ЖАҢАЛЫҚТАР

«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы іске қосылды

Санат: ЖАҢАЛЫҚТАР
Уақыты: 29.04.2025
Оқылды: 9 Печать страницы
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы іске қосылды

Биыл жұмысшы мамандықтары жылы. Сондықтан оларға қолдау көрсетіп, ыңғайлы жағдай жасау басты міндет. Әсіресе, еңбек адамдарының баспаналы болуына көмектесу кезек күттірмейтін мәселе.

Бұл туралы «Отбасы банк» облыстық филиалының директоры Жасұлан Құрманғалиев пен аталған банктегі бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Булегенов айтып берді. Сондай-ақ, тілшілер сұрағына да жауап қайтарды. Белгілі болғандай, отбасы банк 17 наурызда «Наурыз жұмыскер» бағдарламасын іске қосып, өтінім қабылдауды бастайды. Ол банк бөлімшелерінде өтеді. Бұл жұмысты жүзеге асыру үшін банк 72 миллиард теңге қаражат бөлмек. Нәтижесінде 2 440 жұмысшы мамандық иелері тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік алады. Банк қызметкерлері қолжетімді несие шарттарын жан-жақты түсіндіру үшін жыл басынан 350-ге жуық кәсіпорын еңбеккерлерімен кездесу өткізген. 

ШАРТТАРЫ

Пайыздық мөлшерлеме. «Наурыз жұмыскер»  бағдарламасы бойынша ипотека 9%-бен (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 9,4%-дан 13%-ға дейін) беріледі. Ал әлеуметтік осал санатқа жататындарға 7%-бен ұсынылады. 

Бастапқы жарна. Таза әрлеудегі дайын пәтер сатып алғысы келетіндер 10% алғашқы жарна жинауы керек. Ал жөндеу жұмыстары жоқ, жаңа салынған үйлер мен қайталама нарықтан баспана алатындар кемі 20% бастапқы жарна құюы шарт.

Ең жоғары сома. Бағдарлама аясында облыстардағы тұрғын үйлерден пәтер сатып алуға 30 миллион теңге ипотекалық несие беріледі. Ал Астана мен Алматы қалалары үшін – 36 миллион теңге. 

КІМДЕР ҚАТЫСА АЛАДЫ?

Осыған дейін жұмысшыларды қолдау аса маңызды салаларда анықталған. Олар өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, көлік, су және ауылшаруашылығы. Осыған сүйене отырып банк жоғарыда аталған салаларға жататын экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінен (ЭҚЖЖ) 1 143 қызмет түрін таңдап алды. ЭҚЖЖ – бұл елдегі кәсіпкерлік қызметтің барлық түрінің тізімі. Ол компанияның немесе кәсіп-орынның қай салада жұмыс істейтінін немесе сататынын, өндіретінін, қандай қызмет көрсететінін анықтайды. Мысалы, өнеркәсіп саласы кәсіпорындарындағы ЭҚЖЖ-ға шойын және металл құю, станоктар өндірісі, өнеркәсіптік машиналар мен жабдықтарды монтаждау, орнату, тағы басқалары кіреді. Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне сәйкес барлығы 7 секция іріктеледі. Осының аясында банк ұлттық кәсіп жіктеуішінен 8 230 жұмысшы мамандығын анықтаған. Егер «Наурыз жұмыскер» бағытына қатысуға үміткер қызметі іріктелген 7 секцияға жататын кәсіпорында немесе компанияда жұмыс істесе және қызметі банк айқындаған кәсіпке жататын болса, онда ол бағдарламаға қатысуға өтінім бере алады.
 

ӨТІНІМ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАНАДЫ?

Өтінім беру үшін жұмыс орнынан анықтама әкелу қажет. Анықтамада ЭҚЖЖ және үміткердің кәсібі көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ, несиелік өтінім беру үшін жеке басын куәландыратын құжат, кәмелетке толмаған балалардың туу туралы куәлігі, неке қию (бұзу) туралы куәлік, өтінім берушіде және оның отбасы мүшелерінде меншік құқығындағы жылжымайтын мүліктің (оның ішінде ортақ бірлескен меншіктің) болуы немесе болмауы туралы анықтама керек. Қажет болған жағдайда банк ішкі талаптарға сәйкес басқа да құжаттарды сұратуы мүмкін.

ҮМІТКЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАП 

Отбасы банкінде депозитке ие болу. Депозит мерзімі маңызды емес, оны өтінім берер алдында ашуға болады. Сондай-ақ, отбасы банкіндегі жинақ шотында кемінде 2 миллион теңге болу керек. Соманы бағдарламаға қатысуға өтініш берер алдында бір реттік төлеммен салуға болады. Соңғы 5 жыл ішінде өтініш берушінің өзі мен оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үй болмауы тиіс.   

Отбасы мүшелеріне – күйеуі, әйелі және олардың кәмелетке толмаған балалары жатады. Егер үйленбеген адам болса оның тұрғын үйінің жоқтығы тексеріледі. Соңғы 6 айда ресми табысы болуы шарт. Бұл ретте анықтама берілген жұмыс орнынан аударылған, кемінде соңғы 3 айдағы міндетті зейнетақы жарналары болуы тиіс. 

Аталған бағдарлама бағытының басты айырмашылығы – ол конкурссыз және балл есептелмей жүзеге асырылады. Қолжетімді заемдарды банк филиалына жүгінгендер және төлем қабілеттілігін растағандар алады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.