
Астана қаласы әкімдігінің «Қанаттылар» инклюзивті театры Талдықорған қаласына гастрольдік сапармен келді. Театр репертуарындағы ерекше әрі мағыналы қойылымдар көрермендерге ұсынылады.
Гастрольдік бағдарлама аясында: Ермаханова Ақботаның «Екі тағдыр – бір өмір» автобиографиялық драмасы, Әлібек Файзуллиннің «Үй таңдаған лақ» ертегісі және Серік Жүзбайдың «Өмір-ғайып» мелодрамасы сахналанады. Қойылымдар Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы қазақ драма театры сахнасында өтеді.
«Қанаттылар» театрының мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар талантты жандарды қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту, қоғамдағы инклюзивті мәдениетті нығайту. Театр сахнасындағы әр қойылым өмірдің мәні, адам тағдыры, таңдау еркіндігі секілді терең философиялық мәселелерді көтереді.
Гастрольдік сапардың басты мұраты – өнер арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы орнын айшықтап, олардың өмірге және өнерге деген құштарлығын кеңінен таныту. Сонымен қатар, бұл бастама өңірлерде ерекше жандарға арналған өнер ұжымдарының құрылуына серпін беруді көздейді.