2025 жылғы 2 мамырда AMANAT партиясының депутаттары «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Көксу ауданына қарасты Бесқайнар ауылдық округінде әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына арнайы рейд өткізді.
Рейдтің басты мақсаты — мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және оларға арналған инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін тексеру болды. Іс-шара барысында ауылдағы мекемелердің мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделуі — атап айтқанда, пандустардың, арнайы белгілердің, шақыру құрылғыларының және бейімделген санитарлық тораптардың бар-жоғы — жіті назарға алынды.
Бұл рейд AMANAT партиясының инклюзивті орта қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырып отырғанын көрсетеді. Алдағы уақытта анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты шаралар қабылданатыны мәлімделді.