ЖАҢАЛЫҚТАР

«AMANAT»: Жетісу облысында екі жаңа денсаулық сақтау нысаны ашылды

Санат: ЖАҢАЛЫҚТАР
Уақыты: 27.06.2025
Оқылды: 28 Печать страницы
«AMANAT»: Жетісу облысында екі жаңа денсаулық сақтау нысаны ашылды



  Ауылдағы өмір сапасын жақсарту – ел дамуындағы басты басымдықтардың бірі. Бұл бағытта «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы нақты істермен жүзеге асуда. Соның жарқын мысалы – Жетісу облысының Ескелді және Көксу аудандарында жаңа денсаулық сақтау нысандарының ашылуы.

  Ескелді ауданына қарасты Шымыр ауылында 2129 тұрғынға арналған жаңа дәрігерлік амбулатория есігін айқара ашты. Бұл – ауыл халқы үшін аса маңызды оқиға. Бұған дейін тұрғындар медициналық қызмет алу үшін аудан орталығына немесе жақын елді мекендерге баруға мәжбүр болатын. Енді олар алғашқы медициналық-санитариялық көмек, шұғыл және кезек күттірмейтін жәрдем, зертханалық диагностика, сондай-ақ профилактикалық егу қызметтерін өз ауылында ала алады.

  Ашылу рәсіміне Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов қатысып, медициналық инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде ауыл медицинасы – халықтың денсаулығы мен өмір сапасының негізі екенін айтып, осындай нысандардың көбеюі ел ертеңіне салынған инвестиция екенін жеткізді.

  Көксу ауданының Қызылтоған ауылында ашылған ФАП 430 тұрғынға қызмет көрсетуге бағытталған. Ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін екі орта буын медициналық қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар аптасына бір-екі рет амбулаториядан келетін дәрігер науқастарды қабылдайды. Бұл – ауыл тұрғындарының денсаулығын бақылауда ұстауға және ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
ФАП-тың негізгі қызметтері – санитариялық-медициналық алғашқы көмек көрсету, аурулардың алдын алу, скринингтік бағдарламаларды жүргізу, жүкті әйелдер мен балаларға патронаж жасау, вакцинация жүргізу сынды маңызды бағыттарды қамтиды.

  Бұл медициналық нысандардың іске қосылуы – ауылдағы денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «медицина – халықтың әл-ауқатының кепілі», ал сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігі – азаматтардың негізгі құқықтарының бірі.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.