
Алакөл ауданының Бұлақты ауылында туып-өскен Владимир Кочетков бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болар азаматтың бірі. Ұлты орыс болғанымен өмір салты мен дүниетанымы қазақ халқына тән. Тілге, ділге, дәстүрге деген шынайы құрметі оның болмысынан анық сезіледі.
Владимир қазақ тілін жетік меңгерген, тіпті тұрмыс-тіршілігінде қазақша сөйлейтін отбасылардың қатарында. Оның айтуынша, бала күнінен қазақы ортада өскендіктен бұл тіл оған жат болмаған.
– Тілді білу – бір ұлттың жүрегін түсіну деген сөз. Қазақтың тілі арқылы оның болмысын, рухын, намысын таныдым. Мен үшін бұл тек қарым-қатынас құралы емес, өмір сүру тәсілі, – дейді ол.
Владимирдің қазақ халқына жақындығы тек тілмен ғана шектелмейді. Ұлттық ойындар мен дәстүрлі өнерге де етене араласқан азамат. Әсіресе, жылқыға деген қызығушылығы мен құштарлығы бала күнінен басталған. Атқа мініп шапқан сайын өзін еркін сезінетінін айтады. Бұл оның табиғатпен етене байланыста екенін көрсетеді.
Көкпар Владимирдің жүрегінің төрінен орын алған ұлттық ойын. Ат құлағында ойнап, көкпар додасында қарсыластарымен иық тіресе додаға түсетін ол жас болса да талай сайыста тәжірибе жинап, шеберлік танытқан. Ауыл, аудан көлеміндегі көкпарға тұрақты қатысып жүр. Әр ойында қайсар мінез көрсетіп, қарсыласынан қаймықпайтын қасиеті көпшілікті тәнті еткен.
– Көкпар – ер жігіттің жігері сыналатын, рухы шыңдалатын арена. Бұл тек ойын емес, нағыз тәрбие мектебі. Ат үстінде жүріп төзімділікке, ептілікке, батылдыққа үйренесің, – дейді Владимир.
Көпұлтты Қазақстанның бірлігі мен ынтымағы осындай жандар арқылы көрініс табады. Владимирдің бойындағы ұлтқа деген құрмет, тілге деген махаббат, дәстүрге деген адалдық – бүгінгі жастарға үлгі боларлық қасиет.
Қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, төл мәдениетін төрге оздырып жүрген Кочетковтай азаматтар ел болашағының жарқын кепілі. Ұлттық болмысты сақтап қалу үшін осындай жанашыр жастар ауадай қажет. Владимирдің арманы алда республикалық деңгейдегі көкпар жарыстарына қатысып, ел намысын қорғау. Сол жолда еңбектеніп, дайындалып жүр.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ