
Манура Сыдықова Текелі кәсіптік колледжін бітіріп, «Текелі энергокешені» ЖШС-де бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика бойынша слесарь жұмысын атқарды. 2 жыл ішінде ол өзін жауапты қызметкер ретінде көрсете білді. Кәсіпорын басшылығы да оның еңбегін бағалайды. Манураның айтуынша, ол бала кезінен ер баланың ойыншықтарымен ойнағанды жақсы көріпті. Өсе келе электр құрылғыларына қызығушылығы оянған. Кейін мамандық таңдаған кезде слесарь болуды көздейді.
Сөйтіп, «Текелі энергокешені» ЖШС-де өндірістік тәжірибеден өтіп, диплом алғаннан кейін осы кәсіпорынға оралады.
– Біз елімізде Манура сияқты жас мамандардың бар екенін мақтан тұтамыз. Олар мұндай маңызды салаларды үлкен жауапкершілікпен атқарады әрі дамытады. Оның таңдауы бүгінде өте дұрыс шешім деп санаймын. Бұл жұмысшы мамандықтары, сондай-ақ, өте бағалы әрі құрметке ие екенінің айқын дәлелі. Бүгінде осындай адамдардың өмір жолын кеңінен насихаттау өте маңызды. Өйткені, мұндай жандардың соңында еңбек, ұмтылыс және аймақ экономикасын өркендетуге қосқан үлесі жатыр,– дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев.
Осы уақытқа дейін ол өзінің мамандық таңдаудан қателеспегеніне қуанады. Өндірістік дағдыларын да одан әрі шыңдауға ниетті. Ерлер ұжымында өз орны бар және құрметке ие Манура Сыдықованың бүгінгі жұмысы бала күнгі арманды қалай сәтті іске асыруға болатынын аңғартады. Осыдан-ақ, жақсы маманның қай салада болсын әрдайым сұранысқа ие екенін байқаймыз. Ал техникалық мамандықтар өсу мен дамуға кең жол ашады.
А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Текелі қаласы