымы бойынша қола медаль жеңіп алды. 

Колледжде барлығы 18 шеберхана,  22 оқу кабинет, 200 орынды мәжіліс зал, спорт зал, 1 ашық спорт алаңы, 200 орынды асхана, кітапхана бар. Білім алушылар толықтай тегін тамақпен қамтылған. 

Білім ордаларында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сұранысқа ие мамандықтар көптеп ашылуда. Мәселен, Талдықорған индустриялық колледжінің базасында өткен жылы апатты қалпына келтіру жұмыстарының слесары кәсібі ашылды. Биыл «Металл өңдеуші» мамандығы оқытылмақ. Ол үшін 98 млн. теңгеден астам қаражат бөлінген. 

– Талдықорған индустриялық колледжі 1935 жылы құрылған. Биыл 90 жылдық мерейтойды атап өтпекпіз. Ауылшаруашылығы мен кәсіпорындарға білімді мамандар даярлап жатқан жайымыз бар. 2021 жылы «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша «Жас маман» жобасына қатысып, 307 млн. теңгеге жабдықтар алынып, «Құзыреттілік орталығы»  ашылды. Онда алынған құрал-жабдықтар өңірде жоқ деп айтсам болады. Бізге басқа оқу орындарынан да келіп тәжірибе алатындар бар, – дейді Талдықорған индустриялық колледжінің директоры Әсет Жұмаділов. 

Әзірге оқу орнында 500-ге жуық студент 7 мамандық бойынша білім алады. Соның бірі слесарлық іс саласының 1-ші курс студенті Виктор Жуков. 

– Біздің колледждің материалдық базасы жаңа жабдықтармен қамтылған. Тәжірибелік сабақтан көптеген дүниелерді үйренудеміз. Мысалы, мен көлік қозғалтқышы, оның түрлі механизмдерін толық меңгеріп алдым. Болашақта өз салам бойынша жұмыс істеуге деген құлшынысым айрықша артып келеді, – деді ол. 

Талдықорған индустриялық колледжі 2025-2026 оқу жылында «Фрезерлеуші» мамандығын ашуды жоспарлап отыр. Ол үшін бюджеттен  98 млн. теңгедан астам қаражат бөлінеді. 

Медет ЖҰМАБАЙ

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.