
Жетісу облысында биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 215 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Тергеу өндірісінде 130 қылмыстық іс аяқталып, оның 122-сі сотқа жолданды.
2024 жылдан бастап енгізілген «Anti-fraud» жүйесі аясында облыс аумағында барлығы 2 431 инцидент тіркелді, оның ішінде 1 620-сы – алаяқтық фактілері бойынша. Қабылданған үйлестіру шараларының нәтижесінде жалпы сомасы 117,1 миллион теңге бұғатталды, оның ішінде 12,2 миллион теңге интернет-алаяқтық бойынша, және бұл қаражат толық көлемде жәбірленушілерге қайтарылды.
Халық арасында алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында Киберқылмыспен күрес басқармасы Департамент аппараты және қалалық полиция бөлімшелерімен бірлесіп апта сайын түсіндіру шараларын өткізуде. Бұл жұмыстарға «Жас қыран» студенттік жасағы, «Lider KZ» еріктілері және «Қос Қанат Жетісу» қоғамдық бірлестігі белсенді қатысып келеді. QR-код арқылы бейнематериалдарға қол жеткізу мүмкіндігін қарастыратын жаңа үлгідегі профилактикалық брошюралар әзірленді. Ағымдағы жылдың 5 айында қоғамдық орындарда шамамен 85 мың ақпараттық жадынама таратылды.
Аймақта ақпараттық технологиялар көмегімен жасалатын құқықбұзушылықтарға қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында екі рет республикалық «Anti-fraud» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді. Аталған іс-шаралар барысында кезекші тәулікте 3 қылмыс ашылып, сондай-ақ бұған дейін жасалған 74 қылмыс әшкереленді.