
Жетісу облысында табиғи монополиялар саласындағы тарифтер мен қызмет сапасына қатысты алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы жарияланды. Бұл бағыттағы жұмысты ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңірлік департаменті үйлестіріп отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында бұл жобалар тұрғындарға сапалы әрі тұрақты қызмет көрсетуге бағытталған.
Халықпен кері байланыс та нығая түсті: жыл басынан бері 64 өтініш түсіп, оның 40-ы қаралып, 17-сі бойынша нақты шешім қабылданды. Сондай-ақ тұтынушыларға 44,5 млн теңге көлемінде өтемақы төленді.
Екі мекеме бойынша заңбұзушылық анықталып, жалпы сомасы 9,4 млн теңгеге айыппұл салынды. Табиғи монополия субъектілеріне қатысты бес мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Бүгінде облыста су, жылу, жарық, газ және кірме жол қызметін көрсететін 44 мекеме жұмыс істейді. Жарты жыл ішінде олардың 60 тарифтік өтінімі қаралды, оның ішінде 24-і кері қайтарылып, толықтыруға жіберілді. Сонымен қатар, үш ірі инвестициялық бағдарлама мақұлданып, тариф құрамына қажетті қаражат енгізілді.
Атап айтқанда: «Жетісу су құбыры» мекемесі 40 млн теңге инвестиция алып, ескі су құбырларының тозуын 65%-дан 64%-ға дейін төмендетуді көздеп отыр; «ТАЭТК» АҚ электр желілерін жаңғырту үшін 1,8 млрд теңгеден астам қаражат бағыттап, тасымалдау тарифін 1,99 теңгеге көтеріп, жалпы 13,64 теңгеге бекітті. Талдықорған қаласының коммуналдық желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі - электр, су және канализация жүйелерін жаңарту жобалары тариф есебінен қаржыландырылып отыр.