
Темір жол қызметі көптеген түрлі мамандықтармен байланысты. Теміржолшылар арасында инженерлер, машинистер, диспетчерлер, вагон құраушылар, электромеханиктер, жолсеріктер, кезекшілер, қабылдап-жөнелту, тағы басқа толып жатқан кәсіп иелерін кездестіресіз. Солардың соңғыларының бірімен халықаралық «Алтынкөл» стансасында таныстық. Ол белгілі бағытқа вагондарды қабылдап-жөнелтуші Асылбек Сейдахмет болатын.
Асылбектің айтуынша жүк тиелген вагондарды қабылдап алып, жолға аттандыру өте маңызды, күрделі жұмыс. Ол вагонға тиелген құрал-жабдықтардың қауіпсіздігі мен ерекшелігіне қарай орналастыру жағдайын да қадағалайды.
– Бұл саналы, білікті, қарулы ер азаматтар ғана мүлтіксіз атқара алатын қиын да күрделі іс. Қабылдап алып, жөнелтіушілер вагон тиісті бағытқа белгіленген уақытта аттандырылуына және темір жол қатынасының бірқалыпты қауіпсіз діттеген жерге жетуіне жауап беретін маңызды мамандық. Терминалда немесе стансада жүк тиелген вагондарды қабылдап алып, жөнелтерде әр вагонды өте мұқият тексеріп шығып, жүк тиеу мен түсіруге байланысты барлық операцияларының дәлдігін қамтамасыз етіп, қажетті құжаттарды толтырамын. Жөнелтілетін жүк туралы, пайдаланылатын поезд туралы барлық ақпаратты білуге тиіспін. Өйткені қабылдау мен жүк жөнелту өте қырағылықты қажет ететін жауапты міндет. Қауіпсіздік шараларын сақтай отырып қалыптасқан тәртіппен жұмыс жасауға әдеттенгенмін, – дейді Асылбек.
Вагондарды қабылдап-жөнелтушінің міндеттері аз емес екен. Тиелген жүктерді тексеру мен есепке алудан басқа жүкпен бірге баратын құжаттарды сапалы рәсімдеуді, жүктің вагондарға дұрыс бөлініп, тиелуін және тауардың түріне қарай орналастырылуында ол темір жол стансаның басқа салаларының қызметкерлерімен тығыз байланысты үйлестіруге міндетті. Жеке басының жауапкершілігі мен тыңғылықты ісінің нәтижесінде үш жылғы еңбек тәжірибесі нәтижесіз болған жоқ. Оның алаңсыз еңбек етуіне отбасы да демеуші. Қазір ол «Алтынкөл» халықаралық теміржол стансасының білді, білікті қызметкерлерінің бірі.
– Жұмысыңның нәтижелі болуы жанұяңдағы татулық пен түсіністікке де байланысты, – дейді Асылбек. – Бұл тұрғыда отбасым арқа сүйер асыл діңгегім іспетті. Сондықтан жанұяда жарыммен сырласып, балаларымның тәрбиесіне көңіл бөліп, бос уақытымды тиімді өткізуге, отбасыммен бірге серуен құруға ерекше назар аударамын. Спортпен шұғылдану мен қызықты кітаптар оқу да сүйікті машығым.
Ол жұмыстан бос уақытының басым бөлігін жаттығу залында, табиғат аясында өткізуге құмар. Техника тілін жетік білгендіктен қолы бос болса көмек сұрап келген достары мен ағайынның автокөлігін жөндеп бере салу оған қиын емес. Оның осы елгезектігі өмірде көп біліп, тіршілікте тегеурінді қарекет жасауына септігі тиіп жатады.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ