
Кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында облыстық кәсіпкерлер палатасы Талдықорған қаласындағы 2 мектептің 9-сынып оқушыларына кәсіпорындардың жұмысын көрсетті.
Оқушылардың кәсіпорындарға баруы «жұмысшы мамандықтар жылына» орай ұйымдастырылды. Жасөспірімдер Талдықорған қаласындағы «JLC Сүт» ЖШС мен «ТК Метакон» ЖШС-індегі жұмысты көрді. Сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорынның отандық нарықта өз орны бар. Балалар әр цехты аралап, сүт өңдеуден бастап, өнім дайындауға дейінгі жұмыстармен танысты. Олар бұл жердегі тіршілікке қызыға қарап, мамандарға сұрақтарын қойып, жауап алды.
Бұдан әрі оқушылар «ТК Метакон»ЖШС ірі өндірістік компаниясына барды. Кәсіпорын электржелілік, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс қажеттіліктеріне арналған металл мен құрылыс конструкцияларын, металл бұйымдарын өндіруге маманданған. Мұндағы жұмысты серіктестік қызметкері Алена Федоренко көрсетіп, өндіріс істерінің қалай атқарылатыны туралы әңгімеледі.
– Кәсіпорынды аралау кезінде балалар металлургия мен құрылыстағы жаңа технологиялардың қалай жұмыс істейтінін, өндіріс үдерісінде жоғары технологиялық әдістердің қалай қолданылатынын көріп, білді, – деді Алена Федоренко.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев мұндай іс-шаралардың жасөспірімдер үшін маңызды екенін сөз етті. Оның айтуынша, жоғары сынып оқушыларының кәсіпорынға барып, ондағы тыныс-тіршілікпен жақын танысуы олардың мамандық таңдауына септігін тигізбек. Сондай-ақ, бұл таңдалған салада қандай дағдылар мен білім қажет екенін түсінуге, жұмыс жағдайымен жақын танысуға, болашағын сенімді бағдарлауға көмегін тигізбек.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА,
Талдықорған қаласы